«Жаңа жылды тойламаймын». Мерекеге салқын қарайтындардың шынайы себебі

«Жаңа жылды тойламаймын». Мерекеге салқын қарайтындардың шынайы себебі

Жаңа жылдық демалыс - жыл ішіндегі ең ұзақ мерекелердің бірі. Алайда бұл кезең баршаға бірдей қуаныш сыйлай бермейді. Кейбір адамдар Жаңа жылды атап өтуден саналы түрде бас тартып, бұл күндерді қарапайым жұмыс күніндей өткізуді жөн көреді. Мұның себептері қандай?

Неге адамдар Жаңа жылды тойламайды?

Психологтардың айтуынша, Жаңа жылды атап өтпеуге итермелейтін бірнеше психологиялық және өмірлік фактор бар:

  • Шулы және жаппай мерекелерден шаршау. Интроверттер немесе мазасыздыққа бейім адамдар үшін көпшілікпен, даңғазамен өтетін шаралар керісінше стресс тудыруы мүмкін.
  • Жағымсыз өткен тәжірибе. Бұрынғы мерекелермен байланысты ауыр естеліктер немесе жанға бататын жағдайлар Жаңа жылға деген салқын көзқарасты қалыптастырады.
  • Балалық шақтағы тәрбие. Кей отбасыларда мерекелер еленбеген, «бұл - жай күн» деген ұстаным болған немесе эмоцияны ашық көрсетуге тыйым салынған.
  • Қатты шаршау. Мерекеге дайындықтың өзі (тазалық, сыйлық, дастархан) кей адамдарды қажытып, «ештеңе істемей, тыныққым келеді» деген ойға әкеледі.
  • Көңіл күйдің төмендеуі немесе депрессия. Бұл жағдайда адамда қуаныш сезімі бәсеңдейді, өмірге қызығушылық азаяды, әлсіздік пен енжарлық пайда болады.

Саналы таңдау ма, әлде маусымдық депрессия ма?

Клиникалық психологтар болса, Жаңа жылды атап өтпеу әрдайым проблема емес екенін айтады. Егер бұл адамның саналы таңдауы болса, онда ол толықтай қалыпты жағдай.

Жыл соңына қарай көп адам жұмыс пен тұрмыстық мәселелерден қатты қажиды. Желтоқсан - есептер, дедлайндар, жауапкершілік көбейетін кезең. Бұған қоса, кей адамдарда қараша-желтоқсан айларында эмоциялық төмендеу айқын сезіледі. Сондықтан бұл уақытта өз жүктемеңізге, өмір салтыңызға және демалыс пен ләззаттың тепе-теңдігіне назар аудару маңызды, - дейді психолог Евгений Кириллов.

Мамандардың айтуынша, кей жағдайда Жаңа жылға деген немқұрайлылық маусымдық аффективті бұзылыспен байланысты болуы мүмкін. Бұл құбылыс көбіне «қысқы депрессия» деп аталады.

Қыста күн сәулесінің азаюы ми қызметіне әсер етеді. Атап айтқанда, гипоталамус мелатонин мен серотониннің бөлінуін және ағзаның биологиялық ырғағын реттейді. Осы процестердің бұзылуы ұйқының сапасын төмендетіп, көңіл күйдің құлдырауына әкеледі. Соның салдарынан адам мерекеден де қуаныш сезінбеуі мүмкін.

Жоспарлаудың пайдасы бар ма?

Психологтар жаңа жылды эмоционалдық тұрғыдан жеңіл қарсы алу үшін маңызды істерді алдын ала аяқтауға және келесі жылға жоспар құруға кеңес береді. Алайда бұл жоспар қысым емес, керісінше тірек болуы керек. Ол үшін:

  • орындалуы мүмкін емес, тым ауқымды мақсаттардан аулақ болу;
  • кемінде үш маңызды істі белгілеу;
  • әр жоспарға балама нұсқаларды ойластыру;
  • тек өзіңізге шынымен қызық істерді ғана енгізу маңызды.

Дегенмен, бұл тәсіл күнделікті өмірінде жоспарлау жүйесін қолданатын адамдарға көбірек сәйкес келеді.

Мереке кезінде өзіңізді қалай қолдауға болады?

Уақытша шаршау, қалыпты құбылыс. Бірақ ұзақ уақыт бойы адамдардан оқшаулану, қоғамнан қашу алаңдататын белгі. Егер мұң мен жабырқау жұмысқа, қарым-қатынасқа немесе күнделікті өмірге кедергі келтірсе, маманға жүгінген жөн.

Психологиялық саулықты қолдаудың қарапайым, бірақ тиімді тәсілдері бар:

  • теңгерімді тамақтану;
  • жеңіл дене жаттығулары;
  • таза ауада серуендеу;
  • «мінсіз мереке» стандартынан бас тарту, шамадан тыс күту керісінше күйзеліс тудыруы мүмкін.

Сонымен қатар психологтар мерекелік көңіл күйді міндетті түрде дәстүрлі форматта іздеудің қажеті жоқ екенін айтады. Отбасылық шағын кешкі ас, бірге киноға немесе театрға бару, мұз айдынында сырғанау немесе жай ғана қаланың безендірілген көшелерін тамашалау да жеткілікті.

Эмоционалдық жақындық пен тірі қарым-қатынас адамның психологиялық жағдайын жақсартып, жыл бойғы қиындықтарды жеңіл қабылдауға көмектеседі.

Бұған дейін, Жаңа жылдық дастарханға қанша шығын кететіні жөнінде жазған едік.