«Жаралы періштенің» кезекті жеңісі

28 Маусым 2016, 07:09

Қазақ киносы

Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Жаралы періште» атты фильмі Кошицада өткен «Art Film Fest» халықаралық фестивалінде «Ең үздік режиссер» аталымында жеңіске жетті.

Картинаны бұл додаға костюм суретшісі Камилла Құрманбекова апарған. Фестиваль Словакияда 17 маусым мен 25 маусым аралығында өтті. Халықаралық байқау бағдарламасына «Жаралы періштеден» басқа 13 фильм қатысқан. Олардың қатарында Оливер Лакстың «Мимозасы» (Канн фестиваліндегі апталықта бас жүлдені жеңіп алған), Кристиан Тафдруптың «Родители» және Анне Зора Беррашедтің «24 недели» атты фильмдері бар.

Мұның алдында «Жаралы періште» Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен халықаралық фестивальдің негізгі байқауына қатысып, қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болған еді.

Шілденің басында Байғазиннің туындысы Тайваньда өтетін Тайпей кинофестиваліне барады. Онда «Жаралы періште» «International New Talent Competition» атты байқау бағдарламасында бақ сынайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жас киногерлердің бірінші не екінші инновациялық картиналардың бәрі –осында.

26,30 шілдеде «Жаралы періште» Оклендте өтетін кинофестивалінің «Жаңа көзқарас» бөлімінде көрсетілмекші.

Эмир Байғазиннің «Жаралы періштесі» – жасөспірімдердің басынан өтетін қиындықтар туралы трилогияның екінші бөлімі. Жобаға Қазақстаннан бөлек,  Франция, Швейцария, Голландия, Германия және Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары атсалысқан. Фильм фин суретшісі Хуго Симбергтің әйгілі картинасымен аттас. Мұнда төрт кейіпкердің демалыс кезінде басынан кешкен оқиғалары баяндалады.

Фильм биыл ақпан айында Берлинде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Ол қазірдің өзінде "Берлин кинонарығы – 2014" байқауында неміс-француз «ARTE» телеарнасының жүлдесін, Сараевода өткен ХХ халықаралық кинофестивальде «Work in Progress» арнайы бағдарламасының басты сыйлығын жеңіп үлгерді. Трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» осыдан үш жыл бұрын Берлинде таныстырылып, «Күміс аю» сыйлығы мен «Моргенпост» газетінің жүлдесін жеңіп алған болатын.

Байғазиннің екінші фильмі 11 мамырда Францияда прокатқа шықты. Ал, екі күннен соң Алматыда оның қазақстандық премьерасы өтті. 25 мамырда фильм Сиэтл қаласында америкалық көрермендерге таныстырылды.


Роза ӘРЕН

Суреттер ғаламтордан алынды

 

 

 

Бөлісу: