«Елу жылда ел жаңа» деген сөздің растығына талай мәрте шежірелі тарих көз жеткіздірткен еді. Заман ғана емес, адамдар да жаңаруда. Бұған дәлел Жаңа Қазақстанда «Жаңа адамдар» қозғалысының пайда болуы. Қуантарлығы сол, «Жаңа адамдар» - кеудесінде от ойнаған жастар. Олардың болашаққа Президентпен бірге иық теңестіре қадам жасау туралы идеясы қоғамды дүр сілкіндіргендей болды. Олай болмағанда ше? Еліміздің шығысында жатқан сонау Өскеменнен елордаға идея арқалап жеткен жас маман Әселдің айналасы үш айдың ішінде төңірегіне астаналық жастарды топтастыруы және қоғамға өзгеріс енгізсем деген ұмтылысы мен ұсынысы кімді болса да таң қалдырмай қоймады.
Жастардың бастамасы Президент тарапынан да қолдауға ие болды. «Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелерімен олардың өздері құрған кампусына кездесуге келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен еркін сұқбат өткізіп, олардың идеяларына, ұсыныстарына құлақ түрген еді. Кездесуде Президент ұлттың ұлысы Абайдың толық адам туралы ұғымына тоқталып өтті. Абайды өз заманынан оза туған тұлға деген Қасым-Жомарт Тоқаев оның сол кезде айтып кеткен «толық адамы», қазіргі ағылшын тіліндегі заманауи «a person of integrity» деген ұғымды білдіретінін айтты. Ұлттың ұлылығы да осы дала философиясының кеңдігі мен тереңдігінде жатыр емес пе?!
«El.kz» сайты елордалық жастардың басын қосқан, талабы жаңғырған кезеңнің адамдарының да жаңаратын кезі келді деп есептейтін «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы Әсел Бәденовамен сұқбат құрып, идеяның түп тамыры мен мақсатын білмекке ұмтылған еді. Сонымен, хош...
Жаңарған елдің жастары жаңаша ойлайды
Әсел Бәденова еліміздің шығысында туып-өскен. Бүгінге дейін Өскемен қаласында ақпарат оның ішінде баспасөз қызметі саласында қызмет етіп келген. Қызметі әуел бастан ақпараттар ағынымен байланыса сабақтасып жатқан Әселдің бұл идеяның бастамашысы болуы да кездейсоқтық еместей. Ол әдеттегідей жұмыс барысында ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға қатысады. Сөйтіп жүріп Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» ұғымын адамдардың әрқайсысының әрқалай қабылдағанына және оны талқылау кезінде кейбір жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің пікірлерінің қарама-қайшылы болғандығына куә болады. «Президенттің Жолдауын адамдардың тіпті қарама-қайшылықпен түсінетіні таңғаларлық көрінетін. Бұдан кейін «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды өзіміз қалай түсінеміз деп ойланып көрдім. Және мұны өзім қатарлы жанымдағы жастарға да айттым. Шын мәнінде Президент Жолдауында басымдық берілген мәселелерді біз қалай түсіндік және қалай қабылдадық? Әрбір қазақстандық Президенттің өзіне қаншалықты жауапкершілік жүктеп, үміт күтіп отырғанын сезіне алды ма? Біз Президент мақсат еткен Жаңа Қазақстанды құру үшін қандай қызмет атқара аламыз, қандай іспен көмектесе аламыз? Міне, бізді осы сұрақтар толғандыруы керек. Осы сұрақтарға жауап іздедік. Және сол кезде ат төбеліндей ғана аз жас бас қосып осы мәселе төңірегінде бас қатырдық. Білесіз бе, нәтижесінде Президент Жолдауынан бізге жүктелген еңбектену, жаңашыл болу, бастамашыл болу, әділетті болу, елдің болашағы үшін жауапкершілік алу деген міндеттерді тізбелеп шықтық. Және сол уақыттағы талқылауға қатысқан бес-алты жастың ойында, санасында осы аманатты іске атсалыссам деген патриоттық жауапкершілік пайда болды. Бұл ең үлкен істің тамшыдай бастамасы ғана болатын», - дейді «Жаңа Қазақстан» қозғалысын құру туралы идеяның бастапқы пайда болу түпқазығын түсіндіріп берген Әсел Бәденова. Осылайша жастар елордадан шалғай Өскемен өңірінде отырып, ел болашағына үн қоссақ деген идеяның төңірегінде топтаса бастайды. Алайда, Әсел бұл идеяны ел астанасына жеткізуге асығады. Осылайша, бастамашыл жас көп ойланбастан, Астанаға қоныс аударады. Және мұнда да жанына өзіне тізгіндес бола алатын идеялас жастарды топтастырады. Бұл жолы көшбасшы Әселдің маңайына тек өзі қатарлы жұмыс жасап жүрген жас мамандар ғана емес, елордаға еліміздің әр өңірінен арман қуып, білім іздеп келген студенттер де жиналады. «Астанаға келу туралы ойдың өз өзін ақтағанына көзім жетіп келеді. Астанада еліміздің әр аймағынан келген жастар оқиды, жұмыс жасайды, Астананың болашақтың қаласы деп аталуы да бекершілік емес қой. Ендеше, біздің идеямыз Астанада оқып, жұмыс жасап жүрген жастар арқылы Қазақстанның барлық өңірлеріне еш қиындықсыз тарайтынына көзіміз жетеді», - дейді Әсел. Бүгінде дәл осы жастар қозғалысында жүз елуден астам жас тізе қосып, ортақ мүддеге, ортақ мақсатқа жұмыс жасауда. Олардың әрқайсысының ел көсегесін көгертсем, қазақ көгінің жарқыраған жұлдызына айналсам деген арман-тілегі бар екені анық. Және олардың әрқайсысы өздерінің туған өңірлерінің Астанадағы өкіліне айналатыны да анық. Жастардың бас біріктіруі, маңызды істе тізе қосуы және ең бастысы олардың идеяларының Мемлекет басшысының саясатымен астасып үндесуі Жаңа Қазақстан үшін болашақтан тапқан қолдауға айналғаны анық.
Атауы неге «біртүрлі»?
Қозғалыстың өмірге келгеніне көп уақыт өте қоймады. Алайда, ол бары-жоғы үш айдың ішінде елдегі танымал бейресми ұйымдардың біріне айналды. Бұл Қазақстан қоғамында дәл осындай жүрегінде от ойнаған, ойы азат, тілі тәуелсіз жастардың күш біріктіруіне деген қажеттіліктің болғандығын дәлелдейді. Бізді «Жаңа адамдар» атауының шығу тарихы қызықтырды. Әрине, бұл атаудың өзін креативті демеске лаж жоқ. Бірақ алғаш естігенде «біртүрлілеу» көренітіні де рас енді. «Жаңа адамдар» атауы ел тұтқасына қол созған ұрпақтың жаңарғанын, ертеңгі күні билікке келер толқынның санасының сілкінгенін, Президенттің ұзақ жылдардағы тәжірибеге сүйенген, жаһандағы сын-қатерді ескерген, болашаққа аманат арқалатқан Жолдауын ұғынар құлақтың, қабылдар түйсіктің пайда болғанын білдіреді. «Жастар қозғалысының атауына байланысты бірнеше нұсқа қарастырылды. Алайда, өзімізге «Жаңа адамдар» деген атау ұнады, сондықтан бәріміз де бірауыздан осы атауға тоқтадық. Мұны әркім әрқалай түсініп те жатады. Бастысы, мағынасы жастардың өздеріне жауапкершілік алуы деп білеміз. Біз бүгінгі күн мен ертеңіміз үшін жауапты екенімізді білеміз және өз қатарларымызға дәл осындай жауапкершілігі жоғары, ұлтты сүйетін патриот, елге берері бар білімді, білікті, идеясы бар жастарды жинасақ дейміз», - дейді жастардың бүгінгі көшбасшысы. Сонымен «Жаңа адамдар» өздеріне міндет етіп алған ел алдындағы жауапты істерге жауапкершілікпен кірісті деп айтуға болады. Олар ел ішінде, әсіресе, бүгінгі қоғамда қалыптасқан ескі менталитеттің сеңін бұзуға білек түруде.
Президентпен кездесу серпін сыйлады
«Жаңа Қазақстан - біреуге тәуелділіктен бас тартудан және қарапайым шешімдерден бас тартудан басталады. Жаңа Қазақстан – бұл біздің еліміздегі 19 миллион халықтың өз өміріне деген көзқарасының өзгеруі», - деген Әсел Бәденова жуық уақытта жастар қозғалысының осы мақсаттағы бағдарламалық құжатының жарияланатынын хабарлады. Қарапайым пікір таластырудан туындаған жастардың бас қосуы міне, дәл осындай республикалық деңгейдегі жастар қозғалысы идеясының дүниеге келуіне мұрындық болған. Әсел Бәденованың айтуынша, «Жаңа адамдар» қозғалысының нағыз туған күні 2022 жылдың 14 қарашасы. «Біз бұл күні Президентпен кездестік. Және Президентпен кездесуде мақсат-міндеттерімізді айтып, оның 100 пайыз қолдауына ие болдық. Бүгіннің өзінде Президент Алматыдағы сапарында біздің кездесуіміз туралы айтып, сөйлеген сөздерімізді есіне алғаны - біз үшін үлкен қуаныш болды», - дейді сұқбат барысында Мемлекет басшысының жастармен кездесуін сөз еткен Әсел.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастармен кезесуі бейресми еркін форматта өткен болатын. Президент жастардың қозғалысының құрылуына қолдау білдіретіндігін және қай уақытта болмасын өзінің белсенді жас қазақстандықтардың қолтығынан сүйеуге дайын екендігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жастармен сұқбат кезінде мемлекеттің терең жаңару процесінен өтіп жатқанын және Әділетті Қазақстан құру жолында түбегейлі реформалар жүргізілуде екенін де жасырмады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жалпы қазақстандықтардың еңбексүйгіштік қағидатын ұстанғандарын қалайтынын айтты. Сондай-ақ, қазір жедел әрі іргелі шешімдер қабылдап, ілгері қарай ұмтылатын уақыт екенін айтып, жастарға сенім мен серпін берді. Сондай-ақ, ол америкалық кәсіпкер әрі өнертапқыш Илон Масктың өмірдерегі мен табыс тарихын мысалға келтірді. Маск әлемнің жоғарғы сатысы мұрнын шүйіріп қарайтын оңтүстік Африкада дүниеге келген. Және он жеті жасында Америка Құрама Штаттарына көшіп келген. Ол алғашқы рет ағасымен бірге Zip2 компаниясын құрып, ғаламтор үшін бағдарламалар құрумен айналысады. Президент қазір көпшіліктің Илон Маск өмірін мысал етіп келтіретінін және оның өзінің батылдығының, креативтілігі мен жаңашылдығының арқасында қол жеткізген табысының іскерлік әлемінде «Илон Маск феномені» деп аталатынын тілге тиек етті. Президент жуырда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен қазақстандық жастармен кездесуін де есіңе алды. Олардың басым бөлігі америкалық жоғары оқу орындарын аяқтап, сол жақта америкалық компанияларға қызметке орналасып жұмыс жасап жүрген қазақстандықтар болатын. Президент кездесуде олардың қай елде қандай қызметте жүрмесін, мейлі, өздерінің қазақ екендіктерін ұмытпауларын ескерткенін айтты.
Президент жастарды толерантты және алдыңғы қатарлы мемлекетті бірге құруға шақырды. Ол жастар үнемі өз-өзімен жұмыс жасап, білігі мен білімін жетілдіріп отыруы тиіс деді. «Тек жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады» деген болатын Президент.
Ол жастарға еліміздің қоғамдық өміріне белсенді атсалыса отырып, сол арқылы өздеріннің ұстанымдарың мен идеяларынды жүзеге асырасыңдар деп айтты. «Бұл біріншіден, ел үшін пайда, екіншіден, сендер істерің арқылы өздеріңді көрсетіп, танытасыңдар», - деді Президент. Қазақстан, расында бүгін ашық қоғам бағытында дамып келеді, Президенттің айтуынша, бұл алдағы уақытта мемлекет басқаруда жауапкершілік таныта білетін қабілетті адамдардың іріктелуіне мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы кездесуге қатысқан жастардың арасында ертеңгі күні ел тізгінін қолға алар депутаттардың, министрлердің тіпті президенттің шығуы әбден мүмкін екенін айтты.
Президент жастармен кездесуін қазақтың алашшыл ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген қанатты сөзімен аяқтады. Ол еліміздің болашағы «Жаңа адамдар» қозғалысы секілді белсенді, білімді, ашық және ойлы жастардың қолында екенін атап көрсетті.
«Кездесу өте жылы болды. Жастар өздерін емін-еркін ұстады. Бізге ойымыздағымен бөлісу мүмкіндігі берілді. Президентпен әңгімелесу кезінде қоғамда қазіргі уақытта масылдық менталитетінің етек алғандығы туралы көп айтылды. Біз бұдан бас тартуымыз керек дедік. Сондай-ақ, қарапайым шешімдердің тиімсіздігін де айттық. Президент Тоқаевқа өзіміздің жастар ұсынған бірнеше жобаларды таныстырдық. Мемлекет басшысына «Халықпен бірге» деп аталатын футболкамызды тарту еттім. Футболкадағы біздің фотосуреттеріміз біздің Прзединтпен бірге екендігімізді және Президенттің бізбен, яғни халықпен бірге екендігін білдіреді. Әзірге қандай жобаларды таныстырылымға шығарғанымызды құпияда ұстай тұрсақ дейміз, бірақ таяу уақыттарда оның барлығы бір кейске біріктіріліп, жұртшылықтың назарына ұсынылатын болады», - дейді қозғалыстың белусенді жастарының бірі Ризабек Рашит.
«Жаңа адамдар» мемлекеттен ештеңе күтпейді
«Біздің басты мақсатымыз – Президент Тоқаев бастаған елдегі өзгерістерді сақтау және дамыту. Мұны қалай жасауға болады? Ол үшін біз жаңа Қазақстанды құру процесіне бүкіл ел бойынша бірнеше ондаған мың жастарды тартқымыз келеді, олардың өз Отаны туралы түсініктерін өзгерткіміз келеді, олардың құндылықтарының бүкіл жүйесін еңбекқорлыққа, прагматизмге және кәсіпкерлікке қайта бейімдегіміз келеді. Содан кейін мыңдаған адамдарға жүздеген мың және миллиондаған адамдар қосылады. Осыдан кейін Президент бастаған өзгерістер енді тоқтамайтындай біртұтас айналым цикліне айналады», - дейді жаңашыл жас Әсел Бәденова.
Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген, ұсынған өзгерістердің қазақстандықтар үшін жаңа даму кезеңінің бастамасы болатындығына сенеді. Және оның қазақстандық қоғамда ұзақ мерзімге табан тіреп тұрақтағанын қалайды. Ал ол үшін бұл идеяға сенетін және оған қара бастың қамы деп емес, болашақтың аманаты деп жауапкершілікпен қарайтын саналы азаматтардың қатары көбеюі керек. Жастар осы идеяны елдің түкпір-түкпіріндегі санасы саясат ойындарымен былғана қоймаған барлық жастарға жеткізсек дейді. Бұл идеяның қолдау табуы үшін де барлық өңірлерде өз өкілдіктерін, жастардың қазіргі заманауи терминімен айтсақ, жастар кампустарын құруды көздейді.
«Біз елдегі адамдар мәселені шешпейтін қарапайым шешімдерден бас тартқанын қалаймыз. Біздің мақсатымыз - Қазақстанның әрбір азаматының дамуы мен дербестігі. Сондықтан біз мұны бірінші өзімізден бастаймыз деп шештік», - деген Әсел бүгіннің өзінде ЭКСПО-2017 көрмесі төңірегіндегі іскерлік алаңында жастарға арналған «Жаңа адамдар» кампусының ашылғанын хабарлады.
«Біз мемлекеттен де, қоғамнан да ештеңе талап етпейміз, ең бастысы біздің идеямызға сенішулердің болуы және еліміздің болашағымызға пайдамыздың тиуі», - дейді жастар көшбасшысы Әсел.
Қозғалыс немен айналысады?
«Біз өз жолымыздың бастауында ғана тұрмыз. Алайда, бірге қолұстасып қарыштап адымдап келеміз деп айта аламын. Және еліміздегі ең басты жастар қозғалысының негізін салып жатқанымызға сенеміз. Біз Астанадан ашқан кампуста жастар оқиды, бір-бірінен үйренеді, біздің білімімізді толықтыруымыз жаңаша ойлауға, көшбасшылыққа, саясатты тануға бағытталады. Біздің қатарымызда шығармашылық адамдары да болуы тиіс. Олар кампуста картиналар жазады, роликтер, фильмдер түсіреді, түрлі жобалар, көшеде акциялар ұйымдастырады. Біздің қатарымызға кез-келген қазақстандық жас келіп қосыла алады. Ең бастысы, олар біздің идеяластарымыз болуы тиіс. Сондай-ақ, «Мен Жаңа Қазақстанды қандай етіп көремін» деген тақырыпта шығармашылық жұмысы мен түйіндемесін жіберуі талап етіледі. Өз қатарымызға барлық жас қазақстандықтарды шақырғым келеді, елімізді жақсырақ етуге бірлесіп күш салайық!», - дейді Әсел Бәденова.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы қатарларын өздері секілді жаңашыл жастармен толықтыра түсуді көздейді. Сондай-ақ, өздеріне үн қосушы жастар еліміздің түкпір-түкпірінен болса екен дейді. Өздеріңіз де байқап отырғандарыңыздай, алдағы уақытта ел Президентінің батасын алған жастар өз қазықтарын өзге өңірлерде де қаға бастайды. Бүгінде жастар өздері бас қосатын кампуста құр қол отырмай, түрлі жобаларды дүниеге әкелуде. Және жастардың идеялары мен жобалары қазақстандықтардың қажетіне жарар нәтижелі істердің бастамасы болады деп сенеміз.
«Жастардың Президентпен ойының бір жерден шыққаны қуантады. Бізге Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру туралы идеясы аса қатты ұнады. Және бұл біздің қолдау білдіруіміздің басты себебіне айналды. Біздің барлығымыз оның жүзеге асуына өз қал-қадірімізше атсалысатын боламыз. Қазіргі біз жауап беретін сала немесе континент – бұл жас ұрпақ деп білеміз. Кездесуде жастардың көшбасшылары ретінде біз оның әрбір сөзін жастарға қызықты әрі түсінікті нысан мен тілде жеткізіп отыруға уәде бердік. Біз, яғни 18-20 жастағы жастар Президент Тоқаев енгізген өзгерістердің ел ішінде сиырқұйымшақтанып кетпеуіне мүдделіміз. Біздің кездесуіміз – бұл Мемлекет Басшысының бізге деген сенімділігінің белгісі. Оның үмітін ақтамауға құқығымыз жоқ. Алдағы уақытқа жоспарлап отырған жұмысымыз көп. Біз түрлі акциялар жасауға, өз жобаларымызды іске қосуға үйренеміз, бүкіл ел бойынша Кампустарымызды ашамыз. Кездесуде біз жазда тағы да кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстарымыз туралы айтып береміз деп келістік. Сондықтан, бізге берілген уақытты өте тиімді пайдалануды ұйымдастыруымыз керек», - дейді Әсел.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы қоғамдық ұйым. Және мұндағы еңбек етіп жүрген жастардың барлығы дерлік қоғамдық негізде жұмыс жасауда. Олар өздерінің функциналдық міндетін «Әділетті Қазақстанның» құрылуына атсалысу деп біледі.
«Бізге Президент тарапынан өте үлкен сенім кредиті берілді деп ойлаймын. Біздің Қозғалысты құрғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ қой. Ал Президент Тоқаев бізбен кездесуге келісім берді. Біздің үлкен ісіміз үшін бұдан артық серпін берер мұндай бастапқы мәре сызығы болады деп тіпті ойлап та көрмеппіз. Сондықтан біз Президент Тоқаев бізге артқан сенімді ақтауға міндеттіміз деп ойлаймын», - дейді белсенді жас Ризабек Рашит.
Айта кету керек, қозғалыстың белсендісі Ризабектің жасы 18-де. Ол Арқалық қаласының тумасы. Жастар қозғалысына досының шақыруы бойынша келген. «Біз кездесуге келген бойда «Жаңа адамдардың» басты құжаты – бағдарламалық мәтінді талқылаудың үстіне тап келдік. Ары қарай көптеген кездесулер, талұылаулар, пікірталастар, жобалар болды. Бұл мен үшін аса қызықты жоба. Айтпақшы, айтып өткенімдей, алдағы уақытта біздің идеяларымыздың барлығы жұртшылықтың талқылауына шығарылатын болады. Жуырда ғана белсенді ретінде төсбелгімді алдым. Ол нөмірленген. Менің төсбелгім екінші нөмірлі. Және бұл мен үшін үлкен мәртебе деп білемін», - дейді өзгелерді қозғалыс мүшелігіне өтуге ынталандырған Ризабек.
Айтпақшы, Астана қаласында кампусытың ашылуынан кейін «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы өз кампустарын Алматы және Шымкент қалаларында ашуды жоспарлап отыр. Еліміздің ірі қалаларында ашылғаннан кейін жастар өз өкілдіктерін күллі ел аумағында ашуды қолға алады.
Шын мәнінде, мемлекеттік жүйенің жаңаруы үшін қоғамға жаңа адамдардың шығуы және олардың мемлекеттік жүйеге енуі талап етілетін сөзсіз. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы осы талап үдесінен шығады, және қазақстандық жастар үшін жетекші рөлге ие болады деп сенгіміз келеді.
Айта кету керек, бүгінде жастар үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар іс жүзінде жұмыс жасауда. Оның ішінде жеке кәсіпкерлік ісін дамытамын деген жастар үшін қайтарымсыз гранттар да қарастырылған. Ал жасы отыз беске толмаған жас отбасылар болса жеңілдетілген бағдарламалар негізінде баспанаға қол жеткізе алады. Сондай-ақ, «Болашақ» сынды халықаралық бағдарламалар мен шетелде білім алу шәкіртақылары да бар.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде жас қазақстандықтардың саны 3 млн 700 мың адамды құрайды. Бұл 14 жас пен 29 жас аралығындағы жастар. Бұл Қазақстанда жастардың әлеуетті күші бар екенін байқатады. Оның ішінде қалалық жастардың саны ауылдықтардан 12,8 пайызға жоғары екен. Әлеуметтік зерттеулердің дерегіне сенсек, жастардың асым бөлігі экономикалық белсенді адамдар. Олардың басым бөлігі жұмыс жасайды немесе жеке кәсіппен айналысады. Әсіресе, соңғы он-он бес жылда жастардың тек ел ішінде ғана емес, сондай-ақ, шетелдерде, яғни халықаралық деңгейде белсенділігі артқаны байқалады. Бұл әсіресе, спорт, өнер, білім, бизнес салаларында басымырақ.