Жаңа жыл қарсаңында қалай және қанша табыс табуға болады?

Кеше, 10:10 354

Жаңа жыл – отбасын біріктіретін көңілді мереке ғана емес, сонымен қатар қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін тамаша уақыт. Себебі бір-біріне керемет көңіл күй сыйлау мақсатында адамдар түрлі сыйлықтар табыстауға асығады. Тиісінше түрлі тауарлар мен қызмет көрсету саласының өкілдеріне сұраныс артады деген сөз. Осы орайда біз ерекше мейрам қарсаңында қалай және қанша табыс табуға болатынын сараптап көрдік. Соның ішінде El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ең тиімді және танымал тәсілдерді назарларыңызға ұсынады.

Жаңа жыл қарсаңында бірер сағаттық жұмыс үшін 80 мың теңгеден бастап 900 мың теңгеге дейін пайдаға кенелуге болады. Иә, шалыс естіген жоқсыз, қымбат мейрамхана курьерлерінің бір айда шынымен де қомақты қаражатқа кенелуге мүмкіндігі бар. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.

Қолөнер мен шығармашылық идеялар

Орташа табыс – күніне 30- 50 мың теңге

Егер сіз шығармашылыққа жақын болсаңыз немесе өзіңіз қолдан неше түрлі бұйым жасағанды ұнатсаңыз, дәл қазір өз әлеуетіңізді паш ететін уақыт. Мұндай өнімдер әдетте ерекше әрі эксклюзивті болғандықтан, көпшілік тарапынан қызығушылық тудырады. Ал қолдан жасалған бұйымдарды сатуға әлеуметтік желілерді, маркетплейстерді пайдаланыңыз.

Сатуға болатын идеялар:

Жаңа жылдық шырша ойыншықтары. Өз қолыңызбен жасалған, әдемі боялған, тіпті жеке тапсырыспен дайындалған ойыншықтар адамдарға ұнайтыны сөзсіз.

Құттықтау ашық хаттары. Қолмен жасалған, ерекше дизайндағы ашық хаттар бүгінде ерекше құнды.

Қойын дәптер. Pinterest-тегідей блокноттарды өз қолыңызбен жасап, күніне 50 мың теңгеге табыс таба аласыз.

Тоқыма бұйымдар. Тоқылған шұлықтар, шарфтар немесе қолғаптар жаңа жылдық сыйлық ретінде керемет таңдау.

Мерекелік декорациялар. Шыршаларға арналған гирляндтар, қабырға безендірулері немесе терезе стикерлері.

Бұл өнімдерге деген сұраныс желтоқсан айының басында артып, мереке қарсаңында шарықтау шегіне жетеді. Сондықтан уақыт жоғалпауға кеңес береміз.

Аспаздық өнімдер дайындау және сату

Орташа табыс – күніне 30 мың теңгеден бастап

Мерекелік дастарқан – әр үйдің ажырамас бөлігі. Егер сіз дәмі тіл үйіретін тағам түрлерін дайындай алсаңыз, онда Жаңа жыл – осы қабілетіңіз арқылы табыс табуға таптырмас мүмкіндік. Себебі таңнан кешке дейін жұмыста жүрген адам дайын аспаздық өнімдерді сатып алуды жөн көреді.

Ең танымал өнімдер:

Жаңа жылдық торттар. Құрамында зімбір, даршын немесе шоколад бар торттар мерекелік тақырыпқа сәйкес келеді.

Мерекелік безендірілген печенье. Әртүрлі пішіндердегі (қоңырау, шырша, жұлдыз) печеньелерді түрлі-түсті глазурьмен сәндеңіз.

Мерекелік кәмпиттер. Қолдан жасалған шоколад немесе тәттілер эксклюзивті сыйлық ретінде қолайлы.

Дайын мерекелік тағамдар. Салаттар, тәттілер, тіпті дайын ет тағамдары үлкен сұранысқа ие.

Өз қолдарыңызбен дайындаған «туындыны» Instagram, TikTok желілері немесе WhatsApp-тағы чаттар арқылы сатуға болады. Сондай-ақ жаңа жылдық жәрмеңкелерге қатысу арқылы да тұтынушылар базасын кеңейте аласыз.

Асаба

Орташа табыс – тәжірибелі асабалар бұл кезеңде 2 миллион теңгеден бастап 10 миллион теңгеге дейін табады.

Сөзге шешен, жұртты елітіп әкете алатындай қабілетіңіз болса, онда жаңа жыл қарсаңында өзіңізді ұжымдық кештердің жүргізушісі ретінде сынап көріңіз. Жаңа жылдық кештерді тойлау маусымы негізі желтоқсан айының ортасында басталып кетті. Мұндай кезеңде іс-шара жүргізушілерінің, диджейлер мен актерлердің бағасы кемінде 30-50%-ға өседі. Айталық, Аяз ата шоуы 50-70 мың теңгеге дейін барады. Ал диджейлер әдетте 50 мың теңгеден алса, Жаңа жылда 100 мың теңге сұрайды екен. Ал тәжірибелі асабалар осы аралықта 2 млн, тіпті 10 млн теңгеге дейін пайда табады.

Жаңа жылдық безендіру қызметтері

Орташа табыс – әр шақырту 20 мың теңгеден басталады

Жаңа жыл қарсаңында үйлер мен кеңселерді безендіру қызметіне сұраныс артады. Егер сіз декорациямен айналысқанды ұнатсаңыз және эстетикалық талғамыңыз жоғары болса, бұл бағыт сіз үшін тамаша табыс көзіне айналуы мүмкін. Ал қызмет түрі кемінде 20 мың теңгеден басталып, әрі қарай тапсырыс берушінің талабына қарай өсе береді.

Қызмет түрлері:

Шыршаны сәндеу;

Үйлерді немесе кеңселерді гирляндтармен, шамдармен безендіру;

Мерекелік дастарханға арналған дизайн жасау.

Бұл қызметтерді ұсыну үшін сізге шығармашылық қиял, қажетті құрал-жабдықтар және жұмыстарыңыздың бірнеше үлгісі бар портфолио қажет.

Аяз Ата және Ақшақар рөлдері

Орташа табыс – әр шақыртуға 8500 теңгеден 100 мың теңгеге дейін

Бұл ­- Жаңа жыл қарсаңында табыс табудың дәстүрлі тәсілдерінің бірі. Желтоқсан айында жаңа жылдық сиқырға деген сұраныс артады, сондықтан студенттерден бастап кәсіби театр актерлеріне дейін ертегі кейіпкерлері ретінде жұмыс істейді.

Құттықтау әдетте 15-тен 45 минутқа дейін созылады және бір шақыртуға 8500-ден 100 мың теңгеге дейін берілуі мүмкін.

Бұл салада жұмысты бастау үшін сізге сапалы костюмдер, сенімді серіктес және мерекені ұйымдастыруда шығармашылық қажет.

Қызмет түрлері:

Балаларға арналған жаңа жылдық кештер ұйымдастыру;

Үйге барып құттықтау;

Корпоративтік кештерге қатысу.

Костюмдерді жалға алу немесе сатып алу қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасауды ұмытпаңыз.

Фото және видео түсірілім қызметтері

Орташа табыс – 100 мың теңгеден басталады

Егер сіз кәсіби камерамен жұмыс істей алсаңыз немесе фото-видео түсіріп, оны өңдейтін дағдыңыз болса, онда қалтаңызды қомпайтуға дайын болыңыз. Себебі мерекелік фотосессиялар мен бейнебаяндар жасап табыс таба аласыз. Мобилографтар әр түсірілімге шамамен 100 мың теңгеден алады. Ал 15 минуттық фотосессия жасау кемінде 10 мың теңге тұрады. Табысыңыз айналып келгенде сіздің ширақтыңыңыз бен шапшаңдығыңызға тікелей байланысты.

Идеялар:

Жаңа жылдық отбасылық фотосессиялар;

Балаларға арналған студиялық фотосессиялар;

Мерекелік кештерді видеоға түсіру.

Курьерлік қызмет

Орташа табыс – шамамен күніне 25 мың теңге, айына 800 мың теңгеге дейін

Соңғы уақытта ең сұранысқа ие мамандық курьер екені анық. Тамақты тапсырыспен алдырып қана қоймай, түрлі тауарларды жеткізуде курьерлердің қызметіне жүгінеміз. Ал Жаңа жыл қарсаңында сұраныс тіпті арта түседі.

Қазірдің өзінде курьерлерге сұраныс күрт артқан. inDrive мәліметінше, былтырғы кезеңмен салыстырғанда соңғы аптада Қазақстан бойынша курьерлік тапсырыстар саны 40% өскен. Алматы мен Астана қалаларында да көрсеткіш күн сайын артып келеді. Сондықтан темір тұлпарыңыз немесе велосипед, мопед секілді көлігіңіз болса, онда уақыты тапшы жандарға қол ұшын созып қана қоймай, тәп-тәуір табысқа кенеле аласыз. Одан қалды автобуспен жүріп те жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның бәрі бұл қызметті қолжетімді ете түседі. Бұл қызметті inDrive жүйесінде, жарнама платформаларында немесе әлеуметтік желілерде жариялап, жылдам іске асыруға болады.

inDrive-тің артықшылығы - таңдау еркіндігінң болуы. Төлем ақысы көңіліңізден шықпаса, тапсырысты қабылдамауға да болады. Бір қызығы, қымбат мейрамханалардың тапсырыстарын жеткізушілер бір айда 900 мың теңгеге дейін табыс таба алады екен. Клиенттердің шайпұл қалдыратыны тағы бар.

Әдетте курьерлер күніне бірнеше сағат жұмыс істеп-ақ 10 мың теңге таба алады. Егер белсенді болсаңыз, табысыңыз да еселене түсетіні анық. Тек мереке қарсаңында көлік кептелісі артатынын жадыңыздан шығармаңыз. Төлем ақысы көңіліңізден шықпаса, тапсырысты қабылдамауға да болады. Бір қызығы, қымбат мейрамханалардың тапсырыстарын жеткізушілер бір айда 900 мың теңгеге дейін табыс таба алады екен. Клиенттердің шайпұл қалдыратыны тағы бар.

Осы орайда компания Алматы мен Астанадағы курьерлер санын арттыру үшін желтоқсан айында оларға қосымша бонустар беруді қолға алды:

- белсенді курьерлердің іріктеу тобы үшін тапсырыстар бойынша жеке мақсаттарға жету үшін бонустар төлеу;

- егер курьер өз танысын қатарға қосып және ол 10 тапсырысты орындаса, онда жаңа тартылған курьер үшін шақырушыға 20 000 теңге қарастырылған;

- алғашқы 3 тапсырыста сервистік төлемді төлегені үшін жаңа курьерлерге бонус. Сондай-ақ бірінші айда 50 шақыртуға барған курьерге 15 000 теңге бонус беріледі.

Басты артықшылығы - көп шығынды қажет етпейді, уақытты өзіңіз таңдай аласыз. Тек мереке қарсаңында көлік кептелісі артатынын жадыңыздан шығармаңыз. Сондықтан бағытыңызды алдын ала жақсылап жоспарлап алуға кеңес береміз.

Сыйлықтарды безендіру

Орташа табыс – күніне 15-20 мың теңге аралығы

Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтарды безендіруге де сұраныс артатыны анық. Сыйлықты жай ғана табыстай салмай, оны барынша әдемілеп бергің келеді. Сондықтан бұл істе де кәсіби мамандарға жүгінетіндер аз емес. Қораптарды әдемілеп безендіру қолыңыздан келсе, онда қосымша табысқа кенелуге мүмкіндігіңіз барын еске саламыз. Ең бастысы, адам көп жүретін сауда орталықтарының маңынан орын тауып алыңыз. Жалғыз өзіңізге 1 шаршы метр аумақ жетеді. Бірақ орын алу көбірек уақытты қажет етуі мүмкін. Одан да қандай да бір дүкен иесімен келісіп, сол орында тұрып безендірумен айналысқан тиімдірек. Қызметті жүзеге асыру үшін сізге небәрі қағаз, пакеттер мен қораптар, ленталар, бант және скотч керек болады. Әр сыйлықты безендіру 2-3 минутыңызды алар, ал әр тапсырыс құны – шамамен 500-1000 теңге. Материалдарға кететін шығыныңыз 150-200 теңгені ғана құрайды. Сізге қолдың шапшаңдығы және үйренуге деген ұмтылыс қана қажет. Себебі интернетті ашсаңыз, безендіруді оңай әрі тез үйрететін видеолар толып тұр. Күніне кемінде 30 тапсырыс қабылдап, оның әрқайсысын орташа есеппен 600 теңге деп бағалағанның өзінде 18 мың теңге пайда таба аласыз.

Көлік жүргізушісі

Орташа табыс – күніне 20-25 мың теңгеден аптасына 200 мыңгеге дейін

Мереке алдындағы сыйлық, азық-түлік алып қарбаласқан тұрғындар тарапынан қала ішіндегі такси қызметіне сұраныс артады. Ал жаңа жылдық демалыста адамдар жиі қонаққа барады. Мұндай кезде көлік жүргізушісі болу - қосымша табыс табудың жақсы тәсілі. Айталық, inDrive серіктес-жүргізушілері күніне 20 мыңнан аптасына 200 мыңға дейін және одан да көп ақша таба алады.  Ол үшін қосымшаны жүктеп, барлық құжаттық тексеруден өтіп, оған тіркелу керек.  Қызметтің бірегей бизнес моделі жүргізушіге жолаушымен сапар бағасын тікелей келісу, сондай-ақ сапар уақытын өзі таңдау секілді өз шарттарын ұсына отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Клинингтік қызмет

Орташа табыс – күніне 20-25 мың теңге

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, мереке де көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді. Үйді безендіру мен дастархан жаю бар да, оның бәрін жинау тағы бар. Ең қиыны да осы процесс. Сондықтан әбден қонақ күтіп шаршаған адамдар мұндайда арнайы сала өкілдерінің қызметіне жүгінеді.

Әдетте жинау 2-4 сағат уақытты алады. Жарнамалардағы клинингтің орташа құны әр тапсырысқа 14 мыңнан басталады. Егер күніне екі тапсырысты орындап үлгерсеңіз, онда бұл 28 мың теңге деген сөз.

Қорытынды

Жаңа жыл қарсаңында табыс табу мүмкіндіктері өте көп. Ең бастысы – өзіңізге ыңғайлы бағытты таңдап, әрекет ету. Әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларды тиімді пайдалану арқылы өз қызметтеріңіз бен өнімдеріңізді кең аудиторияға ұсына аласыз. Қажет болса, достарыңыздан немесе әріптестеріңізден қолдау сұраңыз.

Бұл мереке тек қуаныш пен жылулық сыйлаумен қатар, жаңа мүмкіндіктер ашатын ерекше уақыт екенін ұмытпаңыз.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: