Жандос Болдықов: Саланың дамуына серпін беретін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы әзірленуде

19 Тамыз 2019, 19:10 2922

Шілде айында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесімен меморандумға қол қойды.  

Жалпы ынтымақтастық құру мақсаты – қос тараптың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану, мәдени мұраны сақтау, елдің тарихына, мәдениетіне және тұрмыс жағдайына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығын анықтау, аудару, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу; кітап жәдігерлерін қалыпқа келтіру, оларды каталогтандыру, цифрлық жүйеге көшіру, қолжазбалардың цифрлық көшірмелерінен микрофильмдер жасап, оларды сақтау салаларында ғылыми тәжірибе алмасу. Сонымен қатар қолжазба баспалары, литография, беттік баспа, цифрлы көшірмелер мен қолжазбаларды қолдану және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысу болып табылады.

Қос тарапқа да тиімді ынтымақтастықтың нәтижелі болуына себепкер – мекеме директоры Жандос Бекділдәұлы Болдықовқа жолығып, әңгімелескен болатынбыз. Ол мекеменің бүгінгі таңда жүзеге асырып жатқан жұмыс барысымен таныстырып, болашақ бағдарын айқындады.  

— Жандос Бекділдәұлы, еліміздің ежелден келе жатқан тарихын, құнды қолжазбаларын, баға жетпес сирек кітаптарын сақтайтын бірегей орталықтың құрылуы – өткенді, бүгінді, болашақты байланыстыратын, сананы байытатын, адамзаттың рухани құндылығын арттыратын орта болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетініне дау жоқ. Бүгінгі күні ел аузына сиректігімен тарап кеткен орталықтың жұмысы туралы айта отырсаңыз әрі құрылымымен таныстыра кетсеңіз. Құрылғалы неше жыл өтті және бастамашысы кімдер?

— Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Өз алдымызға дербес елдігімізге дәлел боларлық құндылықтарымыз, теңдесі жоқ дүниелеріміз қалыптасып, рухани жаңғырдық. Бәрін тізбектемей-ақ 2017 жылы орын алған тарихи оқиға – «EXPO-2017» көрмесінің біздің елде өтуі туралы айтсам да жеткілікті. Дәл осы жылы көрме аясында бұрынғы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылып, ізденушілердің ғажайып орнына айналды. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, тілегеніміз алдымыздан іздемей-ақ табылды.
Негізі әрбір дамыған елде сирек қолжазбалар мен кітаптар орталығы бар. Ол әуелі сол елдің мәдени деңгейінің көрсеткіші. Содан кейін тарихы, әдебиеті, жағрафиясының және басқа да ғылымдарының шырақшысы болып табылады. Бұл жерде мысалға Ватикан, Германия, Италия елдерін атап өткім келеді. Онда мұндай дүниелерге қызығушылық өте жоғары, тарихқа қатты мән береді. Ватикандағы кітапханада бар әлемнің тарихы сақталған десе де болады.

Ватикан апостол кітапханасында орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірінің қолжазбаларының бай жинағы топтастырылған. XV ғасырда IV-ші Папа Сиксттің бастамасымен құрылған кітапханада қазіргі уақытта шамамен бір миллион алты жүз баспа кітабы, бір жүз елу манускрипт, сегіз мың үш жүз инкунабул, бір жүз мың гравюралар мен географиялық карталар, үш жүз мың монеталар мен медальдар бар екен. Сондай-ақ кітапхана құрамына Ватикан кітапханашылар мектебі мен маңызды манускриптерді қалпына келтіру және жаңғырту зертханасы (факсимиле) кіреді.

Біздің де Қазақстанда осындай үлкен орталық болса екен деп мақсат етіп отырған жайымыз бар. Бұйыртса, оған да қол жеткізетінімізге сенімім мол. 

Ал енді екі жылдағы жұмыс барысын айтар болсам, ең бастысы – біздің қорды толтыру керек болды. Ең бірінші дүниелер орталықтың сөрелеріне қойылғанда, еліміздің еңсесін көтертетін саламыздың тамырына қан жүгіріп, жандана бастады. Білесіз бе, ғасырлардан ғасырларға сақталып жеткен кітаптар, қолжазбалар қолыңа тигенде, үлкен құпияға, жұмбағы мол сырға қолыңды тигізгендей күй кешеді екенсің!

Қазіргі таңда орталық жеті мыңға жуық кітаппен толықтырылды. Әйтсе де барлығы дерлік көне деп айтуға келмейді, арасында үш жүз-төрт жүз мың кітап пен қолжазбалар XII-XV ғасырларға тиесілі. Бірақ біз үшін ұлтымызға, елімізге қатысы бар дүниенің бәрі құнды, қымбат. Бірнеше ғасырлар өте келе біздің ұрпақтарымыз оларға ғажайып дүниеге қарағандай болатыны белгілі ғой. Қазіргі жұмысымыздың маңыздылығы да сонда. 

Қорды толтыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Басқа архив пен кітапханалармен келіссөздер жүргізіліп, республикалық, қалалық, аудандық деңгейдегі мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Былтырғы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бізге Италия, Германия сынды мықты базасы бар елдер қолданатын реставрация жасайтын жабдық алып берді. Соның арқасында жұмысымыз жеңілдеп, күрмеуі шешілмей жүрген мәселеміз шешімін тапты.

Жалпы әлемдік деңгейде алып қарасаңыз, біздің орталық жас әрі шағын. Буыны қатпаса да, алдыңғы қатардағы орталықтарға аз уақытта айналуына еш кедергі жоқ. Тек ынта, талап, ізденісті тоқтатпауымыз керек.

Ал енді ішкі жұмыстарға келетін болсам, жұмыс бес бағытқа бөлінген. Келушілерге алдымен көрме залын таныстырамыз. Онда соңғы уақыттарда әкелінген дүниелер қойылады. Оларды мейлінше көп адам көріп, білсін деген мақсатта ұзақ мерзімге жайғастырамыз. 

Бізге шетелден туристер көптеп келетінін айта кеткім келеді. Олардың арасында студенттер де болады. Мысалы, өткенде Франция елінде докторантурада білім алып жүрген бір студент Қазақстан тарихына байланысты мәліметтерді алып кетті. Негізінде студенттер ақпарат таситын тұлғалар. Әлгі студент Францияда біз туралы айтар болса, бірі болмаса, бірі қызығушылық танытары анық. Не болмаса, қазақ тарихына қатысты мәлімет іздеген адам болса, сол студент немесе студенттен естіген адамнан білуі әбден мүмкін ғой. Сол себепті көрме залын тегін әрі демалыс күндері де жұмыс істейтіндей қылдық. Бізге бір адам келсе де ыстық көрінеді. 

СҰХБАТТЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІН МЫНА ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР...

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: