Жаңбырлы күні көлік жүргізу ерекше мұқияттылықты талап етеді. Себебі жол жағдайының нашарлауына байланысты көру шектеледі, доңғалақтардың ілінісуі әлсірейді, ал тежеу қашықтығы ұлғаяды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алайда жүргізушілердің көпшілігі көліктегі кейбір көмекші жүйелердің дәл осындай жағдайда қауіпті болуы мүмкін екенін ескере бермейді. Құрғақ ауа райында пайдалы функциялар жаңбырлы күндері кері әсер етуі мүмкін.
Мамандар ауа райы қолайсыз болғанда электронды жүйелерді қолдануға қатысты көзқарасты қайта қарауға және қажет болса көлікті толық өз бақылауына алуға кеңес береді. Ендеше мұндай жағдайларда сақтықпен қолдану керек 6 автокөлік функциясын ұсынамыз.
Ылғалды жолда круиз-бақылау (cruise control) қауіпті болуы мүмкін. Егер доңғалақтар жолмен ілінісін жоғалтса, бұл жүйе белгіленген жылдамдықты сақтап тұрады, нәтижесінде бұрылыста немесе кенет тоқтағанда көлік тайып кетуі мүмкін.
Не істеу керек: жаңбырлы күні круиз-бақылауды сөндіріп, жылдамдықты қолмен бақылау ұсынылады.
Бұл шамдар тек тұман кезінде тиімді. Жай жауын кезінде алдыңғы тұманға қарсы шамдар көру мүмкіндігін жақсарта бермейді, ал артқы шамдар керісінше, артта келе жатқан жүргізушіні шағылыстырып, соқыр етуі мүмкін.
Не істеу керек: артқы тұманға қарсы шамдарды тек қатты нөсер не қою тұман кезінде ғана қосыңыз. Ауа райы жақсарған сәтте бірден сөндіру қажет.
Жаңбыр кезінде көлік салонындағы ылғалдылық артқандықтан терезелер буланып кетеді. Автоматты климат-бақылау жүйесі бұл жағдайға әрдайым дер кезінде жауап бере алмайды, бұл көру шектеулігін тудырып, қауіп төндіреді.
Не істеу керек: жүйені қолмен басқару режиміне ауыстырып, алдыңғы терезеге ауа үрлеуді қосыңыз. Қажет болса, салқындатқышты (кондиционерді) пайдаланыңыз – ол ауаны құрғатады.
Жаңбыр сенсоры бар жүйе әрдайым дәл жұмыс істемейді. Әлсіз жауын немесе лас әйнек кезінде тазалағыштар сирек іске қосылып, көру мүмкіндігі нашарлайды.
Не істеу керек: тазалағыштарды қолмен басқару режиміне ауыстырыңыз. Бұл олардың жұмыс жиілігін өзіңізге ыңғайлы етіп реттеуге мүмкіндік береді.
Суық әйнекте микрожарықтар болса, оны тез қыздыру жарықтың ұлғаюына алып келуі мүмкін. Бұл бүкіл әйнектің жарылып кетуіне дейін жеткізуі мүмкін.
Не істеу керек: алдымен салонын жылытып алыңыз, содан кейін ғана әйнек жылытуды біртіндеп қосыңыз.
Жылтыр немесе тайғақ жолда автоматты трансмиссия дұрыс берілісті таңдамауы мүмкін – тым тез үдеу не кенет тежелу орын алады. Бұл беткейде немесе тоқтағаннан кейін қозғалғанда өте қауіпті болуы мүмкін.
Не істеу керек: егер бар болса, "қысқы режимді" (Winter Mode) қолданыңыз немесе қолмен басқару режиміне ауысыңыз. Бұл көлікті жақсы бақылауға мүмкіндік береді.
Көліктегі заманауи технологиялар – жүргізушінің көмекшісі, бірақ оның орнына шешім қабылдай алмайды. Қиын ауа райы жағдайында ең дұрыс шешім – жылдамдықты төмендетіп, жолға мұқият болу және көліктегі мүмкіндіктерді ақылмен пайдалану. Автоматикадан да сенімді құрал – жүргізушінің өз бақылауы мен тәжірибесі.