Жапонияда жылқы еті өте қымбат: шетелдік студенттер Қазақстан туралы әсерлерімен бөлісті

29 Тамыз, 17:51 6919

Томас Мизушима мен Наоя Мацуда — Цукуба университетінің студенттері. Елімізге жапониялық университет пен Nazarbayev University (NU) арасындағы студенттермен алмасу бағдарламасы аясында келді. Олар саясаттану мен халықаралық қатынастар, сондай-ақ инженерия саласы бойынша білім алады. Ал Наоя қазақ тілін үйренуге ынталы. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі дарынды студенттермен тілдесіп, екі ел арасындағы білім сапасы жайлы сұрап білді.

Цукуба университеті – Жапонияның жетекші университтерінің бірі. Ол Ибараки префектурасындағы Цукуба қаласында орналасқан. 1973 жылы құрылған университеттің білім беру бағдарламасы - заман талаптарына сай. Сондай-ақ пәнаралық оқыту әдісін қолданады. Саясаттану мен халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жүрген Томас Орталық Азия саясаты туралы көбірек білгісі келсе, Наоя өз кезегінде инженерияны ағылшын тілінде үйренуді мақсат етіп отыр.

Сөздердің естілуі бір-біріне ұқсамайтынына қарамастан, жапон тілі мен қазақ тілінің құрылымы - бірдей. Мен қазақтардан жапон тілін ағылшын немесе басқа тілдерге қарағанда үйрену оңай екені туралы жиі еститін едім. Бізге де қазақ тілін үйрену аса қиынға соқпайды,-деді Наоя Мацуда.

Томасқа қазақ халқының қонақжайлылығы ұнады. Ал Наоя ұлттық тағамымызға тәнті. «Бешбармақты жақсы көремін. Жапонияда да жылқы етін жейміз. Бірақ бізде қымбат. Сол себепті Қазақстан мен үшін жұмақ сияқты», -деп түсіндірді Наоя.

Жапон мәдениетіне қызығушылық танытқан көп қазақты кездестірдім. Десе де Қазақстан туралы білетін жапониялықтар қатары аз. Екі елдің білім ордалары арасындағы түрлі келісімдерге қарамастан, Қазақстанға оқуға келетін жапониялықтар көп емес. Қазақстан өзіме ұнайды. Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті өте бай. Болашақта екі ел қарым-қатынасы одан әрі жақсара түсетініне кәміл сенемін,-дейді Томас Мизушина.

Жапониялық студенттердің түрлі қызығушылықтары бар. Мәселен, Наоя - университеттегі спорт клубтарының белсенді мүшесі. Студенттерді ең қатты таңғалдырғаны – Астананың құбылмалы ауа райы. Тамыз айы болса да, жылы киінуге мәжбүр екенін айтады.

Біз үшін Жапониядан Қазақстанға келу – үлкен қадам. Дегенмен өзіңнің жайлы ортаңды тастап, әлеммен танысқан жөн. Университеттегі уақытты қызықты әрі пайдалы өткізетініме сенімдімін,- дейді Томас.

Сонымен қатар Наоя NU-дағы оқуға дайындық кезінде бірінші кезекте ағылшын тілін жақсарту керек екенін айтып өтті. «Қазақстандық университеттегі студенттер ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгерген» дейді өзі.

Елордалық NU Tsinghua University, National University of Singapore, University of Toronto, University of Lorraine, Sabancı University және т.б сияқты әлемнің жетекші университеттерімен бірлестікте студенттермен алмасу бағдарламаларын жүзеге асырады. Мәселен, 2024 жылғы күзгі семестрге Германия, Жапония және Сингапур елдерінен 13 студент келіп отыр. Сондай-ақ қысқа мерзімді бағдарлама аясында алты жапониялық студент Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебіне білім алуға келіп, осы уақытқа дейін Қазақстанның түрлі тау-кен өндіру кәсіпорындарын аралап үлгерді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: