«Жапонияның жас ғалымы». Қазақстандық ғалым қант диабеті мен семіздікті емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапты

29 Қараша 2023, 18:00 8058

Елімізде ғылым саласына ден қойғандардың басым көпшілігі шетелдік мамандардан үйреніп, тәжірибе жинағанды құп көреді. Әсіресе, патент алу жөнінен жетекші елдердің көшін бастап жұрген Жапонияда оқуға екінің бірі қол жеткізе бермейді. Қазақстаннан күн шығыс еліне ғылымның қыр-сырын меңгеруге кеткен Рахат Ермек мырза жақында «Жапонияның жас ғалымы» атанды. Кейіпкеріміз медицина саласында ашқан жаңалығы мен жеткен жетістігі туралы айтып берді.

Рахат Ермек Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Алматы қаласындағы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетіне түсіп, 2016 жылы Эндокринология мамандығы бойынша білім алып шыққан. Резидентурада оқып жүріп Чехия мен Германияда эндокринология бойынша қысқа мерзімді курстардан өтеді.

2018 жылы мен Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің PhD докторантурасын бастадым, зерттеу жұмысы барысында сол кездегі ортада нағыз ғылымға айтарлықтай өз үлесімді қоса алмайтынымды түсіндім. Сондықтан мен шетелде ғылыммен айналысудың әртүрлі жолдарын іздей бастадым. Бағыма орай, 2020 жылы Гифу Ұлттық Университетінің Қант Диабеті, Эндокринология және Метаболизм, Ревматология және Клиникалық Иммунология Кафедрасының PhD докторантурасына қабылдандым. Қазақстандағы PhD докторантурамды бірден тоқтатып, Жапониядағы PhD курсын бастап кеттім, - дейді ол.

Жапонияда зерттеудің мүлдем басқа деңгейін көрген жас ғалым зертханада түнімен ізденгенін де тілге тиек етті.

Жапониядағы PhD курсы оқу мен ғылымның мүлдем басқа деңгейі десек болады. Бар уақытыңды, күшіңді, ынта-жігеріңді зерттеуге, ғылымға арнауың керек. Мен зертханада таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеймін, кейде бірнеше күн қатарынан түнде де жұмыс істейтін күндер де болады, - дейді Рахат Ермек.

Қазақстандық ғалым қант диабеті бойынша зерттеу жүргізіп, емдеудің жаңа тәсілдерін ойлап тапқан.

Мен қант диабеті және семіздік саласында жұмыс істеймін. Атап айтқанда, қант диабеті мен семіздік және онымен байланысты асқынуларды зерттеу және осы ауруларға қарсы ем бола алатын жаңа дәрілік заттарды  зерттеумен айналысам, - дейді ол.

Отандасымыздың айтуынша, Жапониядағы PhD курсы әдетте 4 жылға созылады. Ол үшін білім алушылар басты критерийлерді орындауы тиіс. Атап айтқанда 4 жыл ішінде жеткілікті жоғары импакт-факторы бар журналда негізгі автор ретінде кем дегенде бір мақала жариялау керек.

Менің жағдайымда, мен 3 жыл ішінде халықаралық ғылыми журналдарда 3 мақала жарияладым. Сонымен қатар, қандағы глюкозаны, тағамды тұтынуды және дене салмағын азайту үшін қолданылатын дәрілік заттың әсер ету жолын таптым. Бұрын бұл дәрілік зат қабылдағаннан кейін ішек арқылы ғана әсер етеді деп есептелген, бірақ мен оның мидағы тамақтану орталығына тікелей әсер ететінін зерттеп таптым, - дейді жас ғалым.

Осы тұжырым үшін 2023 жылы Рахат Ермекті Жапониядағы қант диабетімен күрес саласындағы өте танымал және көрнекті профессор Ютака Сейно «Тәбетті реттеу» номинациясы бойынша «Жас ғалым марапаты» номинациясына ұсынған.

Жапониядағы медициналық ғылыми зертханалардың деңгейі өте жоғары, материальді жабдықталуы  зерттеу құрылғылары және тағы басқа. Тағы бір айта кететін маңызды жайт – профессорлардың жетекшілігі. Профессорлар студентке ғылыми-зерттеу барысында ғана емес сондай ақ жеке өміріне де байланысты мәселелерде толық қолдау көрсетеді  Егер сіз оқуға және ғылымдағы алға қойған мақсаттарыңызға жету үшін көп жұмыс істеуге деген ынта-жігерге толы болсаңыз, сіз зерттеуде табысқа жете аласыз, - дейді ол.

Жапонияда бюджетті және басқа да дүниелерді ойламай, тек ғылыммен айналысуға таптырмайтын тамаша орта бар екенін атап өтті. 

Осы жетістіктердің арқасында, жапондық ғылыми жетекшілер қазақ жастарын еңбекқор әрі зерек деп таныды. Нәтижесінде, осы күнге дейін мен Қазақстаннан 3 ізденушінің PhD (доктарантура) курсына түсуіне себепші болдым. Менің шақыртуыммен тағы 2 қазақстандық азамат 2024 жылы Жапонияға келеді. Оның үстіне болашақта қазақ пен жапон елдерінің арасында ғылым және білім беру жүйесінде ресми келісім орнату жоспарда бар, - дейді Рахат Ермек.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Дет/Взрослая Эндокринология (@dr.rakhat_yermek)

Осы орайда дәрігерден интегративті және дәлелді медицинаның айырмашылығын да сұрап білдік.

Бүкіл әлем бойынша клиникалық практиктер (дәрігерлер) ғылыми дәлелдерге негізделе жұмыс істейді. Дәлелдерге негізделген медицина денсаулық сақтау шешімдерін жақсарту үшін ағымдағы деректерді ұйымдастыру және қолдану үшін ғылыми әдісті пайдаланады. Қазіргі уақытта барлық емдеу хаттамалары дәлелді медицина (ДМ) негізінде жасалады. Әр елдің Денсаулық сақтау министрлігі тек ДM негізіндегі хаттамаларды пайдаланады. Басқа нәрсені пайдалануға қатаң тыйым салынған. Шынымды айтсам, мен ДМ ұғымын толыққанды тек Жапонияда ғана түсіндім десе де болады. Бұл жерде мен іргелі (фундаментальді) зерттеулермен айналысатын маман болғандықтан, біз, мысалы бір дәрі-дәрмекті бірнеше жыл бойы жүздеген жануарларға әсерін зерттейміз.  Зерттеу астындағы дәрілік заттың күтілетін әсері бар екеніне және оның ешқандай жанама әсерлері жоқ екеніне көз жеткізгенде ғана, бұл препаратты келесі клиникалық зерттеулерге ұсынамыз. Клиникалық зерттеулер өз кезегінде тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Нәтижесінде, бұл дәрі-дәрмектер емге қолдануға 5-6 жылдық зерттеулерден кейін ғана рұқсат етілуі мүмкін, - дейді Рахат Ермек.

Жас ғалым, білікті дәрігер Рахат Ермек науқастарды емдеуде тек дәлелді медицинаға сүйену керегін айтып, кеңес берді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: