Жәнібек Әлімханұлының ісі: федерация ресми талап қойды

Жәнібек Әлімханұлының ісі: федерация ресми талап қойды

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы допингке қарсы VADA ұйымына Жәнібек Әлімханұлының ісіне қатысты ресми сұрау жолдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Федерация аталған басылымға VADA-ға жіберілген ресми хаттың көшірмесін ұсынған. Құжатта ұйымнан қазақстандық былғары қолғап шеберіне, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына жасалған допинг-тесттің бүкіл процесін түсіндіру талап етіледі.

Атап айтқанда, федерация VADA-дан тексеру барысында қолданылған барлық материалдарды ұсынуды, нәтижелердің жарияланған уақыты бойынша ресми түсініктеме беруді, сынамаларды тәуелсіз түрде қайта қарауды қамтамасыз етуді, В үлгісіне қол жеткізуге мүмкіндік беруді және ақпараттың сыртқа таралмауына кепілдік беруді сұрап отыр.

«Жәнібек – көптеген жылдар бойы таза тесттерден өткен, мінсіз тәртібімен танылған спортшы. Біз оның аты қандай да бір манипуляцияға, процедуралық қателікке немесе алып-қашпа әңгімеге ілінуіне жол бермейміз. Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға дайын, бірақ бұл тек ашықтық пен нақты регламент аясында жүзеге асуы тиіс. Ресми және толық түсіндірме берілмейінше кез келген алдын ала пікір айту -спортшыға да, спортқа да зиян, деді - Федерация президенті Рахымжан Ерденбеков

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлімханұлы Эрисланди Лараға қарсы үш белбеу үшін өтетін жекпе-жек алдында тапсырған допинг-тексерістен оң нәтиже алғаны белгілі болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны 2016 жылдан бері тыйым салынған мельдоний қолданды деп айыптап отыр. The Ring басылымы дерегінше, Әлімханұлы В үлгісін ашуды талап еткен, бұл оның өз кінәсіздігіне сенімді екенін көрсетеді.

Ережеге сай, боксшының VADA шешімін қайта қарауға 10 күні бар. Ал В үлгісі бойынша ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Бұдан бұрын Әлімханұлының командасы жанкүйерлерге арнап мәлімдеме жасап, қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерге алғыс айтты. Сондай-ақ олар бұл жағдайды еңсеретініне сендіріп, спортшының допинг қолданбағаны жөніндегі ұстанымдарын қайта қуаттады.