Жаңғақтың ағзаға пайдасы мен зияны қандай? Маман кеңесі

Бүгiн, 17:30 171

Жаңғақтар – ең танымал суперфудтардың бірі. Грек жаңғағы, бадам, кешью және жержаңғақ дәрумендерге және пайдалы майларға бай болғандықтан күнделікті рационымызға айналды. Бірақ сіз жаңғақты дұрыс таңдамағаннан немесе дұрыс сақтамағаннан аллергияға, улануға және тіпті ағзаға қауіпті токсиндердің жиналуына әкелетінін білесіз бе? Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болатынын  ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының стратегиялық жоспарлау, мониторинг және қызметті талдау департаментінің денсаулық сақтау менеджері Дария Әзімбаева айтып берді.

El.kz: Жаңғақтар денсаулыққа пайдалы тағамдардың бірі болып саналады. Бірақ олардың зияны болуы мүмкін бе?

Дария Әзімбаева: Сөзсіз мүмкін. Жаңғақтар – қоректік заттардың нағыз қоры. Мысалы, грек жаңғағы жүрек жұмысына көмектеседі, дене жасушаларын нығайтады, есте сақтауды жақсартады және тіпті қартаюды баяулатады. Сонымен қатар, гипогликемиялық индексі төмен жаңғақтар қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы.

Дегенмен, дұрыс сақталмаған немесе нашар өңделген болса, бұл пайдалы өнім елеулі қауіп тудыруы да мүмкін екенін түсінуіңіз керек. Мысалы, бұған жаңғақтың көгеруі, микотоксиндер, бактериялар және тіпті пестицидтер де жатады.

El.kz: Жаңғақтарды жиі тұтыну қандай мәселелердің пайда болуына әкеп соқтырады?

Сурет: ҚР ПІБ МО санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы

Дария Әзімбаева: Ең жиі кездесетін мәселелер бірнеше факторларға байланысты. Оларға кезекпен тоқтала кетейік.  

  1. Зең және афлатоксиндер. Ылғалды жерлерде сақтау кезінде жаңғақтарда бауырды зақымдауы мүмкін улы зат афлатоксин B1 бөлетін зеңнің өсуі ықтимал.
  2. Бактериялар. Жаңғақтар антисанитариялық жағдайда сақталса сальмонелла және ішек таяқшасы бактерияларымен ластануы мүмкін.
  3. Радиация және пестицидтер. Жаңғақтар организмге үлкен зиян келтіруі мүмкін, радионуклидтер мен пестицидтердің қалдықтарын (мысалы, гексахлорциклогексан) жинақтауға қабілетті.
  4. Аллергия. Жаңғақтар күшті аллергендер болып есептеледі. Әсіресе анафилактикалық шок сияқты ауыр реакцияларды тудыруы мүмкін жаңғақтардың қатарына грек жаңғағы, жержаңғақ, бадам және кешьюді кіргізе аламыз.
  5. Калория және ас қорыту мәселелері. Жаңғақтар өте калориялы болып келеді. Оларды шамадан тыс тұтыну асқазандағы ыңғайсыздық, ас қорыту мәселелері, артық салмақ қосу сияқты әсерін тигізуі мүмкін.
  6. Ащы дәмінің болуы. Жаңғақтар дұрыс сақталмаса, олар тез бұзылады. Бұл жағымсыз дәм ғана емес, денсаулыққа да зиян келтіруі әбден мүмкін.

El.kz: Қауіпті өнімге тап болмас үшін жаңғақтарды қалай дұрыс таңдау керек?

Дария Әзімбаева: Міне, бірнеше маңызды ұсыныстар:

  1. Жаңғақтарды тек сенімді жерлерден сатып алыңыз. Сатушылардан өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұраудан тартынбаңыз.
  2. Сыртқы түрі мен иісін тексеріңіз:
  1. Қоспалары бар жаңғақтардан аулақ болыңыз. Тұздалған, глазурленген немесе тәттілендірілген жаңғақтар олардың сапасыздығын жасырып, денсаулығыңызға теріс әсер етуі мүмкін.
  2. Қолданар алдында қабығы аршылған жаңғақтарды жылы сумен шайып, табиғи түрде құрғатыңыз. Бұл жержаңғақ, кешью, фундук және жержаңғақ үшін өте маңызды.
  3. Жаңғақтарды дұрыс сақтаңыз: көгермеуі және қышқылданбауы үшін ауа өткізбейтін контейнерде, салқын әрі құрғақ жерде сақтаған жөн.

El.kz: Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жаңғақтарды қалай тексереді?

Дария Әзімбаева: Зертханаларымызда заманауи қондырғылар арқылы жаңғақтарды жан-жақты зерттейміз. Бақылау мыналарды қамтиды:

  1. Микробиологиялық талдау – сальмонелла және ішек таяқшасы сияқты қауіпті бактерияларды анықтау.
  2. Токсикологиялық зерттеу – көгеру кезінде түзілуі мүмкін афлатоксиндер мен басқа да токсиндердің құрамын анықтау.
  3. Радиациялық қауіпсіздікті талдау – жинақталған радионуклидтер мен пестицидтердің қалдықтарын анықтау.

Бұл зерттеулер базарларға және тұтынушылар үстеліне жететін жаңғақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

El.kz:  Пайдасын алып, зиянын тигізбес үшін күніне қанша жаңғақ жеуге болады?

Дария Әзімбаева: Жаңғақтар пайдалы болғанымен, калориясы өте жоғары. Оңтайлы норма тәулігіне 20-30 грамм. Оларды таңертең немесе түстен кейін, ағза қоректік заттарды жақсы сіңірген кезде тұтынған дұрыс. Кешке жаңғақтарды жемістермен немесе көкөністермен жеңіл тағамдар ретінде пайдалануға болады. Бірақ асқазан-ішек жолдарын шамадан тыс жүктемеу үшін оларды жатар алдында жемеген дұрыс.

El.kz:  Оқырмандарымызға айтар негізгі кеңесіңіз қандай?

Дария Әзімбаева:  Жаңғақтар шынымен де суперфуд, бірақ оларды мұқият қарау қажет. Сенімді сатушылардан сапалы өнімді сатып алыңыз, жаңғақтарды дұрыс сақтаңыз, қолданар алдында жақсылап шайыңыз және ұсынылған мөлшерден асырмаңыз.

ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы сіздің дастарханыңыздағы өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға әрқашан дайын.

Жаңғақтарды дұрыс таңдай білсеңіз олар – денсаулық пен күш береді. Есіңізде болсын: жаңғақ қабығының ішінде әрдайым пайдалы зат бола бермеуі мүмкін. Сақ болыңыз!

El.kz:  Сұхбатыңызға, оқырмандарға берген кеңесіңізге рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: