Жанартау атқылап, тұрғындарды әбден шошытты

Жанартау атқылап, тұрғындарды әбден шошытты

Жапонияның оңтүстігінде, Кагосима шығанағы маңындағы түбекте орналасқан Сакурадзима жанартауы тағы да атқылап, өңірге қауіп төндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мамандардың айтуынша, жанартаудың атқылауы жергілікті уақытпен түнгі 00:57-де тіркелген. Атылған күл бағаны 4,4 шақырымға дейін көтерілген. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш десе де болады.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, жақын маңдағы елді мекендердегі нысандарға да айтарлықтай зиян келмеген.

Атқылаудан кейін жанартаудағы қозғалыс тоқтамай, белсенділік одан әрі жалғасып жатыр. Билік көрші аймақтарға күл мен түтін таралу қаупі бар екенін ескертіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Сакурадзима - бұл елдегі ең белсенді жанартаулардың бірі. Қауіпсіздік мақсатында 2016 жылдың ақпанынан бастап оның маңайына баруға рұқсат жоқ, ал жанартаудан екі километрден жақын аймаққа кіруге тыйым салынған.

Айта кетейік, жанартау орналасқан бұл түбек кезінде жеке арал болған. Алайда 1914 жылғы Жапония тарихындағы ең қуатты атқылаулардың бірінің салдарынан аққан лава шығыс жағалауды толтырып, аралды Осуми түбегімен жалғап жіберген.