Жаңарған Toyota Corolla Қазақстан нарығына қашан келеді?

Жаңарған Toyota Corolla Қазақстан нарығына қашан келеді?

Toyota компаниясы Corolla седанының жаңартылған нұсқасын Қытай нарығында сатылымға шығарды. Модельдің сыртқы дизайны өзгеріп, алдыңғы буынның қателігінің салдарынан қозғалтқыштар желісі қайта қаралды. Дегенмен бренд бірқатар ескі моторлардан бас тартты.

Жаңартылған Corolla Toyota мен FAW бірлескен кәсіпорнының күшімен әзірленген. Қытайдағы бастапқы бағасы 9 367 000 теңге шамасында.

Дизайн және өлшемдер

Сыртқы келбеті жағынан жаңа Corolla Toyota-ның өзге заманауи модельдерімен стильдік тұрғыда ұқсас бола түсті. Алдыңғы бампері, жарық техникасы мен капоты қайта жасалған.

Габариттері де өзгерді:

  • ұзындығы 4635 мм-ден 4710 мм-ге дейін артты;
  • осьаралық қашықтығы 50 мм-ге ұзарып, 2750 мм болды;
  • жүксалғыш көлемі 470 литр.

Бұл өзгерістер модельдің салонын кеңірек етіп, оны C-класс сегментінде анағұрлым бәсекеге қабілетті етеді.

Қозғалтқыштар желісі

Мотор гаммасында гибридті күштік құрылым сақталған. Ол 1,8 литрлік іштен жанатын қозғалтқыштан 95 ат күшін беретін электромотордан тұрады. Өндірушінің мәліметінше, гибрид нұсқаның жүріс қоры 1000 шақырымға дейін жетеді.

Сонымен қатар Toyota бұрын ұсынылған 1,2 және 1,5 литрлік қозғалтқыштардан бас тартты. Енді Corolla 171 ат күшіне ие 2 литрлік атмосфералық мотормен жабдықталады.

Ал 1,2 литрлік турбомотор Corolla-ның классикалық стильде әрленген баламасы Toyota Levin моделіне орнатылады. Бұл көлікті GAC компаниясы шығарады. Levin өлшемі жағынан сәл ықшам әрі бастапқы бағасы да төмен.

Жабдықталуы және қауіпсіздік жүйелері

Жаңарған Corolla-ның жабдықтар тізіміне мыналар кіреді: 8,8 дюймдік цифрлық аспаптар панелі, 12,9 дюймдік экраны бар мультимедиялық жүйе және бүйірлік тіреуіші бар алдыңғы орындықтар.

Corolla мен Levin-нің базалық комплектацияларының өзінде Toyota Safety Sense қауіпсіздік жүйесінің соңғы нұсқасы орнатылған.

Қазақстан нарығына қашан шығуы мүмкін?

Қазіргі таңда жаңартылған Toyota Corolla-ның Қазақстан нарығына ресми түрде қашан келетінін компания жариялаған жоқ. Алайда Toyota-ның бұрынғы стратегиясын ескерсек, Қытайда дебют жасаған модельдер әдетте 6-12 ай ішінде басқа нарықтарға бейімделген нұсқада шығады.

Қазақстанда Corolla дәстүрлі түрде сұранысқа ие модельдердің бірі болып саналады. Сондықтан жаңартылған буын 2025 жылдың соңы немесе 2026 жылдың басында ресми дилерлерде пайда болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл ретте қазақстандық нұсқада қозғалтқыштар жиынтығы мен комплектациялар жергілікті нарық талаптарына қарай өзгеруі ықтимал.

Мамандар не дейді?

Қазақстанға Toyota маркасын жеткізіп жүрген Санжар Төлеубектің ойынша, жаңарған Corolla седаны 2026 жылдың ортасында келуі мүмкін.

Егер біздің нарықтағы кез-келген Toyota маркасына сұраныстың тым көптігін ескерсек, жаңа модельді міну арман болмайтыны сөзсіз. Қазір ТМД елдерінде дәл осы Corolla-ға қызығушылық өте жоғары деңгейде. Оның үстіне жаңа модель 2 литрлі қозғалтқышпен шықты, бұл Қазақстанның қалааралық жолдарына таптырмайтын көлік. Демек көп ұзамай, шамамен келер жылдың жаз айларында келіп қалуы әбден мүмкін, - деді автокөлік саласының маманы.

Бағасы жағынан да қолайлы болмақ

Corolla седанының ең қарапайым комплектациясы 9 миллион теңгенің шамасында. Демек орташа және люкс санатындағы сегментке шамамен 2-3 миллион теңге қосылады. Сонда көліктің шарықтау құны 11-12 миллион теңге барады деген сөз. Бұл еліміздегі көлік нарығының орташа бағасы деп айтуға болады.