Жаны нәзік, рухы өр әскери қыз-келіншектер

17 Маусым 2020, 09:04 8942

Қазақстан Қарулы Күштерінде қанша нәзікжанды бар?

Қазіргі таңда қос иығына погон тағып, ерлермен бірдей ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген нәзікжандылар баршылық. Нардың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектер отбасында үй шаруасымен, жұмыста жауынгерлік міндетін абыроймен орындау арқылы көпке үлгі болып келеді. Әлбетте, қыз-келіншектердің қолына қару алып, елді қорғау тақырыбы көпшілікке жаңалық емес. Жауынгер әрі батыл арулар бұрыннан ер азаматтармен бірге иін тіресе Ұлы дала кеңістігін қорғағаны тарихтан мәлім. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның әскер қатарында көптеген әйел адамдарын кезіктіруге болады.

 Қоғамда нәзікжандылар барлық жауапты қызметтерді ерлер қауымымен бірдей атқарып келе жатқаны рас... Олар кез-келген салада өздерінің ісін дөңгелетіп жүру арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына да сүбелі үлес қосып келеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болмасын қазақтың батыл жауынгер қыз-келіншектері жанұясының сақтаушысы болумен қатар, елі мен жерін қорғау үшін түрлі шайқастарға қатысқан. Оған қоса, түрлі әскери бөлімшелерді де басқарған болатын. Осы орайда ежелгі Қазақстан тарихынан Томирис, Зарина сынды сақ патшайымдары, ержүрек Айтолқын, Айғаным, Бопай сынды әйел батырлары еске түседі. Қазақ әйелдері Ұлы Отан соғысы жылдарында жан-жақтан бомба атқылаған майдан даласында да болып, қайсарлық пен батылдықтың жарқын үлгісін қалдырып кетті.

– Отандық ғалымдардың деректеріне сүйенсек, сұрапыл соғыстың майдан даласында қазақстандық бес мыңнан астам қыз-келіншек болған еді. Олар ел басына күн туғанда қолына қару алып, соғыс даласына аттанды. Бір айта кетерлігі, аруларымыздың зеңбірекші, автоматшы, бірі мерген, ұшқыш сияқты қауіпті әрі ауыр мамандықтарды игеру қолдарынан келген. Сол соғыста ерліктің ерен үлігісін көрсеткендердің қатарында халқымыздың даңқты қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, атқыш-ұшқыш аруымыз Хиуаз Доспанова және тағы басқалары бар. Еліміздің тәуелсіздігі жолында көрсеткен олардың ерлігі өскелең жас ұрпақтың патриоттық рухын көтереді әрі мақтаныш сезімін тудырады, - дейді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Бүгінде қазақстандық әйелдер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде тапсырылған міндеттерін абыроймен атқарып, толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Сол арқылы олар мемлекетіміздің дамуына елеулі үлестерін қосып, ұлттың тыныштығы жолында аянбай қызмет етуде.


(Суретте: ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев)

– Қазіргі таңда әскери салада қос иығына погон таққан аруларымыз жетерлік. Олардың ішінде шамамен 850-ге жуығы офицер және 7500-ден астамы өкілі келісімшарт бойынша өз қызметтерін атқарып жатыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Еліміздің армиясында бұрынғыдай медбике, байланысшы, іс-жүргізушілерден бөлек, елі мен жері үшін аянбай қызмет етуге дайын ұшқыш, мерген, барлаушы сынды өзге де көптеген қыз-келіншектер бар, - дейді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Бүгінде Қарулы Күштерде жауынгерлік ұшақты кәсіби түрде басқаратын аға ұшқыш Ардана Ботай, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөлімінде аға барлаушы сержант Әсем Жәкенова және т.б. қызмет етеді. Сонымен қатар, әскери-теңіз күштерінде әскери корабль экипажы құрамында көптеген нәзікжандыларды кездестіруге болады.

–Әскери саладағы әйелдер халықаралық аренада еліміздің имиджі мен беделін нығайтуға да өз үлестерін қосып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ер азаматтармен қатар біздің аруларымыз түрлі әлемдік деңгейлердегі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, көптеген жүлделерге ие болуда. Атап айтсақ, дзюдо мен қазақша күрестен лейтенант Зәмзәгүл Файзолланова ҚР чемпионатының жүлдегері. Ал майор Ольга Рыпакова Қазақстан Қарулы Күштерінің мақтанышы. Ол жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, - дейді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Генерал-лейтенант Тимур Тұрарұлының айтуынша, әскери-медициналық қызмет барысында әскери азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға қатысты өте маңызды әрі жауапты міндеттерді асқан ұқыптылықпен осы қыз-келіншектер қауымы атқарып жүр. Сонымен қоса, еліміздегі бейбітішілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында әйелдердің рөлі орасан зор. Олар отбасының ұйытқысы әрі қауіпсіздіктің, бейбітшіліктің және тыныштықтың кепілі болып есептеледі.

– Әйелдер қауымы жұмыс барысында түрлі жағдайлар салдарынан зардап шеккен нәзікжандылар мен олардың балаларына психологиялық көмекті көрсетумен шұғылданады. Жалпы дүние жүзіндегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау мақсатында Қорғаныс министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының белгілеген талаптарына сай еліміздің Парламенті бекіткен сол миссияларына жұмыстар жүргізеді. Оған штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысу мақсатында әскери азаматтар жіберу жайы қолға алынған. Сол әскери компонент ішінде әскери әйелдердің болуы қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайта түсуде өте маңызды рөлді атқарады, - дейді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Еліміздің Қарулы Күштерінде Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуда сіңірген еңбектері үшін жыл сайын әскери қыз-келіншектер түрлі наградаларымен марапатталып келеді.

Бүгінде республикадағы барлық азаматтық ЖОО-ның әскери кафедраларында студент қыз-келіншектер үшін мамандықтар бар.

– Осы әскери кафедраға оқуға түсу үшін алдымен олар медициналық куәландырудан өтеді. Кейін дене шынықтырудан арнайы нормативтерді және психологиялық тестілеуді тапсыруы қажет. Бұл барлық талаптарды аруларымыз өте жақсы орындайды. Олар өздерінің әскери киім формасын үлкен мақтанышпен киеді. Жалпы осы Қарулы Күштер қатарындағы әрбір әйел өзінің әскери борышын атқарып, Отанды қорғауға елеулі үлестерін қосып келеді. Қызметпен қоса, шаңырағында аяулы жар, ана болып, отбасының сақтаушысы міндетін лайықты атқарып отыр, - деп сөзін түйіндеді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Салмақты саладағы қыз-келіншектер

Қазіргі таңда қазақтың қайсар қыздары әскери саланың әр түрлі бөлімінде қызмет атқарады. Өз мамандығының мақтанышына айналғандардың бірі – аға радиотелеграфист Алма Такеева. 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында дүниеге келген ол жастайынан әскери қызметкер болуды армандайды.


(Суретте: Алма Такеева)

– Мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін экология мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін биолог болып жұмыс істедім. Бірақ та біздің жанұямызда ағаларым да, жеңгелерім де әскери салада қызмет етеді. Мен де солар секілді әскери форма киіп, осы салада жұмыс істегім келетін. Сол себепті 2014 жылы әскер қатарына шақырылдым. Қазіргі кезде 28738 әскери бөлімінде аға радиотелеграфист болып жұмыс істеймін, - дейді Алма Такеева.

Жаны нәзік болғанымен рухы өр Алма Талғатқызы әскери саланың қай бөлімінде болмасын қызмет етуге тайсалмайды. Жалпы «бұл сала тиянақтылықты талап етеді әрі бойында ұқыптылықтың болу шарт» дейді әскери саланың маманы.

– Әскери өмірге бейімделу кезінде қиыншылық болмады. Өзімнің қалаған қызмет салам болғандықтан тез үйреніп кеттім. Менің күнделікті жұмысым таңғы сағат 08:30-да басталып, кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Күн сайын қызмет бабында жауынгерлік жаттығулар жасап, саптық дайындықтан өтеміз, - дейді Алма Талғатқызы.

Жұмыстан бөлек, ол әскери бағыттағы түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. Әскери қызметкердің бос уақыты аса көп бола бермейді. Ал Алма Такеева қолы қалт еткенде уақытын спортпен шұғылдануға арнайды.

– Қызмет бабында қаталдықты талап ететін кездер де болады. Ал жұмыстан тыс уақытта оның бәрі ұмытылады. Жалпы әйел адам қанша дегенмен жұмсақ, мейірімді болуы керек. Ондай қасиеттер де бойымыздан табылады. Әскери қызмет адамды төзімділікке, шапшағдылыққа тәрбиелейді, - дейді әскери қызметкер.

Кейбіреулер әскери сала нәзікжандыларға арналмаған деп жатады. Жалпы мұндағы қатаң талаптарға тіпті кейде әйел адамдар тұрмақ, ер азаматтар да шыдас бермейтін кездер де кездеседі. Бірақ темірдей тәртіпті талап ететін әскери салада жаны нәзік қызметшілеріміз үлкен ұжымды ұйытып, ауызбіршілігін қамтамасыз етіп отыр. Осы саланың қиындығына қарамастан өмірін арнағандардың бірі – радиотелеграфист Фарида Тұрғынбаева. Жаны нәзік болса да, жүктелген жұмыстарды орындауда тиянақтылығы мен кәсібилігін көрсетіп, қызметтік міндетіне адалдығын танытып, әріптестеріне үлгі болып келеді.


(Суретте: Фарида Тұрғынбаева)

– Бұл менің бала кездегі арманым еді. Алғашында анам қарсы болған. Бірақ кейіннен менің бұл салаға қызығушылығымды байқап, пікірін өзгерткен болатын. Жалпы мектеп жасынан әскери форма киген адамдарға қатты қызығып өстім. Бос уақытымда спортпен шұғылдануды, музыка тыңдауды ұнатамын, - дейді радиотелеграфист Фарида Темірәлиқызы.

Сонымен қоса, айшылық алыс жерлерді байланыспен қамтамасыз ететін аруымыз әскери саланың қоғамдық өміріне, түрлі жарыстарына белсене қатысып тұруды әдетке айналдырған. Фарида Тұрғынбаева сынды қыздарымыз нәзік жаратылысына қарамастан түрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді.

Ыстығына күйіп, суығына төзіп, темірдей тәртібіне көніп, отбасы мен қызметті қатар алып жүргендердің қатарында Мөлдір Сафакова да бар. Радиотелеграфист 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Аягөз қаласындағы №5 орта мектепті бітірген. Ал 2015 жылы Семей қаласындағы Радиотехника және байланыс колледжін тәмамдаған.

– Әскери адам болу – менің бала кездегі арманым. Әскери салада қызмет ететін   апа-ағаларымның үстіне киген формаларына қатты қызығатынмын. Өскенде сондай әскери киім киіп, еліме қызмет етуді қалайтынмын. Менің таңдауыма үй-ішім қарсы болған жоқ. Керісінше маған қолдау көрсетті. Жалпы өзім 2016 жылдан бастап осы салада қызмет етіп келе жатырмын, - дейді радиотелеграфист Мөлдір Мұратқызы.


(Суретте: Мөлдір Сафакова)

Қарулы Күштегі қайратты қыз жауынгерлік тактиканың қыр-сырын меңгерген. Себебі бұл салада білімділік қана емес, біліктіліктің де рөлі зор. Бастысы әскери салада қызмет етушілер жаудан қорғанудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйренген.

– Осы салада қызмет ету үшін адамға әсіресе қыздарға ер мінезділік ауадай қажет деп ойлаймын. Өйткені әскерда көбісі ер азаматтар болатыны белгілі, - дейді Мөлдір Сафакова.

Отан алдындағы міндетін абыройлы атқарып жүрген Мөлдір Сафакова бос уақытында би билегенді, үй шаруасымен айналысқанды және дәмі тіл үйірер тағамдарды әзірлеуді ұнатады.

– Жеке өмірім туралы айтатын болсам, биыл қыс айында тұрмысқа шықтым. Жолдасым да – әскери адам. Қазіргі кезде екеуіміз де бір әскери бөлімде қызмет етеміз. Жолдасыммен 2019 жылдың Семей қаласында өткен «Әлем жауынгері» атты әскери сайыста танысқан болатынмын. Сол сайыстың нәтижесі бойынша екеуіміз де халықаралық байрақты бәсекеде Қазақстан атынан шығатын болдық. Кейін шамамен төрт айдай бірге дайындалдық. Өкінішке қарай дайындық барысында жолдасым жарақат алып, жарысқа бара алмады. Мен және үш командаласыммен Армения Республикасына барып, үшінші орынды иеленіп қайттық. Биыл да сол жарысқа мен қатысып жатырмын. Қазір соған дайындық жүріп жатыр, - дейді Мөлдір Мұратқызы.

Нәзіктілігіне қарамастан әскери қызметтің қыр-сырын жете меңгергендердің бірі –аға сержант Әсем Жакенова. Ол 2005 жылдан бастап осы салада қызмет етіп келеді. Аға барлаушы мерген бала кезінен әскери салада қызмет етуді армандаған.

– Менің күн сайынғы жұмыс режимім таңғы сағат 8:20-да сапқа тұрудан басталады. Кейін бекітілген жоспарға сай кешке дейін арнайы әскери сабақтар, спорттық шаралар көбінесе ату жаттығулары, әскери тактика, мина жару сынды және тағы басқаларымен айналысамыз. Жалпы алғашқы жылдары аздап қиын болды. Өзім ұнатқан сала болғандықтан мұндай қиындықтарға үйреніп кеттім, - дейді аға сержант Әсем Жакенова.


(Суретте: Әсем Жакенова)

Ол – қол жекпе-жегінен спорт шебері. Сондай-ақ ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Оның бойынан жинақылық, ептілік, батылдық сынды қасиеттер табылады.

– Болашақта әскери салада көптеген биік белестерді бағындыруды қалаймын. Ең бастысы суық қарудың барша адамзатқа зияны тимеуін тілеймін. Жалпы қазіргі кезде жұмыстан қолым бос уақытында тіл меңгерумен айналысамын, - дейді аға сержант Әсем Жакенова.


Жоғарыда айтқан әскери сала қызметкерлерінің әрқайсысы өз ісінің нағыз шеберлері. Олардың барлығы да жүктелген міндетті қиынсынбай, бар ынта-жігерімен атқарады.

Жалпы ел басына күн туғанда қолдарына қару алып, елі мен жерін қорғайтын жандар ең бірінші әскери сала қызметкерлері екені рас... Өйткені олар кез-келген уақытта әрі қандай жағдай болса да, барлығына дайын болулары тиіс. Батылдық пен ерлікті, қайраттылық пен адалдықты жұмыс бабында көрсете білген әрі ер азаматтардан қалыспай осындай жұмыстарды атқарып жүрген олардың қызмет жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз...

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көзінен алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: