Жас ғалымдар баспаналы болды

13 Наурыз, 04:30 790

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10 жас ғалымы баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Университет қызметкерлері «Жас ғалым» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алған. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ғылыми қызметкер Әсия Құсайынова 2013 жылдан бері молекулалық генетика саласында еңбек етеді. Ғалым радон мен асбест әсерінен туындайтын өкпе обыры патогенезінің молекулярлық-генетикалық аспектілерін зерттейді. Ол жас ғалымдарға арналған жеңілдікпен несие беру бағдарламасының арқасында бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Өз меншігіңде баспананың болуы әрқашан тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті ұялатады. Жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламаның ашылуы мені қатты қуантты, жігерлендірді және біз тиімді шарттармен жеке баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болдық,- деді Әсия Құсайынова.

Ғалымдарды ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен «Отбасы Банкі» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова құттықтап, оларға несие алу туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Соңғы жылдары отандық ғылымға бөлінетін бюджет қаражаты бірнеше есеге өсті. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Отбасы Банкі» АҚ-мен келісімге қол қойып, жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосты,  - деді Ерлан Сыдықов.

Оқи отырыңыз: 

Зарина Арман
Бөлісу: