«Армандадым» әні шыққалы бері әлеуметтік желіде мыңдаған видео түсірілді. Бір жылдың ішінде YouTube-та 25 миллион қаралым жинаған туынды әсіресе жас жұптардың үйлену тойында билейтін сүйікті әніне айналды. Хиттің орындаушысы Ілияс Қабдырай әннің қалай жазылғанын, Әмремен қалай дуэт айтқанын және жеке өмірі туралы эксклюзив сұхбат берді.
«Бұл ән халыққа өтетінін сездім»
Ілияс Қабдырай «Армандадым» әні мұндай деңгейде танымал болады деп күтпегенін айтады. Дегенмен әнді алғаш тыңдаған сәттен-ақ оның ерекше туынды екенін сезген.
Ән YouTube-ке шыққаннан кейін бір ай болмай жатып 1 миллион қаралым жинады. Сол кезде қатты қуандым. Бірақ бір жылдың ішінде 25 миллион қаралым болады деп ойламадым. Бұл әннің болашағы зор екенін іштей сездім. Халықтың жүрегінен орын алғанына қатты қуанамын, – дейді әнші.
Ілиястың айтуынша, әннің хитке айналғанын ол ең алдымен TikTok-тан байқаған. Әлеуметтік желіде адамдар күніне мыңдаған видео түсірген.
Бір жерге тамақтануға барсам да, дүкенге кірсем де осы ән қосылып тұратын. Кейде адамдар танып қалып, жаныма келіп суретке түседі. Сол кезде іштей қатты қуанасың, – дейді ол.
Қазір «Армандадым» әсіресе жас жұптардың сүйікті әніне айналған. Көпшілік бұл әнмен үйлену тойында алғашқы вальсін билейді.
Бұл ән – әдемі, вальске арналғандай. Әуені де, сөзі де сондай нәзік, – дейді Ілияс.
«Әннің сөзін Ілияс болашақ жарын кездестірсін деген ниетпен жаздым»
«Армандадым» – Ілиястың алтыншы әні. Әннің дүниеге келуіне оның жақын достары – композитор Бердіхан Қаныбеков пен ақын Саят Рахымжан себеп болған. Бұған дейін олар Ілиястың алғашқы хиті «Саған ғана» әнін де шығарған.
Саят пен Ілияс студент кезден араласқан. Екеуі Қазақ ұлттық өнер университетінде бірге білім алды. Ілияс актер мамандығында білім алса, Саят дәстүрлі ән бөлімінде оқыған.
Ілияс бір күні маған «әнші болғым келеді» деп айтты. Жақын досым болғаннан кейін қолдауға тырыстым. Сөйтіп «Саған ғана» әні дүниеге келді. Бұл Ілиястың алғашқы жақсы тыңдалған әні болды, – дейді Саят Рахымжан.
Ал «Армандадым» әнінің сөздері Бурабайға бара жатқан жолда туған.
Ілияс Бердіхан Қаныбековтің демо нұсқасын алып келіп, «осы әнге сөз жазуға қалай қарайсың?» деп сұрады. Тыңдаған сәтте-ақ бұл ән хит болады дедім. Кейін «Бурабайға барып келейік, жолда сенің әніңе сөз жазамын» деп ұсыныс жасадым. Сөйтіп жолда келе жатқанда әннің сөздері ойыма келді, – дейді ақын.
Саяттың айтуынша, ән нақты бір адамға арналмаған. Бірақ мәтіннің астарында ерекше тілек болған.
Аффирмация деген нәрсе бар ғой. Адам кейде тағдырын сөзімен шақырады. «Келешек өмірім мен ғұмырымды саған арнадым» деген сөздер арқылы Ілияс болашақ жарын тауып алсын деген ниет болды, – дейді ол.
Ақын әннің мұндай деңгейде танымал боларына басынан-ақ сенгенін айтады.
Бұл әннің әдемі дүние екенін демо нұсқасынан-ақ білдім, – дейді Саят.
«Әмре бірден қолдады»
Бастапқыда «Армандадым» Ілиястың жеке әні ретінде жоспарланған. Бірақ кейін оған Әмре де қосылған.
Саяттың айтуынша, Ілияс TikTok-қа әннің үзіндісін салғанда оны алғашқылардың бірі болып Әмре байқап қалған.
Әмре «осы әнді Ілияспен бірге айтайыншы» деп хабарласты. Кейін екеуі келісіп, бірге орындайтын болды. Мен қатты қуандым, – дейді ол.
Ал Ілиястың айтуынша, олар Әмремен өнерден бұрын футбол арқылы танысқан.
Астанада бірге футбол ойнаймыз. Әмре менің «Саған ғана» әнімді қатты жақсы көреді. Тіпті Алматыдағы концертіне шақырып, бірге орындадық. Кейін мен оған «осындай ән бар, бірге шырқайық» деп ұсыныс жасадым. Бір жақсы дүние шығатынына сендім. Әмре бірден қолдады, – дейді әнші.
«Қанша тыңдасам да жалықпаймын»
Ілияс «Армандадым» әнінің халыққа жақын болуына ең алдымен сөзі мен әуені әсер етті деп ойлайды. Оның айтуынша, бұл ән өзіне де ерекше ыстық.
Ән сөзімен, әуенімен баурады деп ойлаймын. Бұл туынды өзіме де қатты ұнайды. Қанша тыңдасам да жалықпаймын. Мүмкін 25 миллион қаралымды өзім тыңдап жинаған шығармын, – дейді ол күліп.
Қазір Ілиясты тойларға да ара-тұра шақырып тұрады. Әншінің айтуынша, бағасы да аса қымбат емес.
Астанадан басқа қалаларға шамамен 600-700 мың теңге аламын. Астананың ішінде 200-300 мың теңге. Негізі қатып қалған баға жоқ. Кейде адамдар жағдайын айтып, жеңілдік сұрап жатады. Қолымнан келсе, көмектесуге тырысамын, – дейді әнші.
Қарағандыдан Астанаға арман қуып келген жігіт
Бүгінде Ілиястың репертуарында тоғыз ән бар. Бірақ өзі үшін ең ерекшесі – халыққа кең таралған алғашқы хиті «Саған ғана».
Әнші Қарағанды қаласында дүниеге келген. Отбасында әкесі Нұриден, анасы Айдын, қарындасы Сабина және інісі Алдияр бар. Өзі – үйдің үлкені.
Қарапайым отбасынан шыққанмын, – дейді ол.
Әкесі банк саласында еңбек етсе, анасы журналист болып жұмыс істейді. Ілиястың айтуынша, өнерге келуіне ата-анасы үлкен әсер еткен.
Жастайымнан мені домбыра үйірмесіне беріп, өнерге жетектеді. Дәстүрлі ән бөлімінде білім алдым. Кейін 9-сыныптан соң арман қуып Астанаға келдім, – дейді әнші.
Бастапқыда Ілияс өзін актер ретінде елестеткен. Сол себепті Қазақ ұлттық өнер университетінде актер мамандығын таңдаған.
Қазір қарындасы сәулет және дизайн саласында білім алып жүрсе, інісі Алдияр да өнерге жақын. Ол биыл мектепті алтын белгіге аяқтап, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түспек.
«Батырлардың рөлін ойнағым келеді»
Ілияс бір жыл бұрын университетті тәмамдаған. Ол өзін болашақта кинода бағын сынап көргісі келеді.
Батырлардың рөлін ойнағым келеді. Жандос Айбасов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит ағаларымыз қатты ұнайды. Харизмасы, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы ерекше, – дейді ол.
Әзірге толықметражды фильмдерден ұсыныс түспеген. Бірақ студент кезінде қысқаметражды фильмдерге түсіп көрдң.
Алдымен әншілікті толық жетілдіріп алу керек. Актерлікті кейін көре жатармыз. Бәлкім, болашақта Төреғали Төрәлі секілді өз фильмімде түсіп қалармын, – дейді әнші.
«Қайрат Нұртаспен дуэт жазғым келеді»
Ілияс өзіне ұнайтын әншілердің қатарында Әмрені, Қазыбек Құрайыш пен Абзал Өтешовті атады. Әсіресе Әмренің вокалдық мүмкіндігіне тәнті екенін жасырмады.
Даусы, диапазоны өте мықты, – дейді ол.
Ал болашақтағы армандарының бірі – Қайрат Нұртаспен дуэт орындау.
Қайрат аға – аңыз ғой, бірігіп ән шырқасақ, керемет болар еді, – дейді Ілияс.
Өзі махаббат жайлы ән айтқанымен, әншінің жүрегі әзірге бос.
Әлі өз адамымды кездестірмедім. Әзірге үйленетін ойым жоқ, – дейді ол.
Тіпті болашақта үйлену тойында жарына арнайы жаңа ән арнағысы келетінін айтты.
Қазір Ілияс жаңа шығармалармен жұмыс істеп жатыр. Айтуынша, тыңдарманға ұсынатын 2-3 жаңа әні дайын тұр.