Жапон ғалымдары семіздік пен 2-типтегі қант диабетін емдеудің жаңа тәсілін ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осака университетінің зерттеушілері салмақ тастау үшін үнемі жасалатын инъекциялардың орнына – бір реттік генетикалық әдісті жасап шығарды. Бұл жаңалық Communications Medicine (ComMedicine) журналында жарияланды.
Зерттеушілер дәстүрлі гендік терапиядағындай ауру тудыратын мутацияларды түзетудің орнына, тышқандардың бауыр жасушаларына GLP-1 гормонының аналогы – эксенатидті кодтайтын жаңа ген енгізген. Бұл гормон тәбетті төмендетіп, зат алмасуды жақсартады және қазіргі таңда диабет пен артық салмақты емдеуде қолданылатын кейбір дәрілердің құрамына енеді. Алайда оларды тұрақты түрде инъекция арқылы енгізу қажет.
Жаңа әдістің артықшылығы – бір реттік гендік араласудан кейін ағза өзі қажетті затты үздіксіз өндіре бастайды.
Біз гендік терапия мен биологиялық дәрілердің артықшылықтарын біріктірдік. Ағзаға арнайы генді енгізсек, ол бірнеше ай бойы қажетті затты өзі синтездейді. Инъекцияның қажеті болмайды, – деді зерттеу авторы, профессор Кейичиро Судзуки.
Тәжірибе жүргізілген тышқандарда эксенатид деңгейі қанда тұрақты түрде жоғары болып сақталған. Жануарлар аз тамақтанып, баяу салмақ қосқан. Глюкозаны жақсы сіңірген, яғни зат алмасу жақсарған. Ешқандай жанама әсерлер тіркелмеген.
Ғалымдар бұл әдісті тек семіздік емес, тұқым қуаламайтын басқа да созылмалы ауруларды емдеуге қолдануға болатынын атап өтті. Оларға:
Егер болашақ зерттеулер бұл әдістің тиімділігін растайтын болса, ұзақ мерзімді, инъекциясыз жаңа дәрілік құралдардың негізі қалануы мүмкін. Бұл өз кезегінде науқастардың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттырады.
Бұған дейін Қазақстанда семіздік ауруына шалдыққан балалар көбейгені туралы жазған едік.