14.10.2025
17:18
619
Жаңғақ кімге пайдалы және оларды қалай тұтынған жөн

Жаңғақ кімге пайдалы және оларды қалай тұтынған жөн

Ертеден-ақ жаңғақ ақыл мен күштің азығы саналған. Ежелгі дәрігерлер сергек әрі ойы анық болу үшін әрдайым бір уыс жаңғақ алып жүруді ұсынған. Қазіргі ғылым да бұл пікірді растайды: жаңғақ – ағзаға қажетті пайдалы заттардың нағыз қоймасы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның құрамындағы ақуыздар, жасұнық (клетчатка), қанықпаған майлар, дәрумендер мен минералдар жүрек пен қан тамырларын, жүйке жүйесін және иммунитетті қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар жаңғақ – жолда, жұмыста немесе үйде жеуге ыңғайлы тағам, оны күнделікті ас мәзіріне де оңай қосуға болады.

Жаңғақтың адам ағзасындағы рөлі

Дәрігерлердің айтуынша, жаңғақты тұрақты түрде тұтыну – атеросклероз, екінші типтегі қант диабеті және семіздік қаупін азайтады. Оның құрамындағы омега-май қышқылдары жүректі қорғайды, антиоксиданттар қартаюды баяулатады, ал жасұнық ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады.

Кешью

Кешью – жүйке жүйесі мен бұлшықетке қажет магнийге, сондай-ақ иммунитетті нығайтатын темір мен мырышқа бай. Оның жұмсақ дәмі аспаздар арасында ерекше танымал. Ең пайдалы түрі – шикі немесе аздап қуырылған кешью.

Күндік мөлшері – шамамен 30 грамм. Кешьюді көкөніс салатына, тұздыққа немесе десертке қосуға болады – тағамның дәмі де, пайдасы да арта түседі. Бұл жаңғақ қатты емес, сондықтан шайнауы қиын адамдарға да қолайлы. Тек тұз немесе дәмдеуіш қосылған дайын қаптамалы өнімдерді емес, табиғи, қоспасыз түрін таңдаған жөн.

Жержаңғақ

Ботаникалық тұрғыдан жержаңғақ бұршақ тұқымдасына жатады, бірақ құрамына қарай ол нағыз жаңғақтармен тең. Онда өсімдік ақуызы мол, сондықтан етті аз тұтынатын адамдар үшін өте пайдалы. Сонымен бірге, жержаңғақ құрамында қан түзуге қажетті фолий қышқылы мен жасушаларды қорғауға көмектесетін антиоксиданттар бар.

Алайда оның бір кемшілігі – күшті аллерген болуы. Кей адамдарға өте аз мөлшері де реакция тудыра алады. Сондай-ақ дұрыс сақталмаған жержаңғақ көгеріп, бауырға зиян афлатоксиндер түзеді.

Сондықтан жержаңғақты мұқият таңдау қажет: иісі бөтен болмауы керек, түсі ашық, бетінде қара дақтар мен жарықтар болмауы тиіс. Ең жақсы нұсқа – қабығындағы немесе вакуумды қаптамадағы жержаңғақ. Тұздалған, арзан аралас қоспалардан бас тартқан жөн. Ең пайдалысы – аздап қуырылған, еш қоспасыз түрі.

Миндаль

Миндаль жүрек пен қан тамырларын қорғап, «жаман» холестеринді төмендетеді. Сондай-ақ сүйектер үшін маңызды кальций мен фосфорға бай. Диабет немесе гипертониясы бар адамдарға да қолайлы тағам.

Миндальді ботқаға, смузиге, тәтті тағамдарға қосуға болады. Одан жасалған өсімдік сүті – лактоза тұтынбайтындар үшін тамаша балама. Одан адамдар сорпа да жасайды.

Грек жаңғағы

Грек жаңғағының миға ұқсайтын пішіні кездейсоқ емес – ол расымен есте сақтау мен зейінді арттырады. Омега-3 май қышқылдары ми қызметін жақсартып, қан тамырларын нығайтады. Күніне небәрі 4-5 дана жеткілікті. Оны салатқа, соусқа немесе үй нан-тоқаштарына қосуға болады. Тек артық жеп қоймаңыз – бұл жаңғақтың майлылығы жоғары.

Фундук

Фундук – жүрек пен тері саулығына пайдалы Е дәрумені мен калийдің жақсы көзі. Ол ақуыз бен темірге бай, сондықтан белсенді өмір салтын ұстанатын адамдарға өте пайдалы. Фундукті шикі күйінде де, қуырылған не паста түрінде де жеуге болады.

Фисташка

Фисташка – қан тамырларының досы. Ол холестерин деңгейін төмендетіп, тамырлардың серпінділігін арттырады және қан қысымын реттейді. Клетчаткасы асқорытуды жақсартады, ал ерекше дәмі оны ең сүйікті тіскебасарлардың біріне айналдырған. Ең пайдалы түрі – тұзсыз және бояусыз фисташка. Күніне бір уыс жеткілікті.

Бразилия жаңғағы

Бұл жаңғақ селеннің ең бай көзі. Селен – иммундық жүйенің тұрақтылығына, гормондардың түзілуіне және зат алмасуға қатысатын аса маңызды элемент. Сонымен қатар оның құрамындағы селен мен Е дәрумені тері мен шаштың саулығын сақтауға көмектеседі.

Алайда мөлшерін шамадан тыс арттыруға болмайды: селен тым көп мөлшерде пайдалану ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Күніне 1-2 дана жеткілікті – бұл ересек адамға қажетті селен мөлшерін толық өтейді.

Қорытынды

Жаңғақтарды күнделікті мәзірге оңай енгізуге болады. Түрлерін алмастырып, күн сайын аздап (бір уыс шамасында) жеу жеткілікті. Тек олардың калориясы жоғары екенін ұмытпаңыз – мөлшерді бақылау маңызды.