Елімізде 19 ақпаннан 24 наурызға дейін «Zhas Project» жобасының әлеуетті қатысушылары үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны өткізіледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қайрат Қамбаровтың мәліметінше, «Zhas Project» жобасының конкурсы 25 наурызда басталады.
24 сәуірге дейін жастардан өтінімдер қабылданады. Ал 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу бойынша жұмыстар жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде іріктеу нәтижелері жарияланады, - деді ол.
Сонымен қатар жобаны сапалы әрі тиімді іске асыру үшін әр өңірде жобалық кеңсе ашылды, онда кеңес алуға ниет білдірушілер жүгіне алады. Колл-орталықтар құрылып, жастар жобаларын қабылдау үшін сайттар ашылды.
Айта кетейік, бұған дейін «Zhas Project» жобасы аясында жастарға бір миллион теңге берілетіні жайлы жазған едік.