Жаңа әліпби: 7 жоба

31 Тамыз 2019, 22:05 9771

Жаңа әліпбиді тез үйрену жолдары

Қазақстан осыған дейін саяси реформа мен экономикалық түлеуді бастан кешті. Екі рет жаңғырудың жай-жапсарын түсінді, түйді десек болады. Ал үшінші жаңғырудың жайы қалай?

Қазақстан 2025 жылы латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшеді. Яғни, бірер жылда ана тіліміз бен ұлттық санамызда сілкініс орнататын жүйе іске қосылады. Әрине, бұл жеңіл жүзеге асар дүние емес. Сондықтан да, Елбасы мұны іске асыруға асықпады. Тәуелсіздік алған жиырма алты жылдан кейін ғана әлемде болып жатқан рухани өзгерістерді байыптап, бәсекеге төтеп берудің жолдарын бажайлап, нақты жоспар ұсынды. Қазақ жазуының тарихына зер салып, қилы кезеңдерді зерделеді. V-VI ғасырдан түркілердің төл жазуы болғандығын, X-XX ғасыр аралығында араб жазуының қолданысқа енгендігін, тар заманда кирилге көшкендігін саралап, ХХІ ғасырда әлемдік өркениет пен техника тілі латын графикасына көшер кез келгендігін ашық айтты.

Әлбетте жаңа бастама, жаңа әліпби бізді жаңа мүмкіндіктер мен толағай табыстарға жетелейтіні сөзсіз. Себебі уақыт сынынан өткен, өміршең таңба латын графикасы болып отыр. Оны әлемнің 80 пайызы пайдаланады. Соған сәйкес латын графикасы – әлемдік ақпарттың, ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологияның тілі.

Кіші маштабта қарар болсақ – латын графикасы түбі бір түркі жұртының ортақ таңбасы да болмақ. Байқап қарасаңыз, бауырлас халықтардың басым бөлігі, яғни, 58 пайызы латын графикасын қолданады. Бұл тізімге бізден басқа қырғыз, татар, якут, башқұрт, чуваш кірмеген екен. Айырқалпақты ағайыннан өзгесі Ресей Федерациясының құрамында болғандықтан латынға көше алмайтыны да анық. Ал жоғарыдағы пайыздық көрсеткішті жақын жылда Қазақстан арттыра түспек. Осылайша тасқа қашалған тарихы мен таңбасы ортақ түркі жұрты техника тілінде де түсінісетін болады. Түйіндей келгенде, латын графикасына негізделген әліпби – түркі әлемінің тұтастығының, ықпалдастығының төте жолы болмақ. 

Жаңа әліпби – азаттығымыздың айғағы, қоғамдық санамызға қозғау салатын құбылыс. Біз төл әліпбиімізді тілдік ерекшеліктерімізге сай жасай отырып, халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік аламыз. Ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашылып, өзіндік ізі қалдыруға мүмкіндік туады.

Әліпби тек жазу құралы емес екендігін жоғарыдағы деректерден аңғардыңыз. ІТ технология қарыштап дамыған заманда қаріптің де өрісі соншалықты кеңіген. Сондықтан әліпби ауыстырғанда басты назарда ұстайтын дүние таңбаның ІТ талаптарына сай келуі. Онсыз әліпбидің, одан қалды халықтың алға қадам басуы күмәнді. Осы тұрғыда латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді әзірлеуші және насихаттаушы «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» комерциялық емес акционерлік қоғамының әзірлеген жобаларын халыққа таныстыруды жөн санадық.

Тақырыпқа тұздық. «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге арналған бағдарламалық тапсырмасына сәйкес қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттерін атқарады.

«Біз таңдаған бағыт, біз таңдаған жол

жаһандану дәуірінде жаңа биіктерге бастайтын қадам»

Оразкүл Асанғазықызы, қоғам қайраткері: 

– Қазақ тілі - білім мен ғылым­ның, биз­нес пен биліктің, қоғамдық саланың барлығында қолданылатын тіл. Бүгінде осындай мүмкіндігі зор тілді барлық салада жетекші тілге айналдыру мәселесі кезек күттірмейді. Себебі тілі, ұлттық рухы еркіндік алмаған мемлекетті толық тәуелсіз деп айта алмаймыз. Сондықтан да Елбасы екі жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Ал ру­хани жаң­ғырудың тетігі – қо­ғам­дық сананы жаңа сатыға көте­ру десек, онда мұндай биік мақсатта тілдің күші мен қасиетін қолданбасқа болмайды.  Тіл – тек қарым-қа­ты­нас құралы болса, онда өрке­ниет­ті әлемде оған онша мән де, мақ­сат та үстемелемес еді. Тілді сақтау ұлт­ты сақ­таудың тікелей кепілі. Мұны өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялы­­лары мен кешегі Бауыржан Момышұлы секілді ұлт тұлғалары сан рет ай­т­­ты, сол үшін күресті де. Ахмет Байтұрсынұлы  ХХ ғасырда: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» десе, кеңестік ұлтсыздану тұсында Баукең: «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деп жазған болатын. Ал сол тіл арқылы қалыптасқан мәдениеттің кейінгіге дәнекері қатталған қағаздағы таңба. Осы тұста біз тұтас халық болып тамаша шешімге келдік. Жұдырық болып жұмылып, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауға, үйренуге, үйретуге талпындық. Себебі біз таңдаған бағыт, біз таңдаған жол жаһандану дәуірінде жаңа биіктерге бастайтын қадам екендігіне сеніммен қараймыз.

Бүгінде әлем халықтарының 1,5-2 миллиардқа жуығы латын әліпбиін пайдаланады. Кириллицаны ұстанып отырғандар саны бар болғаны 300 миллионды құрайды екен. Сондықтан егемен қазақ елі білімнің, ғылымның, IT технологияның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін сара жолға түсуі керек. Әлемде озық 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін қолданады, ал экономикасы қарыштап дамыған ең мықты 10 мемлекеттің – 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиін қолданады. Ал кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады.

Сонымен қатар латын графикасы ақпараттың тілі. Оған дәлел, 2005-2015 жылдары 12,5 миллион мақала жарық көрсе, соның 55-75 пайызы латын графикасында жазылыпты. Ең көп сілтеме жасалатын ғылыми мәтіндердің – 61 пайызы латын, 2,7 пайызы – кирилл қарпінде екенін ғалымдар мен сарапшылар алға тартып отырғаны қай-қайсысымызды да ойландырса керек. Сондай-ақ, физикадағы бірліктер жүйесі, химиядағы элементтердің периодтық кестесі, математикадағы, биологиядағы, географиядағы, және тағы да басқа ғылымдардағы таңбалар, шартты белгілер осы латын әліпбиінде таңбаланады.

Ендеше бұл біздің ешбірімізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі біздің тұрмысымызға әлдеқашан еніп кетті. Сондықтан бұл құбылыс қазаққа тосын дүние болмады. Ендігі жаңа әліпбиді үйренуге тоқталайық.  Әлбетте, мемлекет тарапынан жасалатын реформаның қайсысы болсын көпті толғандыратыны анық. Сан сауалдың көкейде сайрап, күмәнмен қарау да заңдылық. Десе де, біз таңдау жасап, даңғыл жолға шығып кеттік. «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекшілігімен кез-келген жастағы және түрлі саладағы мамандарға жаңа әліпбиді үйрету, оқыту жұмыстары басталып кетті. Ауыл-аймақтарды аралап, насихат тобы мен тіл мамандары жаңа әліпбидің емле, ережесін түсіндіріп, түрлі семинарлар мен дәрістер ұйымдастыруда. Сан сала мамандарына 72 сағаттық курс та жүріп жатыр. Сол курстан өтіп, сертификат алған мамандар әріптестеріне, оқушылар мен ересектерге дәстүрлі дәріс өткізеді. Ал жаңа медианы еркін меңгерген азаматтар үшін қаріп үйренудің тиімді тәсілдерін телефондарына салып берді.

Иә, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы былтырғы жылы талай ІТ жобаның тұсауын кесті. Атап айтар болсақ, орталық дайындаған тың жоба - «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы.

«Qazlatyn.kz» ұлттық порталы – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы жайындағы барлық деректерді жинақтап, күнделікті ақпарат таратып отырады. Ал порталдың Qazlatyn көпфункционалды конвертерінде электронды мәтінді кирилден латынға, төтеге және керісінше сәйкестендіру қызметтерін кез-келген адам пайдалана алады. Бұл жаңа әліпбиге ауысу барысында құжат толтыру мен қателерді анықтау үшін таптырмайтын көмекші құрал. Себебі, жаңа әліпбидің емле, ережесін сіңіріп болмаған сіз бен біз үшін конвертер көмекке келеді. Мұнда пайдаланушы 5000 символға дейінгі мәтінді көшіріп салу арқылы немесе қолмен теру арқылы сәйкестендіре алады.  Қолданушыға ыңғайлы болу үшін Microsoft Office форматындағы кез-келген құжатты файлдық конвертер арқылы сәйкестендіруге болады. Қолданушылар конвертердің Windows-қа арналған оффлайн нұсқасын, iOS, Android жүйелеріне арналған қосымшаларын, GitHub веб-сервистік порталына арналған қосымша плагиндер жиынын, Microsoft Office пакетіне арналған қосымшаларды, Chrome браузеріне арналған конвертердің плагинін, CMS және деректер базасына арналған конвертерді жүктей алады. Бүгінде сайтта –  32500 көрілім, ал құжаттарды аудару – 2293 болса, ал жалпы сәйкестендіру саны 500 мың шамасында.

«ІТ жобаларымыз халық кәдесіне жарайтынына кәміл сенеміз»

Сұлтанбек Қабылов, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ Ақпараттық технология және сараптама басқармасының бағдарламашысы: 

– Қоғам әлдеқашан дамудың жаңа кезеңіне көшті. ХХІ ғасыр толассыз ақпарат ғасыры деп аталады. Сондықтан заман талабына сай адамдар мәлімет алмасып, байланыс орнату үшін ақпараттық технологияларды, техниканы жиі тұтынады. Дәлірек айтсақ, ІТ технология өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналды. Бәріміз көмекші құрал ретінде смартфонды қолданамыз. Тіпті ата-аналар балаларына 1-сыныпқа барғаннан бастап қалта телефонын алып беріп жатады. Яғни, ересектерге қарағанда мектеп жасындағы оқушылар, жастар техника тілін әлдеқайда жақсы меңгерген. Бұл қуантатын құбылыс. Қазақ қоғамының заман сұрасына сай, жаңалыққа құмар және өркениеттен кеш қалмағандығын көрсетеді. Бүгінде біз смартфонды қалай қолдану керектігін, пайдалы ақпаратты қайдан табуға болатындығын, түрлі бағдарламалар арқылы өте жақсы білеміз. Ал қазақстандық ІТ технологияның дамуы үшін әліпби ауыстыру өте дұрыс шешім болды деп сеніммен айта аламын. Басқа саладағы жетістіктер мен алға жылжуларды былай қойғанда тіл үйрететін, қаріп таныстыратын, тұтынушының көз дағдысын қалыптастырып, жылдам оқу техникасын жетілдіретін жобалар жасау барысында қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделе жасалуы көп жеңілдік әкелді. Осы ретте, біз де мүмкіндіктерді пайдалана отырып қоғамға қажетті ақпараттарды жылдам әрі оңай жеткізу үшін және жаңа әліпбиді жылдам үйренуге мүмкіндік беретін бірнеше таңдамалы IT жобаларды әзірледік. Соның ішінде қолданушысы көп және қызметі де ерекше жобаның бірі- «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы.

Осы тұста мен кәсіби маман ретінде латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге ауысудың тиімділіктеріне тоқталғым келеді. Әлемде ақпарат пен техниканың басым бөлігі ағылшын тілінде. Ал ағылшын тілі латын графикасын тұтынады. Кез-келген ІТ жоба жасау үшін латын графикасын пайдаланамыз. Латын графикасының тиімділігін түсіну үшін жалпы бағдарламашы болудың да қажеті жоқ. Сіз күнделікті компьютерде жазба жазғанның өзінде ағылшын тілінде атау, математикалық символдардан немесе арнайы таңбалардан құралса, онда қазақ тілінде ғылыми мәтіндерді теру мүлде баяу жүреді. Тіпті, таңбаның өзін теру үшін пернетақтада не орыс тіліне, не ағылшын тіліне ауыстыруға тура келеді. Бұл мәселенің бір жағы ғана.

Компьютерде кез келген бас әріп, кіші әріп (символдар) код арқылы ажыратылады. Компьютердегі бағдарламалардың күрделілігі, оларды жасауға өте көп қаржы жұмсалатыны, төл әріптердің кодтау кестесінде жоқтығы көптеген қиындықтар туғызады. Сандық Қазақстан жүйесін іске қосу үшін де латын әліпбиіне көшудің қажеттіліктері тайға таңба басқандай байқалады. Мәселен:

Бағдарламалар жасау тілдерін, деректер базасын басқару жүйесін, мәтін редакторларын әзірлеу барысында тоғыз төл әрпіміздің кодтау кестесінде жоқтығы компьютерде жұмыс істеуде қиындықтар туғызады. Бұл мәселені әліпби ауыстыру арқылы шешуге болады.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуіне мүмкіндік ашады. Ғылым мен білімнің, техника мен технологияның тілін игеріп, қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеп, бәсекеге сай болашақ жастарымыздың жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады.

Жаңа әліпбидің мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып әзірлеген біз ІТ жобаларымыз да халық кәдесіне жарайтынына кәміл сенеміз. 

«Әліпби ауыстыру ісі қаріп кестесін жасаумен бітпейді»

Мөлдір Бақытқызы, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-ның Ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы: 

– Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру үрдісінің ерекше­лік­теріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Мұны сан рет айтсақ та артық емес. Себебі бүгінде техника мен технологияның жілігін шағып, майын ішкен айтулы мемлекеттер ғана әлемдік үстемдікке ие болып отыр. Сондықтан латынға көшу бізге ең бастысы экономикалық тұрғыдан қажеттілік.

Әліпби ауыстыру қай қоғамда да жеңіл әрі жылдам жүрген емес. Халық арасында насихат немесе қатаң билік болуы тиіс. Біз бірінші жолды таңдадық. Елге ерік беріп, өз ойын ортаға салуға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде жастар латын графикасына негізделген төл әліпбиімізді жасауға құлшыныс танытты. Студенттерді былай қойғанда мектеп оқушылары да әлеуметтік желіде қолдайтындықтарын жеткізіп жатты. Неге? Біріншіден, латын әліпбиі әлемдік ақпарат алмасуда еш қиындық тудырмайды. Екіншіден, біздің жастар қазір ІТ технологияға қызығушылық танытып отыр. Олар білімінің бәсекеге қабілетті болғанын, жұрттан қалмағандығын қалайды. Ал олай болса техника тілі латынды ғана түсінеді. Үшіншіден, жастар бүгінмен емес, ертеңмен ойлау дағдысына көшкен. Бұл ХХІ ғасыр жасының үлкен жетістігі. Әліпби ауыстыруда, таңба белгілеуде жауапты мекемелер тек тіл мамандарының пікіріне сүйенбеу қажет. Әліпби жасауда қазіргі таңда ең алдымен бағдарламашылардың кәсіби кеңестері, ой-пікірі маңызды. Себебі, жаңа әліпби жалпы қоғам үшін қолайлы, техника үшін түсінікті болуы тиіс.

Сонымен қатар әліпби ауыстыру ісі қаріп кестесін жасаумен бітпейді. Ол халықтың жеңіл қабылдауы үшін түрлі тетіктер мен шараларды қамтуы керек. Соның ішінде жаңа әліпбиге негізделген орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерден бастап, қолданушыға қажетті барлық ресурстар қолда боларлықтай әлеуетті әзірлеу басты міндетке жатады.

Әлбетте, бүгінде кез келген тілді жылдам үйреніп алуға мүмкіндік бар. Ғаламторға кіріп, «тіл үйрену немесе үйретудің тиімді жолдары» деп іздеуге енгізетін болсақ, бірнеше емес, мыңдаған тиімді бағдарламаларды көруге болады. Бірақ, бір өкініштісі, бұл бағдарламалар өзге тілді үйренуге мүмкіндік береді. Ал қазақ тілін үйренуге арналған жобалар аз. Көбіне мемлекеттік тапсырыспен ғана әзірленеді. Мемлекеттік тапсырыспен әзірленген жобалар тегін болатыны түсінікті. Яғни, смартфонға ақысыз жүктеуге болады. Бірақ көптің ойындағы «арзанның сорпасы татымас» деген жаңсақ, жатанды дүниені ысырып тастау қиын. Сол себепті де қолданушысы аз болады. Мәселен, mondly, parla X, duolingo, lingualeo сынды әлемдік платформаларды жеке компаниялар әзірлеген. Яғни, бәсекелестік орта бар, түпкі мақсат – қолданушыларды көбірек тарта отырып, ақша табу. Сол сияқты біздің қоғамға да бәсекелестік ортада әзірленетін, қазақ тілін үйретуге арналған платформаларды көбейту қажет. Альтернатива көп болған сайын мемлекеттік тілді үйренудің де жолы жеңілдей түседі. Сол арқылы мемлекеттік тілді үйретіп қана қоймай, мәдениетін де, әдебиетін де танытуға болады. Біз де әлемдік брендтерден қалыс қалмай, 2018 жылы машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған веб-сервис-«Tilqural.kz» порталы әзірледік.

«Tilqural.kz» портал – қарапайым деңгейдегі мемлекеттік тілді және латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиі мен жаңа емле ережесін таныстыру, үйрену, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған веб-сервис. Сервисте қазіргі уақытта қарапайым деңгейде (А1) қазақ тілін үйренуге арналған 24 сабақ бар. 2020 жылы А2, В1 деңгейлерін оқуға болады.

«Tilqural.kz» порталы – өздігінен оқуға арналған интерактивті курс. Курс сабақтары онлайн тегін жүреді. Бар болғаны сайтқа тіркелсеңіз болғаны. Мұнан соң жаңа қазақ әліпбиі мен мемлекеттік тілді тегін оқу мүмкінігіне қол жетеді. Барлық жаттығулар интерактивті түрде берілген әрі тиімді әдістемелерге негізделген. Олардың көмегімен ережелерді меңгеріп, сөздік қорыңды байытасың және оқылым, тыңдалым дағдыларын жақсартасың. «Tilqural.kz» порталының мобильді қосымшасын Google play, App Store арқылы жүктеп, пайдалана аласыз. Ең бастысы қазақ тілін кез-келген жағдайда, кез-келген жерде оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі кез келген сөздің мағынасын бір мезетте тауып беретін Sozdikqor.kz жобасы іске қосылды.

Sozdikqor.kz порталы - әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздердің, тұрақты сөз тіркестерінің, қазақ тіліндегі көне сөздердің, кірме сөздердің, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын білуге, танысуға, көруге мүмкіндік беретін платформа. «Sozdikqor.kz» порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады. Порталдың (https://sozdikqor.kz/about) iOS, Android үшін  мобильді  қосымшалары мен telegram-бот қосымшасы бар.

Болашақта «Sozdikqor.kz» порталына  қазақ тілінде бар сөздіктердің барлығы енгізіледі деп жоспарлануда. Бүгінде бұл платформада 200 мыңнан астам сөз грамматикалық және техникалық тексеруден өтіп, көпшілік қолдануына ұсынылды. Сөздер әріптік ретпен берілген. Ал шет тілдерінен енген сөздердің, қысқарған сөздердің өзіндік реттілігі бар. Microsoft Office программаларына арналған іздеу плагині де іске қосылған. Демек, сіз Microsoft Word программасында жұмыс жасап отырып сөздерді сайттан іздеп, мағынасын сол сәтте біле аласыз. «Тіл-Қазына» орталығы даярлаған тағы да таңдаулы, қолданбалы жобалардың 5-тігіне тоқталсақ. Олар iOS, Android үшін ойын форматында жасалған 5 мобильді қосымша.

«Zerek bala» - интелллектуалдық ойыны. Ойындар бірнеше сатыдан тұрады. Қосымшалардың мақсаты – қолданушыларға жаңа әліпбиді үйрету, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру. Ойын 3 жастан жоғары балалар мен ересектерге арналады. «Zerek bala» ойынының басты ерекшелігі – жаңа қазақ әліпбиінде жасалған. Онда ойыншы жеті тақырыпты таңдай отырып, әріптерден сөздерді құрастырады. Бұл баланың көз дағдысын қалыптастырып, әріп үйренуіне, логикалық дамуы мен жылдам әрекет етуіне мүмкіндік жасайды. Ойын барысында жеңілдіктер де қарастырылып, бонустар беріледі. Бұл психологияда ынталандыру әдіс деп аталады. Яғни «Zerek bala» әліпби үйренуге арналған ойын ғана емес, бала дамуының дәнекері. 

«ILES» - ересектерге арналған қосымша. Мұнда латын графикасындағы қазақ әліпбиі үйретіледі. Толық оқу курсы десе де болады. Бірінші кезекте әліпбимен таныстырылса, екінші сөздердің жазылу ережесі түсіндіріледі. Келесі кезеңде ережені меңгеруге арналған жаттығулар беріліп, қорытынды кезеңде жазба жұмысы орындалады. Оқушының меңгергендігі, курстың деңгейі пайыздық көрсеткішпен беріліп отырады.

«Sóz álemi» - ересектерге арналған мобильді қосымша. Аталмыш ойын арқылы тұтынушы интеллектуалдық деңгейін бағамдай алады. Ойын барысында тақырыпшаларды таңдай отырып, әрбір деңгейде әріптік мозайкаларда берілген жасырылған сөздерді табуы тиіс. Әрбір тақырыпша 10 деңгейден тұрады. Ал тақырыпша тапсырмасы толық орындалған жағдайда автоматты түрде келесі тақырып ашылады.

«Jasyryn sóz» - 3-8 жас аралығындағы балаларға арналған интеллектуалдық қосымша. Ойын дизайны мен тапсырмалары баланың зерікпеуіне және көздің талмауына сай жасалған. Бала бұл ойында суреттерді тану арқылы сөздерді табады. «Jasyryn sóz» ойынының шартына сай тапсырмалар жеңілден күрделіге көшіп отырады. Ойын барысында жылдам ойлануына, зеректігіне сай түрлі сыйлықтар тарту етіледі. Ойын 3D форматында жасалған.

«Sózdi tap» - интеллектуалдық ойыны да балаларға арналған қосымша. Онда 12 деңгейлік ойын берілген. Белгіленген әріптерден бірнеше сөз құрастыру қажет. Сол арқылы баланың тілдік базасы кеңейеді. Сауатты жазу дағдысы қалыптасады. Әрбір дейгейлік тапсырма күрделеніп, баланың жалықпауына септігін тигізіп қана қоймай, табандылыққа тәрбиелейді.

«Мобильді қосымшалар әлемдік талаптарға сай жасалды»

Рымбек Ізғали, ІТ жобалар авторы: 

– Жоғарыда айтылған мобильді қосымшалар әлемдік талаптарға сай жасалды деп толық айта аламын. Тек әркез жетілдіруді талап етеді. Бүгінде әрбір баланың қолында смартфон. Оны ұстамау керек дейтіндермен де келісе алмаймын. Себебі, ол бүгінгі күннің талабы. Сіз де, біз де мұны өзгерте алмаймыз. Қазір ешбір балаға кітапты қолға қинап ұстатып оқыта алмайсыз. Ашығын айтсақ, сол кітап тұтасымен телефонымызда. Сондықтан баланың телефоннан, интернеттен, нені қарайтынын, нені ойнайтынын бақыласақ болғаны. Білмейді екен, жаңа, тиімді, қызық әрі қажет дүниені өзіңіз көрсетіп жіберіңіз. Әл-Фараби бабамыз: «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген даналық сөзі бар. Сондықтан мен бұл ойындарды өз балаларымның келешегі үшін жасадым десем де болады. Оларды немен қызықтыруға болады, телефонды тиімді пайдалану үшін не істеу керек деген ойлардың жетегімен осындай дүниелер жасалды. Әрине, жоба «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  тапсырысмен  жүзеге асты.

«Балаларға «IQdos» және «Durys sóıleıik» анимациялық фильмдері әзірленді»

Жазира Әшірбек, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-ның Ақпараттық технология және сараптама басқармасының редакторы: 

– Латын әліпбиіне негізделген жаңа қаріпті қоғамда кеңінен насихаттау мақсатында түрлі шаралар жасалып жатыр. Соның бірі 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 15 бағдарламадан тұратын «Тілтаным» ток-шоуы республикалық телеарнадан көрсетілетін болады. Телебағдарлама латын негізді қазақ әліпбиін үйретуге, көнерген сөздерді қайта жаңғыртуға, терминқорды жасауда қоғамдық пікір, көзқарас қалыптастыруға және қазақ дубляжын дамытуға үлес қосуға бағытталады. Бағдарлама жеңіл әрі тартымды форматта халықтың назарын жылдам аударып, қоғамның жаңа әліпби жөнінде ұғым ғана емес, тереңдей түсінуіне мүмкіндік береді. 

Ал 2017 жылғы әзірленген «Сөз қазынасы» мультфильмі 2018 жылы «Балапан» телеарнасында көрсетілді. Бұл мультфильм көрермендердің көңілінен шығып, телеарна бір емес, бірнеше рет көрсетуде. Арнадан бөлек «YouTube» каналда мультфильмнің толық топтамасы 1,6 млн-ға жуық көрсетілім жинады.

Латын графикасымен таныс емес балаларға «IQdos» және «Durys sóıleıik» анимациялық фильмдері әзірленді. 3D графикада жасалған мультфильмнің ұзақтығы – 5 минут. «IQdos» анимациялық фильмнің кейіпкерлері жаңа әліпбидегі әріптердің әрқайсысын көрермендерге жеке-жеке таныстырады. Бұл туындыны балалар жақын арада «Балапан» телеарнасынан тамашалай алады.

Сонымен қатар, «Селтең сері» 3D графикада жасалған толықметражды анимациялық фильмі қазақ тілінде дубляждалды. «Прыг-скок» мультфильмі – Арман Бейсембайдың авторлық жобасы. Көрсетілім кезінде дыбысталумен қатар қазақ әліпбиінде субтитр берілді.

«Тіл-Қазына» орталығы осындай ауқымды жобалар арқылы бүкіл халықты жаңа әліпбиге үйретуді мақсат етеді. Себебі тіл халыққа ортақ қазына. Әліпбиді қолдану барысында қандай да бір олқылықтар мен артықшылықтар болса tilalemi.kz@gmail.com электронды поштасына пікіріңізді жолдауға болады. Халықтық істен қалыс қалмаңыз! 

Латын - ғылымның тілі. Халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер береді. Сондықтан латын әліпбиі әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын әрбір қазақстандық азамат білуі, сезінуі тиіс. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Әлемде ақпараттың 90 пайызы осы латын таңбасында таралатынын қаперде ұстауымыз ләзім. Ақпарттық қоғамда ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияның иесі де сол деген жазылмаған заңдылық бар. Алайда әліпби ауыстыру сегіз жылда еңсере салар дүние емес. Ол да эволюциялық дамудан өтеді. Көршілес мемлекеттерге көз салсақ, бұл процесс Түркияда 30 жылға, Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға созылған екен. Бастысы бізде мақсат айқын. Ұлттық болмысымызға, тілдік ерекшелігімізге сай төл таңба жасау. Біз латын әліпбиіне көшу жоспарын  да жасадық. Жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Нақты белгіленген кестеге сай жасалған істердің бір парасын жоғарыда тізіп өттік. Осы жүйеден ауытқымаймыз. Бұл менің емес мамандардың тобықтай түйінді сөзі. Дегенмен тіл ортақ, қазаққа әліпби ортақ.

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: