Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған жолдауларында сондай-ақ өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрақты экономикалық өсімнің түсінікті, болжамды салық саясатына тікелей тәуелділігін, айтып, жаңа Салық кодексінде көрініс табуы тиіс міндеттерді айқындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің өкілдері өткен жылдың соңынан бастап жаңа Салық кодексі жобасының тәсілдерін талқылау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Талқылаулар бизнес өкілдерінің, сарапшылардың, мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдардың, салалық бизнес – қауымдастықтардың кең ауқымын тарта отырып ашық өткізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың басынан бері Ұлттық экономика министрлігінің алаңында осы бағытта 250-ге жуық отырыс өткізілді. Отырыстарға бизнес — қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың 350-ге жуық өкілі, салық салу саласындағы сарапшылар, экономистер қатысты. Бүгінгі таңда олардың тарапынан 1000-нан астам ұсыныс түсіп, тиісті жұмыс тобы аясында талқыланды.
Жаңа Салық кодексі жобасының алдыңғы кодекстерден айырмашылығы туралы көптеген сұрақтар туындауда.Қазақстанның салық жүйесінің эволюциясын талдау 1991 жылдан бастап салық заңнамасында негізгі назар салық саясатына аударылатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында міндеттегендей жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіруге баса назар аудару жоспарлануда. Әкімшілендірудің жаңа сервистік моделі шеңберінде салық төлеушілерді тіркеуден бастап, оларды есептен шығаруға дейінгі фискалдық көмек көрсетілетін болады.Мысалы, кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдары мен банктердің мобильді қосымшалары негізінде хабарлама беру, ЭҚЖЖ таңдау, шот ашу, салық салу режимін таңдау, БКМ есепке қою жолымен тіркеледі.Сондай-ақ, оларды оқыту және кеңестер беру (семинарлар, тренингтер, оның ішінде бейнебайланыс, әлеуметтік желілер арқылы) жүзеге асырылады.
Салық берешегін алу кезінде банктік шоттағы ақша қозғалысы тек қарыз шегінде болады. Салық төлеушілерді салықтық тексерулерден босату, айыппұлдар, өсімпұлдарды азайту, жоспарланған мәмілелер бойынша алдын ала түсініктемелер, сотқа дейінгі келісу комиссиясы, бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру мерзімдерін ұлғайту, ҚҚС-ты 90 пайызға дейін оңайлатып қайтару сияқты салықтық артықшылықтар беру арқылы көлденең мониторингпен қамту кеңейтіледі.
1600 АЕК-ке дейінгі салық берешегі бойынша кепілмен қамтамасыз етусіз 12 айға бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.
Сот шешімінсіз жұмыс істемейтін салық төлеушілерді жою тетігі (бір жыл ішінде ТНК ұсынбау, банктік шоттарда қозғалыстың болмауы) және 500 млн.теңгеден аз айналымдар кезінде салық төлеушіні тексерусіз оңай тарату көзделеді.
Сатып алушы мен өнім беруші арасында, сондай-ақ бюджетпен өзара есеп айырысу кезінде ҚҚС бойынша төлемдер жүргізуді көздейтін «e-tamga» ҚҚС-төлемдер жүйесін енгізу жоспарлануда.Қазіргі уақытта тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде санаттау жүйесі бойынша салық төлеушілер тарапынан сұрақтар бар. Жалпы тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесі негізінен салық жүктемесінің коэффициентіне бағытталған.Қызмет түріне байланысты тәсілдерді қайта қарау және қызметтің осы түріне тән ерекшеліктерді ескере отырып, тәуекелдер құру, тиісінше бір сала ішінде салық төлеушілерді санаттау және әрбір тәуекел ішінде сараланған түрде салықтық әкімшілендіру шараларын қолдану ұсынылады. Нақытрақ айтқанда, кішігірім қателіктері бар адамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет; орташа тәуекелдері бар адамдарға камералдық бақылау шеңберінде хабарлама жіберуі керек; тәуекелі жоғары салық төлеушілер үшін салықтық тексеруді соңғы шара ретінде тағайындау қажет.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорлары (БКМ, POS — терминалдар және банктік шоттар) негізінде салық органдары салық төлеуші (микро, шағын бизнес) үшін салық есептілігінің жобасын дайындайтын болады.
Салық төлеушіге декларацияның ұсынылған нұсқасымен келісу немесе түзету енгізу қажет болады. Бірақ бұл жобаны сәтті іске асыру үшін бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды қолдану жөніндегі ережелерді нақтылау қажет, сондай-ақ салық салу мақсатында кірістерді анықтау үшін (ешкімге беру құқығынсыз) банктік құпияны ашу қажет.Бұл қызмет декларацияларды толтыруды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар салықтық әкімшілендіру шығындарын едәуір қысқартады және кейбір жағдайларда камералдық бақылау рәсімдері де жойылады, бұл, тиісінше, бизнес шығындарын азайтады.
Банктік шоттарды бұғаттаудан бас тарту және салық берешегінің сомасы мөлшерінде инкассалық өкімдер қою ұсынылады. Мысалы, егер берешек 100 мың теңге, ал шотта 10 млн.теңге болса, онда шоттан 100 мың теңге алынады, қалған бөлігі бойынша операция тоқтатылмайды.
Салық есептілігі 30 пайызға қысқарады (бірқатар есептеулер мен декларациялардың күшін жою), оның ішінде 1 млн.теңгеден аз салық міндеттемелерінің сомасы кезінде мүлік салығы және жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есептері, сондай-ақ бизнес субъектілері үшін көлік құралдарына салынатын салық бойынша есептер мен декларациялар жойылады.
Сонымен қатар, жаңа идеологиялық өзгерістер қабылданады.Мәселен, түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыру үшін барлық жаңа тәсілдер мен жоспарланған өзгерістерді салық саясатының тұжырымдамасында көрсету ұсынылады.Жаңа Салық кодексін «Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы» жеке заңсыз қабылдау көзделеді. Өтпелі ережелер мен уақыт нормаларын қамтитын осындай жеке заңның болуы заң техникасы бойынша көптеген сұрақтар туғызды.
Жаңа Кодексте инвестициялар тартуды ынталандыру және бизнесті дамыту шаралары да көрініс табады.Бірінші кезекте ынталандырушы және тиімді жеңілдіктер сақталады. Мысалы, тауарлардың тізбесін оңтайландырумен есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тәртібін сақтау ұсынылады (қазір бұл норма 2025 жылға дейін қолданылады).Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін бірқатар салықтардан 3 жылға босату көзделді.
Салық төлемдерінің саны кемінде 20 пайызға қысқартылатын болады.Арнайы салық режимдерін оңтайландыру үшін ұқсас шарттары бар режимдерді біріктіру (мысалы, мобильді қосымшаны қолдана отырып, патент және арнайы салық режимі), талап етілмеген режимдерді жою (мысалы, тіркелген шегерім режимі) ұсынылады. Бөлшек салық режимін қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесі кемінде 2 есеге кеңейтіледі.Осылайша, қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шаралары қабылданбақ.
Қымбат мүлікке жоғары салық салу арқылы салық жүйесінің әділдігі күшейтіледі. Жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК (1 млн. АҚШ доллары) асқан кезде мүлік салығының мөлшерлемелерін ұлғайту ұсынылып отыр.Сонымен қатар, шектеулі адамдардың меншігінде яхталар мен жеке ұшақтар бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы қазір шамамен 190 мың теңгені (55 АЕК) құрайды. Оларға салық мөлшерлемелерін бірнеше есе арттыру ұсынылады. Көлемі 5 метрден асатын яхталар сәнді заттарға жататын Еуропа елдерінің үлгісі бойынша салық мөлшерлемесін анықтау үшін яхтаның ұзындығын қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазіргі уақытта күшті алкогольдік сусындар үшін акциздің мөлшерлемелері спирт көлеміне белгіленген. Бұл ретте акциздің сомасы бағаға байланысты емес.Әділ салық салу үшін акциздердің аралас, яғни алкоголь құрамын және құнын бойынша мөлшерлемелері ұсынылмақ Мұндай жағдайда қосымша акциз осы шектен асып кеткен сомаға салынатын болады.Сондай-ақ, соңғы жылдары жеке табыс салығы мөлшерлемелерінің прогрессивті шкаласына көшу мәселесі талқылануда. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік, барлық тәуекелдер мен әсерлерді талдадық.Прогрессивті шкалаға көшкен кезде, әрине, «конверттерде» жалақы беру қаупі сақталады. Осы орайда барлық тәуекелдерді ескеретін ұсыныс жасалды. Мәселен, жеңілдетілген 2 сатылы мөлшерлемелер шкаласы ұсынылады. 40 млн. теңгеге дейінгі жалақы үшін 10 пайыз көлеміндегі мөлшерді сақтау ұсынылды. Бұл соманың кірісі асып кеткен жағдайда 15 пайыз көлемінде салық салынатын болады.
Осындай жоғары жалақы алатын азаматтар санатына ірі квазимемлекеттік, өндіруші компаниялардың, банктердің және т.б. ұйымдардың қызметкерлері жатады. Мұндай жағдайда барлық операциялар ашық және салық төлеушілер бойынша жалақыны жасыру тәуекелдері аз болады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында да, соңғы сөздерінде де экономика салаларына байланысты салық мөлшерлемелерін саралау мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Банк секторы үшін КТС ставкасын 25 пайызға дейін белгілеу, сондай-ақ ойын бизнесі үшін КТС деңгейін арттыру мәселесі қарастырылуда.Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру бойынша ұсыныс белсенді талқылануда.
Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, экономикалық дамуы шамамен бір деңгейлі Еуропа мен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда 2019 жылы Қазақстандағы ҚҚС өнімділігі ең төмен (0,32) болды, ал жинау коэффициенті бойынша ел Еуропа мен Орталық Азияның 11 елінен жетінші (0,617) орынды иеленді, бұл Еуропадағы дамушы жаңа экономикасы бар елдердің орташа жиналу коэффициентінен 0,56-ға жоғары .Яғни, Қазақстанда ҚҚС жинау жақсы деңгейде. Бұл жағдайда салықтың төмен өнімділігі төмен мөлшерлемемен негізделеді.
Бірінші кезекте, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру бюджетке жылына 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер түрінде фискалдық әсер береді. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттердің жылдық көлемімен сәйкес келеді. Қосымша кірістер мұндай трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді және нәтижесінде Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді.
Сондай-ақ, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруіне, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейіне, оның ішінде сауда саласында ретроспективті талдау жүргізілді. Оның нәтижесі көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемелерінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес. Мәселен, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15 пайыз болған кезде ЖІӨ–ге көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8 пайыз, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге 2,7 пайызды құрады.
Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12 пайызға дейін төмендеді. Алайда, саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын ұлғайып, 2016 жылы ЖІӨ-нің 9,2 пайызға дейін жетті.
2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге 3,1 пайызды құрады.Мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, саудадағы көлеңкелі экономика деңгейі кеміген жоқ.
Бұдан басқа, ҚҚС мөлшерлемесінің төмен болғанына қарамастан, көлеңкелі экономика деңгейі ҚҚС мөлшерлемесі жоғары Еуропа елдеріне қарағанда Қазақстанда жоғары (ЖІӨ–ге 18,8%) болып қала береді (мысалы, Германияда ҚҚС мөлшерлемесі – 19%, ЖІӨ-ге көлеңкелі экономика деңгейі-шамамен 10%; Ұлыбританияда ҚҚС мөлшерлемесі — 20%, көлеңкелі экономика деңгейі-ЖІӨ-ге 11%, Венгрияда ҚҚС мөлшерлемесі-27%, бірақ көлеңкелі экономика деңгейі Қазақстанмен сәйкес келеді).
Бұдан көлеңкелі экономика деңгейі мен ҚҚС мөлшерлемесінің байланысы жоқ екендігі айқын көрінеді.Сондай-ақ, ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру инфляция деңгейінің жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді (2024-2028 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 5,5-7,5%). Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер етеді.
Сонымен қатар, инфляцияға әсер тек бір рет – ҚҚС өскен жылы болады. Бұл ретте бюджетке түсетін түсімдер жыл сайын өсетін болады.ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарылауы қажетті тауарлардың бағасына айтарлықтай әсер етпейді.Мысалы, біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті салық режимдерін пайдаланады. Егер Қазақстандағы инфляция 2023 жылғы қазанда бір жыл ішінде 10,8 пайызды құраса, онда жылдық инфляция деңгейіне азық-түлік өнімдері (4 пайыздық тармақ), ал азық-түлік өнімдерінен ет және ет өнімдері инфляцияға 1 пайыздық тармақ мөлшерінде үлес қосты. Мысалы ет саудасына ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі баға белгілеуге қалай әсер етеді? Ет негізінен фермерлерден базарлар мен арнайы дүкендерге түседі.Яғни, ет нарыққа ҚҚС төлемей түседі. Нарықтарда арнайы салық режимдерін қолданатын жеке кәсіпкерлер сауда жасайды. Іс жүзінде олар ҚҚС төлеушілер емес, өйткені айналымдар ҚҚС бойынша есепке қою шегінен аспайды немесе бөлшек салық режимін қолданады және ҚҚС-тан босатылады.Осылайша, тауар соңғы тұтынушыға ҚҚС төлемей сатылады.
Басқа ауылшаруашылық тауарлары бойынша да жеңілдікті режимдер қолданылады және ҚҚС пайда болмайды. Яғни, Қазақстанда азық-түлік тауарларын өндіру және қайта өңдеу үшін ҚҚС бойынша салық салудың тиімді шарттары жасалған. Бұдан басқа, салалар бөлінісінде ҚҚС бойынша салық түсімдеріне талдау жүргізілді.2022 жылы бюджетке 4,2 трлн теңгеден астам ҚҚС түсті. Оның ішінде сауда саласындағы салық төлеушілер 47,2 пайызын төледі. Импорттық ҚҚС 2,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде сауда саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер 1,6 трлн. теңге немесе 65,1 пайызын төледі.
Бұл ретте, Қазақстан импортының құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 9,4%-ды құрады. Яғни, сауда саласында салық төлеушілер әкелген тауарлардың негізгі бөлігі азық-түлік тауарларына жатпайды.Бұл ретте бірқатар импорттық азық-түлік тауарлары бойынша салық жүктемесінің ықтимал өсуі олардың қазақстандық өндірушілер алдындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.Біздің ойымызша, бұл салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.Осылайша, ауылшаруашылық тауарларына ҚҚС-ның төмен болғандықтан ҚҚС-тың азық-түлік құнына әсері азаяды.
Сонымен қатар, ХВҚ сарапшыларының талқылауы барысында жеке табыс салығы ставкаларының прогрессивті шкаласын енгізу және ҚҚС ставкасын арттыру мәселелері оң қабылданды.Бұл қазір әртүрлі жерлерде талқыланып жатқан негізгі тәсілдер. Кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарды алаңдататын басқа да мәселелер бар. Пікірталастар жұртшылық және бизнес-қоғамдастық өкілдері арасында жалғасуда.