Ұлжан Әбуова – робототехника саласына қадам басқан жас маман. Ғылыми технологиялардың дамуына үлес қосуды көздеген ол робот құрастыруды қолға алыпты. Таяуда ғана өз қолымен жасап шыққан роботқа «Ақтөс» деп ат қойған екен. Ақылды күшіктің қалай жұмыс істейтіні туралы Ұлжан Арыстанбекқызынан білген едік.
– Кейінгі жылдары Қазақстанда отандық ғылыми өндірістер мен бәсекеге қабілетті өндірістік және ғылыми-техникалық жаңа ақпараттық технологияларды жасап шығару, әрі оны меңгеру ісі кеңінен етек алып келеді. Осыған сәйкес 2016-2019 жылдарға арналған оқу бағдарламасында «Робототехника» пәнінің енгізілуі тиіс делінген болатын. Пәнді оқу процесіне кірістіре отырып, жүйелі түрде жоспар жасау бүгінгі күні сұранысқа ие болып отыр.
Мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша білім алдым. Оқу барысында бағдарламалау жұмыстарына ерекше ден қойдым. Әсіресе, робототехника жағы менің қызығушылығымды қатты оятты. Магистрлік диссертациямды қорғау кезінде өзім «Ақтөс» деп атаған роботтың қалай жұмыс істейтінін көрсеттім. Адымдап басатын төрт аяқты робот микроконтроллермен сервомоторларды басқару арқылы құрастырылды. Оның корпусы 3D принтерден шығарылды. Күшік пішініндегі робот кедергілерден айналып өте алады. Оған қоса оны қашықтықтан басқаратын мүмкіндігіміз бар. Бұл роботпен әлі де жұмыс жасап, жетілдіре түсу үстіндемін. Роботтың дауыс пен бет әлпетті тани білуі үшін жұмыстар жасалынып жатыр. Сонымен қатар, жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отырмын. Ол кезде бұл құрылғы үйді күзете алады. Жат адамдардың бейнесі мен дауысын ажыратып, өзіне тиесілі міндетті мүлтіксіз атқаратын болады, - дейді өнертапқыш.
Жас робот құрастырушының жұмысына жапондық әріптестері де жоғары баға берді. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы мемлекеттік 12 университеттің арасында Жапонияның «Takeda Foundation» қорының шарасына қатысу үшін үздік жұмыстарға байқау жариялаған еді. Ұлжанның жобасы ұсынылған 22 сұраныстың ішінен ерекше деп танылды. Таяуда ол Жапон еліндегі біліктілер бас қосқан семинарға қатысып қайтты.
– Жалпы бұл шарада елімізден барған 11 қатысушы болды. Соның ішінде Назарбаев университетінен, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен келген өнертапқыш студенттер де бар. Семинар барысында Жапонияның робот құрастыратын белгілі «NICT», «ATR» атты басты компанияларының жұмысымен таныстық. Токио университеті мен Цукуба университетіндегі «Kuniyoshi Lab» зертханасында іс-тәжірибемізбен бөлісіп, пікір алмастық. Одан әрі жасанды интеллектті жасау технологиялары мен бағдарламалау тілдеріне шолу жасалынды, - дейді Ұлжан Арыстанбекқызы.
Дарынды маман өзінің білген-түйгенін өзгелермен бөлісу үшін шәкірт тәрбиелеуді қолға алды. Ол Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің студенттеріне робототехниканың қыр-сырын үйрету мақсатында дәріс беріп жүр. Алдымен, білім алушыларға робототехника практикасында физика пәнінің теория жүзіндегі кездесетін керекті заңдылықтарын тереңдетіп оқыту керек, - дейді жас маман. Әрі қарай информатика жоспарына «С, С++» бағдарламалау тілдерін оқытуды қоса отырып, робототехника пәні арқылы әр түрлі мақсаттағы міндеттерді жүзеге асыру үшін роботтарды жобалау қажеттігін жеткізді ол. Студенттер робот техникасы жүйелеріндегі құрылғылар мен моторларды еркін қолдана алады. Қарапайым роботтарды басқару, жоспарланған концепцияларды сипаттап, математика, физика, геометрия және информатика пәндерінде алған білімдерін робототехникада қолдану арқылы бірнеше дереккөзден алынған ақпараттарды синтездеу секілді жұмыстарды жүзеге асыра алады. Демек, болашақ мамандардың әлі де таңдай қақтырар роботтарды жасап шығаратынына сенім мол. Себебі, бүгінгі техника әлемін робототехникасыз елестету мүмкін емес.