Жапониядан Қытайға: атақты Lexus енді Шынхайда шығарыла бастайды

Жапониядан Қытайға: атақты Lexus енді Шынхайда шығарыла бастайды

Аян Қайырбаев
Фото: Lexus

Toyota компаниясына тиесілі премиум Lexus бренді алғаш рет өз көліктерін Қытайдағы бөлшектерден өндіре бастайды. Шанхайдағы жаңа зауыт 2027 жылдың күзінде жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Кәсіпорынның алғашқы өнімі Қытай нарығына арнайы әзірленген электрлі кроссовер болмақ.

Toyota компаниясы Қытайда Lexus көліктерін шығаратын зауыт салу жоспарын 2025 жылдың ақпанында жариялаған. Жаңа кәсіпорын үшін Шанхайдың Цзиньшань ауданынан жер телімі таңдалып, құрылыс жұмыстары сол жылдың маусымында басталған.

Жоба аясында Toyota арнайы Lexus (Shanghai) New Energy атты еншілес компания құрды. Кәсіпорын толығымен жапондық компанияға тиесілі. Бұған Қытай заңнамасындағы шетелдік компаниялардың жергілікті кәсіпорындарға толық иелік етуіне мүмкіндік беретін өзгерістер жол ашты.

Жаңа зауыттың жоспарланған өндірістік қуаты – жылына 100 мың автомобиль. Toyota кәсіпорынға шамамен 2 млрд доллар инвестиция салмақ.

Алғашқы модель – Қытайға арналған электрлі кроссовер

Toyota Шанхайдағы Lexus зауытында нақты қандай модельдер өндірілетінін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ. Алайда Nikkei Asia мәліметінше, конвейерден шығатын алғашқы автомобиль жаңа буындағы технологиялық тұрғыдан жетілдірілген электрлі кроссовер болады.

Автомобильдің шанағын өндіру кезінде ірі бөлшектерді қысыммен құю технологиясы қолданылмақ. Бұл әдіс көліктің құрылымдық беріктігін арттырып, салмағын азайтуға, өндірістік операциялар санын қысқартуға және шикізатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жаңа модельді әзірлеу кезінде Қытай тұтынушыларының талғамы мен қажеттіліктеріне басымдық берілген. Сондықтан бұл кроссовердің дизайны мен техникалық шешімдері Lexus-тің қазіргі жаһандық модельдік қатарынан айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.

Lexus бастапқыда купе шығаруды жоспарлаған

Бастапқыда Toyota Қытайда локализацияланған алғашқы Lexus ретінде эффектілі электрлі купені шығаруды жоспарлаған. Алайда кейін компания мұндай автомобильдің нарықтағы аудиториясы тым тар болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Нәтижесінде сұранысы жоғары болуы ықтимал кроссоверге басымдық берілді.

Алғашқы кезеңде өндіріс көлемі аса үлкен болмайды. Ақпарат көздерінің мәліметінше, зауыт бастапқыда айына шамамен 1000 кроссовер шығаруы мүмкін. Ал 2028 жылы өндіріс көлемі бірнеше ондаған мың автомобильге жетуі ықтимал.

Қытайда шығарылған Lexus көліктерін басқа елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Дегенмен бұл бағыт бойынша Toyota әзірге нақты жоспарларын жариялаған жоқ.

Осылайша, Lexus үшін Шанхайдағы зауыт Қытай нарығына жақын болудың ғана емес, жергілікті тұтынушылардың сұранысына арнайы бейімделген модельдер шығарудың жаңа кезеңін бастамақ.

Оқи отырыңыз

{