Жаңа заңнан кейін кейбір әншілер сахнаға мүлде шықпай қалуы мүмкін

Жаңа заңнан кейін кейбір әншілер сахнаға мүлде шықпай қалуы мүмкін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларына қатысты заңнамаларға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын қабылдады. Құжат Сенат енгізген өзгертулермен толықтырылып, депутаттар тарапынан мақұлданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл заң жобасы аталған салалардағы құқықтық реттеу жүйесін жаңғыртуға, ұлттық заңнаманы жетілдіруге және оны тәжірибеде тиімді қолдануға бағытталған.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хабарлауынша, Сенат мәдениет саласында фонограмма қолдануға шектеу қою жөніндегі Мәжіліс бастамасын қолдап, тек редакциялық түзетулер енгізген. Сонымен бірге, балаларға арналған ұйымдарды мемлекеттік бақылау тәртібін іске қосу мерзімдері нақтыланды.

Комитет мүшелері түзетулер заңның негізгі мазмұнын өзгертпейтінін және оның мәнін әлсіретпейтінін атап өтті. Осыған байланысты депутаттар Сенат ұсынған нұсқамен келісуге дауыс беріп, шешімді бірауыздан қабылдады.

Жасанды интелект

Еске сала кетсек, бұған дейін Сенат аталған заң жобасын екі оқылымда қарап, бірқатар баптарды жаңа редакцияда Мәжіліске қайтарған болатын.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың түсіндіруінше, заң жобасында концерттерде дауыстық фонограмма пайдалануға шектеу қарастырылған. Яғни 200-ден астам көрермен қатысатын концерттік және ойын-сауық іс-шараларында фонограмма қолдануға тыйым салынады.

Алайда ашық алаңдарда, көшелерде немесе ипподром сияқты нысандарда фонограмма қолдануға рұқсат беріледі, бірақ ұйымдастырушылар бұл туралы көрермендерге алдын ала хабарлауы тиіс. Сондай-ақ телевизиялық түсірілімдер кезінде фонограмма пайдалану мүмкіндігі сақталады.