12.10.2025
01:36
514
Жаңа Зеландия тұрғыны 2 253 сөзден тұратын есімімен рекорд орнатты

Жаңа Зеландия тұрғыны 2 253 сөзден тұратын есімімен рекорд орнатты

Жаңа Зеландия азаматы Лоуренс Уоткинс әлемдегі ең ұзын жеке есімнің иегері атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның толық аты-жөні 2 253 сөзден тұрады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

1990 жылдың наурыз айында Лоуренс Уоткинс ресми түрде өзінің аты-жөнін өзгертіп, оған 2000-нан астам қосымша есім енгізген. Осыдан кейін ол өзінің ерекше әрекетін ресми рекорд ретінде тіркеу үшін аудандық сотқа жүгінген.

Бастапқыда өтініш қабылданғанымен, кейін сот өтінішті кері қайтарып, Уоткинстің талабын қанағаттандырмаған.

Бірақ Уоткинс берілмей, Жаңа Зеландияның Жоғарғы сотына шағым түсірген. Бұл жолы сот оның пайдасына шешім шығарып, азаматтың рекордын ресми түрде мойындады.

Алайда сот шешімінен кейін ел билігі екі заңға өзгеріс енгізіп, басқа азаматтарға осындай ұзын есім қоюға тыйым салған.

Гиннестің рекордтар кітабына берген сұхбатында Лоуренс Уоткинс:

Бала кезімнен ерекше адамдардың рекорд орнатуын қызығып қарайтынмын. Бір күні өзім де солардың қатарында болғым келді, — деп бөлісті.

Бүгінде оның толық аты-жөні Гиннестің ресми басылымында алты бетке жуық орын алады. Барлығы 2 253 сөзден тұратын бұл есім — әлем бойынша тіркелген ең ұзын жеке атау саналады.