Жанбота Алдабергенова Грузияда өтетін әлем чемпионатына қатысады

7 Желтоқсан 2022, 11:45 1497

Ол 2014, 2018 және 2022 жылдары Олимпиада ойындарына 3 мәрте қатысқан

Жақында ғана фристайл-акробатикадан әлем кубогы кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Финляндияның Рука қаласында фристайл-акробатикадан өткен жарыста Қазақстан командасының көшбасшысы Жанбота Алдабергенова 80.04 балл жинап, үшінші орын алды. Осылайша спортшы қола жүлде иеленді.

Бірінші орынды Даниэль Скотт (Аустралия) жеңсе, Марион Тхенолт (Канада) екінші болды.

Жанбота Еркінқызы Алдабергенова Шымкент қаласының тумасы. Қазақстандық фристайлшы әлем кубогының бірінші кезеңінің жүлдегері. Ол 2014, 2018 және 2022 жылдары Олимпиада ойындарына 3 мәрте қатысқан.

Спортшы 2015 жылы Италияда өткен әлем чемпионатының күміс, Еуропа Кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Еуропа Кубогы бойынша 2015-2016 жылғы маусымның абсолюттік жеңімпазы атанған. 

Қазақстандық бас бапкер Бағлан Іңкәрбек спортшы Жанбота Алдабергеновамен бірге Грузияда өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Жанбота фристайл-акробатикамен 2011 жылдан бастап айналысып келеді. Бұл деңгейге жету үшін қаншама рет жаттығып, еңбектеніп, бірқатар жарысқа қатыстық. Алда Грузияда ақпан айында әлем чемпионаты өтеді. Қазір осы жарысқа дайындалып жатырмыз. Болашақта әлі бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз», – деді ол.

Еске сала кетейік, Жанбота Еркінқызы бұған дейінгі жарыста 2019 жылы Финляндияның Рука қаласында өткен фристайл-акробатика бойынша Еуропа Кубогы кезеңінде алтын медальға ие болған.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: