«Жарты миллион бала алиментке мұқтаж». Елімізде алимент берешегі 43 млрд теңгеге жеткен

29 Қазан, 19:00 1352

2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанда  57,5 ​​мың неке қиылып, 18,6 мың ажырасу тіркелді. Сондай-ақ 184,7 мың бала дүниеге келді. Ата-аналардың некеде тұрғанына немесе ажырасқанына қарамастан, олар баланы асырап-бағуға міндетті. Баланы асырап-бағуға арналған төлемдер – ең көп таралған алимент жағдайы. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізде алимент қорын құруды ұсынған еді. Себебі бүгінде жарты миллионнан астам бала алиментке мұқтаж болып отыр.

Жарты миллион бала алиментке мұқтаж

Айта кетейік, алимент қорын ашу туралы ұсынысты мәжілісмен жыл басында да айтқан болатын. Бірақ Үкімет депутаттың бұл ұсынысымен келіспеді. Премьер-министр Олжас Бектенов қор құру борышкерлер санының көбеюіне, ажырасудың өсуіне, ата-аналық міндеттемелерден жалтаруға әкелуі мүмкін екенін жеткізді.

2016 жылы Қазақстанда алимент бойынша берешек 2 млрд теңгені құраған. Биыл ақпан айында бұл көрсеткіш 21 млрд теңгеге жеткен. Бүгінде қарыз көлемі 43 млрд теңгені құрап отыр. 

Депутат Магеррам Магеррамов Мәжілістің жалпы отырысында елімізде алимент өндіру мәселесін шешетін алғышарттың жоқ екенін атап өтті. Сөзінше, бұл жағдайдың түпкі себебі, ең алдымен алименттік қарыз құнын дұрыс есептемеу, салдарынан өндіріп алушының да, борышкердің де өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Осылайша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы негізінде жұмыссыз борышкердің берешегін есептеу алименттік қарыздың экспоненциалды өсуіне негіз болып отыр.

Бүгінде Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 403 251 теңге. Сонымен қатар, статистикаға сүйенсек, еліміздегі халықтың жартысынан көбі 300 мың теңгеден аспайтын жалақы алады.

Нәтижесінде еліміздің бірқатар аймағында тұрақты табысы жоқ азаматтарды қоспағанда, алимент төлеудің орташа айлық жалақыға негізделмейтінін көріп отырмыз. Айрықша айта кететін жайт, медиандық бағалау бойынша еліміздегі айлық жалақы көрсеткіші орташа айлық жалақыдан 30 пайызға аз және 278 296 теңгені құрайды. Осындай жағдайдан кейін біз азаматтардың берешегімен ғана емес, халықтың кедейленуімен де күресуге мәжбүр боламыз. Борышкерлер мәселені шешудің басқа жолын таппай, өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асыраудан жалтарып, кәсіпорындарын туыстарының, достарының және таныстарының аттарына жазып, еңбек қызметі туралы жалған көрініс жасап жатады. Тіпті өз пайдалары үшін ең төмен жалақыны көрсетеді, - деді мәжілісмен.

Осының барлығы азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табысы туралы жалған көріністі көрсетеді.  Сәйкесінше, статистикалық мәліметтердің дұрыстығына да күмән туғызады.

Алимент төлемдерінің мөлшері

Елімізде алимент төлеудің екі тәсілі бар: ерікті және мәжбүрлі.

 

  1. Ерікті – келісім бойынша.

Мұнда алимент төлеу туралы келісімнің үш түрі көзделген, соттан тыс тәртіппен жасалған, жазбаша түрде нысанда жасалады:

 - алимент төлеу туралы келісімдер-нотариус;

 - дауды реттеу туралы келісімдер-медиатор;

 - адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдар-партисипативтік рәсім тәртібімен алимент төлеу туралы дауды реттеу туралы келісімдер;

Нотариатта куәландырылған келісімде алименттің мөлшерін тараптар айқындайды және алимент өндіріп алу кезінде сот тәртібімен алынуы мүмкін алимент мөлшерінен төмен болмауға тиіс.

 

  1. Мәжбүрлі – сот арқылы.

Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасынан ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – төрттен бір, екі балаға – үштен бір, үш және одан да көп балаға ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің жартысы мөлшерінде өндіріп алады.

Алимент мөлшерін және төлеу тәртібін сот анықтайды. Көптеген жағдайларда сот бұрынғы зайыбына алименттерді төлеуден бас тартуы мүмкін, егер еңбекке жарамсыздық спирт ішімдіктерін, есірткі заттарын, психотроптық заттарды шамадан тыс қолдану нәтижесінде немесе олар қасақана қылмыс жасағанда; некенің сақталмауына байланысты (5 жылға дейін) және егер алименттерді төлеуден бас тартатын ерлі-зайыптының бірі өзін лайықсыз ұстаса төлеуден бас тартады.

Егер де ата-ананың тұрақты табысы болмаған кезде сот алиментті ай сайын мәжбүрлеп өндіріп алуды анықтай алады:

Сот шешімімен белгіленген мөлшерде алимент төлеу үшін табыс жеткіліксіз болған немесе алимент бойынша берешек болған кезде ұстап қалу банк шоттарындағы ақша қаражатынан жүргізіледі. Алимент төлеуге міндетті адамда қаражат жеткіліксіз болған кезде заң бойынша оның мүлкінен өндіріп алынуы мүмкін.

Сот шешімі бойынша борышкерде берешек пайда болған жағдайда мерзімі өткен әрбір күн үшін алимент құнының 0,1% мөлшерінде айыбын төлеу көзделген.  

Жақында сенат депутаты Жанна Асанова алимент мөлшері баланың қажеттілігіне жетпейтінін айтып, Қазақстанда алимент төлеу механизмін қайта қарауды ұсынды.

Заң бойынша Қазақстанда бір балаға алимент мөлшері ата-ана жалақысының немесе басқа да табысының 1/4 бөлігін құрайды. Алайда, бұл мөлшер қазіргі экономикалық жағдай мен баланың шынайы қажеттіліктеріне сәйкес келмейді деп есептейміз, – деді сенатор.

Айтуынша, іс жүзінде кейбір алимент төлеушілер алимент мөлшерін азайту үшін ең төменгі жалақыны өз табысы ретінде көрсетеді. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды, яғни балалар 22 мың теңге алады. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, балаға лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін айына кемінде 130 мың теңге қажет.

Сонымен қатар, ата-аналардың бірнеше баласы болған жағдайда алимент мөлшері тиісті деңгейде артпайды, себебі қолданыстағы неке және отбасы заңнамасы үш және одан да көп балаға табыстың жартысын ғана ұстауды шектейді. Нәтижесінде әрбір балаға лайықты қаражатпен қамтамасыз ету әрдайым мүмкін бола бермейді, – деді ол.

Жанна Асанова қазіргі алимент жүйесі кеңестік заңнаманың нормаларына негізделген және баланың жас ерекшеліктері мен экономикалық жағдайдың өзгеруін ескермейтінін атап өтті. Сөзінше, бұл балаларды осал жағдайға қойып, олардың толыққанды дамуы үшін қажетті ресурстардан айырады. Мәселен, Германияда алимент мөлшері баланың жасына және ата-ананың табысына байланысты. Сонымен қатар, алименттің минималды мөлшері төлеушінің табысына тәуелсіз белгіленеді. Мысалы, бес жасқа дейінгі балаларға 480 еуро, алтыдан 11 жасқа дейінгі балаларға 551 еуро және тағы басқа сома қарастырылған. Қазақстанда алименттің минималды мөлшері заң жүзінде белгіленбеген.

Бұл мәселені шешу үшін депутат мынадай ұсыныстар жасады:

Алименттен бас тарту

Егер бұрынғы ерлі-зайыптылар баланы ерікті түрде күтіп-бағу туралы келісе алса, онда олар атқарушылық құжатты қайтару туралы өтінішпен жүгіне алады. Алименттен бас тарту туралы өтінішпен сот орындаушысына жүгіну қажет. Төлемнен бас тартқаннан кейін қайтадан алиментті алуға талап ете алмайды, өйткені тоқтатылған іс жүргізу қайта басталуы мүмкін емес.

Егер алимент төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталса немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайда, сот кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамға алимент өндіріп алудан бас тартуға құқылы.

Алимент төлеу туралы келісімде белгіленген алимент төлеу жөніндегі міндет осы келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанда немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.

Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу тоқтатылады:

  1. бала кәмелетке толғаннан кейін немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін немесе алимент төлеу туралы келісімде көрсетілген жасқа толғанға дейін толық әрекетке қабілетті болған жағдайда;;
  2. асырап-бағуға алимент өндіріп алынған баланы асырап алған кезде;
  3. сот алимент алушының еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруді немесе көмекке мұқтаждығын тоқтатуды таныған кезде;
  4. еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж алимент алушы жаңа некеге отырғанда (ерлі - зайыпты болғанда);
  5. алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

Шетелге көшіп кеткен адам алимент төлей ме?

Алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерге уақытша кеткен немесе тұрақты тұруға кеткен жағдайда, отбасы мүшелерімен алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы. 

Келісім болмаған кезде мүдделі адам тұрақты ақша сомасында алимент мөлшерін белгілеу туралы немесе біржолғы алимент төлеу туралы не алименттің есебіне белгілі бір мүлікті беру туралы немесе алиментті өзге тәсілмен төлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы. 

Алимент төлегенін растайтын құжаттар болмаған жағдайда борышкерге Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығуға рұқсат етілмейді.

Егер алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетте тұрса, Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері бар талапкердің Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар. 

Қазақстандық соттың шетелдіктен алимент өндіріп алу туралы шешімін шет мемлекеттің аумағында тануға және мәжбүрлеп орындауға болады.

Шетелдерде алимент қалай төленеді?

Әр елде алимент төлеудің өзіндік тетіктері мен жолдары қарастырылған. Мәселен, Австралияда алимент ата-ананың жылдық табысының шамамен 25% құрайды және бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаржы шотта сақталады. Бұл елде балалардың мүдделері қатаң сақталады, алименттерді іс жүзінде төлемеу мүмкін емес.

Германияда алименттерді анықтаудың сараланған тәсілі бар. Мұнда төлемдер мөлшері баланың жасына және ата-анасының табысына байланысты. Егер борышкерге алименттің ең төменгі мөлшері белгіленсе, ол алдағы уақыттар да төлеушінің табысына қарамастан өзгеріссіз қалады: 5 жасқа дейін – 480 еуро, 6-11 жасқа дейін – 551 еуро, 12-17 жасқа дейін – 645 еуро, ал 18 жасқа толғанда – 689 еуро. Ата-ана баласы жоғары немесе кәсіптік білім алғанға дейін және өз бетімен өзін-өзі асырауға қабілетті болғанға дейін оны материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті.

Бразилияда балаға төленетін алимент мөлшері борышкердің қаржылық мүмкіндіктері мен алушының қажеттілігіне қарай анықталады. Ол сот шешімі арқылы белгіленеді. Бұл елде балаға алимент төлеуге қажетті табыстың нақты үлесі жоқ.

Ұлыбританияда төлем мөлшері ата-ананың табысы мен балаларының санына байланысты. Балаға алимент бала 16 жасқа толғанға дейін, ал оқуын жалғастырған жағдайда 20 жасқа толғанға дейін алынады. Балаға алимент мөлшері ата-ананың табысына байланысты өзгеруі мүмкін.

Мысырда ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуі балалары мен бұрынғы әйелін ай сайын күтіп ұстауға, сондай-ақ оларды бөлек, қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге міндетті.

Италияда алимент төлеудің өзіндік артықшылықтары бар. Мәселен, егер ерлі-зайыпты ажырасып кетіп, алимент мөлшері бекітілгеннен кейін басқа адаммен бірге тұрып, отбасын құрса, онда ай сайынғы алимент төлемі тоқтатылуы мүмкін. Балаға алименттің мөлшері ата-ананың табысына байланысты төленеді және сот ипотекалық төлемдер сияқты қосымша шығындарды қарастыруы мүмкін. Әдетте, балаға төленетін алимент жалақының шамамен 20% құрайды. Елде бір балаға орташа есеппен 300 доллар төленеді.

Израильде алимент балалардың тамағы, киім-кешегі және білім сияқты негізгі қажеттіліктерінен бөлек, қосымша үйірмелер, спорт және ойын-сауық орталықтарына кететін шығындарына да төленуі тиіс.  

Миражан Махан
Бөлісу: