Жанармай бекеттерінде АИ-95 бензині жетіспейді. «ҚазМұнайГаз» тапшылық себебін түсіндірді

18 Шілде 2023, 18:15 878

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев елімізде кейбір жанармай бекеттерінде АИ-95 бензинінің тапшылығы туындау себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дмитрий Макеевтің айтуынша, АИ-95 бензинін өндіру жоспары толығымен орындалған. Десе де, кейбір жанармай құя стансаларында АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығы туындаған.

Шынымен де кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 бензині жетпей жатыр деген ақпарат тарады. Бұл мәселе логистикаға қатысты. Өйткені, жанар-жағармайды еліміздің батысынан оңтүстік өңірлеріне жеткізу екі аптаға созылуы мүмкін. Яғни бензин бар, бірақ тиісті көлемі жолда келе жатыр. Еліміздің аумағы үлкен екенін ескерсек, логистика біраз уақыт алады. Жалпы, біз тиісті техникалық іс-шараларды атқардық, Атырау мұнай өңдеу зауытына өндіріс бойынша ауқымды көлемі жүктелді, - деді компания өкілі.

Еске салайық, Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы тоқтап қалды. 

Президент «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сөгіс жариялады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: