Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа кезіндегі ысырапты азайту мақсатында ас беру тәртібін жаңартып, арнайы мәзір бекітті. Енді қаралы жиындарда қонақтарға артық салат, торт, бәліш пен түрлі жеміс-жидек қоюға тыйым салынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ҚМДБ өкілдері соңғы жылдары жаназа асында да орынсыз даңғаза көбейіп, дастарханның шектен тыс толы болуын ислам қағидаттарына қайшы деп атап өтті. Бүгінде кей өңірлерде жаназа дастарханының сән-салтанаты тойдан кем түспей, ысырапшылдыққа жол беріліп отырғаны белгілі.
Оқи отырыңыз:
Имам Өмірзақ Бекқожаның айтуынша, қаралы үйдегі басты мақсат – келген жамағатты қарапайым түрде тамақтандыру. Артық көрсетілімге, дүбірлі дастархан жасауға жол берілмеуі керек.
Мүфтият бекіткен құжатты халыққа дұрыс жеткізу – жергілікті имамдардың міндеті. Барша жұрт осы тәртіпке бағынып, жаназа асын қарапайымдыққа бейімдейді деген үмітіміз бар, – деді ол Информбюро31-ге берген сұхбатында.
Қазір бұл талап Арқалықта, Павлодар мен Абай облыстарында, сондай-ақ Жезқазған қаласында енгізілген.
Бұған дейін экономист Сапарбай Жұбаев Қазақстанда той мен асқа кететін шығындардың шамадан тыс көбеюі қоғамда өзекті мәселеге айналғанын айтып еді.