Жанат Тинбеавтың балалық шағы

26 Мамыр 2017, 11:06 10930

Танымал актердің жастық шағы

Қайран жастық! Жастық!.. Бәлкім сенің ғажаптығың бәрін де тындыра аламын деп ойлау мүмкіндігіңде болар-ау!

 Иван Сергеевич Тургенев

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағымен танысады.

Біз бұл сұхбатымызда ел алдында жүрген елеулі азаматтардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне оралтуды басты мақсат еттік.

Бүгінгі саяхатымыз белгілі актер Жанат Тинбаевтың балалық шағын арналмақ.Танымал актердың балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Бала Жанаттың арманы не еді?

─ Нақты нені армандағаным есімде жоқ. Біздің бала кезде ауылдың клубында кино көрсететін. Көретін кинолармыздың тең жарымнан астамы Индияның туындысы. Сол кезде менің санамда «кино біткенді Индия шығарады екен» деген ой қалыптасқан еді. Кинодан үйге келе сала фильмдегі кейіпкерлерге еліктеп жылаймын, ашуланам, күлем, қысқасы образдарға кіретінмін. Ыңылдап ән салатынмын, өлең де оқитынмын. Сол кезде өнерге деген көмескі жатқан құштарлығым ашыла бастады. Оның үстіне отбасымыздың туыстардың қошеметі мені еріксіз өнер иіріміне тарта берді.

─ Бала болғасын тентектік те қатар жүреді... Үй ішіңізді әбігерге салған үлкен оқиға болды ма?

─ Әрине, балалық шақтың өзі сол беймаза, тынымсыз бұзықтығымен қызық шығар. Анық есімде қалғаны ауыл балалары жилып алып «тығылмақ» ойнайтынбыз. Бұл балалардың кең таралған танымал ойындарының бірі. Оны бір жерлерде «жасырынбақ» енді бір өңірлерде «тығылмаш» деп атайды. Бірақ аты әр түрлі болғанымен заты бір, ойын ережесі өзгермейді. Тығылмақ ойнаған кезде балалардың бар мақсаты ешкім тауып алмайтындай жасырыну. Бір күні ауылдың бір топ жүгермектері жиылып алып тығылмақ ойнадық. Ойын басталысымен  жүгірген қалпы көршінің ат қорасына кіріп кеттім. Мүлдем таба алмас үшін қорада жиулы тұрған қидың арасына барып жасырындым. Енді ешкім көре алмасын білдім де, көңілім жай тауып отыра бердім. Сол отырғаннан мол отырып ұйықтап кетіппін. Оянсам жан-жағым көзге түртсе көрінгісіз тас қараңғы. Бастапқыда шошып кетсем де, тығылмақ ойнағаным есіме түсіп жүрегім орныққандай болды. Содан жайлап басып қорадан шығып үйге келдім. Үйге кірсем ешкім жоқ. Есіктер алаң ашық жатыр. Ештеңеге мән бермейтін уайымсыз бала кез ғой, ішкі бөлмеге кірдім де жатып қалдым. Біраз уақыттан кейін машинаның даусы естілді. Іле-шала үйге дабырлап кірген адамдардың дыбысы естілді. «Әлгі жоқ, таппадық» деген әкемнің даусын таныдым. «Ойбай, өлді ғой бір жерде» деп шешем жылап жіберді. Мен біреу өлген екен деп ойлап «кім өліп қалды мама ?» деп ішкі бөлмеден жүгіріп шықтым. Бәрі үдірейе маған қарады. Анам жүгіріп келіп мені тас қылып құшақтап жылап жіберді. Қуанғанда көз жасын тия алмай қайта-қайта бетімнен сүйеді. Сүйтсем қараңғы түссе де үйге оралмағасын, ауыл адамдары жабыла іздеп мені таппай мысы құрып үйге оралған кезі екен...

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Мектепте «үздік оқушы болуым керек» деген мақсатыңыз болды ма?

─ Шынымды айтсам сабақты кереметтей оқыған жоқпын. Ел қатарлы, алды да емес, арты да емес, жуан ортасында жүріп бітірдік. Бір артықшылғым мектепте қандай іс-шара болсын бәріне қалмай қатысамын. Сол жағынан мектеп директоры өнерімді бағалады да, түсіністікпен қарады. Он-он бірінші сыныптарда менің өнер саласына баратыным айқындала бастады.

─ Оқушы кезіңізде достарыңызбен бірге бастан кешкен, есте қаларлықтай оқиғаларыңыз есіңізде ме?

─ Оқудан тарай салысымен үй шаруасына кірсіп кетеміз. Өрістен мал айдап келу, қора тазалау деген сияқты жұмыстардың барлығы сенің мойыныңда болады. Еңбекке жарап қалғасын, үйге көмектеспесең тағы сын. Жатып ішер жалқау атанасың. Сондықтан біз еңбекқор болып өстік. Біздің ауылда балалардың көбі мал қайыруға есек мінетін. Менің де өзіме тиесілі меншікті есегім болды. Оның бір кереметі тізгінді шіреніп қатты тартсаң арғымақ атша тік секіретін. Достарымның бәрі сол қасиеті үшін есегімді жақсы көретін. «Жанаттың есегі атша секіреді екен, секіртші» деп қыр соңымнан қалмайтын. Бізден үш-төрт жас кіші бір бала болатын. Сол «Жанаттың есегі сияқты секіретін есек алып бер» деп әкесінің басын ауыртса керек, әкесі оған кәрі есек алып беріпті. Бір күні бір топ бала есектерімізге мініп, таудан сиыр айдап келуге шықтық. Жаңағы кішкентай бала да алғаш рет есегін мініп бізге қосылды. Тауға жеткесін табиғаттың тылсымына тамсана, көк орайлы шалғында ойынның қызығына баттық. Сол жүріспен қас қарайып кеткенін де сезбей қалыппыз. Сиыр жайында қалды. Бар оймыз үйге қайту болды. Нарынқол таулы өңір ғой, оның үстіне тауда аң-құс та көп. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, айналамыздағы қарайғанның бәрі құбжық сияқты елестейді бізге. Жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қарап сай ішімен аяңдап келеміз. Үрейленгенімізді білдірмес үшін айғайлап ән салып келеміз. Бір кезде таудан ұлыған қасқырдың даусы естілді. Әлгіні ести сала біздің астымыздағы есектер үркіп үйге қарай шаба жөнелген кезде, кішкентай ұлдың кәрі есегі жүрмей бір орында айналып тұрып алды. Бейшара бізді көмекке шақырып бажылдап жылайды. Оны тастап кетуге тағы болмайды. Тізгінді зорға тежеп қайтып айналып баланың қасына келдік. Кәрі есек таяқпен ұрғыласақ та жүретін емес. Біз қорыққанымыздан шулап жүрміз. Сонда Дастан деген досым «шуламаңдар» деп бәрмізге айғай салды. Өзі бір қутекеш бала болатын, бір амал тапқан сияқты. Бәріміз жапырлап Дастанның ауызына қарадық. «Дыбыстарыңды шығармаңдар, мына кәрі есек қасқырдың ұлығанын естуі керек» деді. Бәрміз үн-түнсіз бұйрықты орындап мелшиіп тұрмыз. Сүт пісірімдей уақыт өткенде қасқырдың ұлыған даусы қайта естілді. Кәрі есектің құлағына енді жеткен болуы керек, қорыққанынан үйге қарай шаба жөнелді.

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ «Құсыни хаттарды» қай кезден бастап жаза бастадыңыз?

─ Біз ондай хаттарды өзіміз жазбайтын едік. Негізі өзімізде жазсақ болатын еді. Бірақ көркем болсын, қызды селт еткізетін әсерлі, әсем сөздер болсын деп тәжірибелі адамға тапсырыс беріп жаздыратын едік. Ол біздің сыныпта оқитын Ерсанат деген бала.  Өзі суретшінің баласы болғандықтан жазуы да көркем, сөздерін де өлеңдетіп жазатын. Мектептегі ғашығына сөзін жеткізе алмай жүрген біраз ұлдар сол Ерсанатты хатшы қылатын. Талай қызға Ерсанаттың қолымен жазылған сәлем хаттар табысталған шығар, бірақ ол құпияны ешқашан сыртқа жаймайтын еді. Сегіз-тоғыз оқып жүрген кезімізде біздің  мектепке қаладан бір қыз келді. Сұңғақ бойлы, аққұба, қынай бел қызды көргенде, жігіттердің жүрегі тарсылдап  шетінен құлап қала жаздадық. (Күлді) Мектептегі мен-мен деген жігіттердің көбі сол қыздың соңынан түсті. Менің де ғашықтықтан басым айналып жүр. Бірақ өзгеше амал ойлап, топпен бірге тасырлатып шаба бермей, өзімді тік ұстап жүрдім. Қанша жерден ұнатып тұрсам да, сырттай сыр бермей, жақсы көргенімді сездірмеуге тырыстым. Сонда да қыздың назарына ілігетін іс-әрекеттерді жиылта түстім. Ол қыз да саусылдап жүрген серілердің ешқайсысына мойын бұрар емес.  Ақыры бар сырымды ақ қағазға ақтарып, аққұба қыздың қолына ұстата салдым. Көп күттірмей жауап хат та келді. Жүрегім дүрсілдеп оқи бастадым.  «Екінші сабақтан соң ұзақ демалыста мені оңаша күт, жауабын беремін» деген екен. Уәделескен жерде оны күтіп тұрмын. Ол келгенше көңіл құрғыр шыдар емес, қарсылық білдіретін шығар деген күмән кеудені басып барады. Бір уақытта келе жатқан қыздың қарасы көрінді. Оның қимыл-қозғалысы, аяқ алысы алыстан маған «жоқ» деп айтуға дайындалып келе жатқандай көрінді. Сондықтан жауабын тыңдаудан қорықтым да кейін бұрылып қаша жөнелдім...

Арада екі жыл өте шықты. Біз де екі жылға есейгендей болдық. Достарымызбен жилып туған күн тойлайтын дәрежеге жеттік. Бір күні сыныптасымыз туған күніне шақырды. Бәріміз әдетімізше жиыла қалдық. Сол бас қосуға ол да келген екен. Тамақ ішіліп, дастархан жиылып биге кезек келгенде мен оны биге шақырдым. Екеуміз билеп жүргенде ол тіл қатты

─ Сол күні неге қашып кеттің?

─ «Жоқ» деген жауабыңды естігім келмеді, - дедім. Ол күрсініп:

─ Мен сол кезде саған «иә» демекші едім... – деп, өзін тоқтата алмай жылай бастады. Сол кездегі түрімді көрсеңіз ғой, не істерімді білмей сенделіп қалдым. Ол менің жақын досыммен кездесіп жүрген кезі еді....

Біздің бала махаббат осылай аяқталған. Бұл енді біздің бала кездегі есте қаларлық қызықты шақтар болатын.

─ Әдемі әңгімеңізге рахмет

Бөлісу: