Ауылдан немесе шағын қаладан арман қуып үлкен қалаға келген әрбір студент жаңа өмірге қадам басады. Университет қабырғасы – тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар жаңа тәжірибе, жаңа таныстық мекені. Бірақ Астана, Алматы секілді мегаполистерге келгенде студент бірден бейімделіп кете алмай, кейде жалғыздықты сезініп жатады. Өйткені жаңа ортада бәрі өзгеше, қала ырғағы да жылдам, адамдар да көп, көшелер де ұзақ. Осындай сәтте студенттер абдырап, өзін жалғыз сезініп қалмас үшін алдын ала дайындалып, төмендегідей бірнеше қағиданы есте сақтауды ұсынамыз.
Ең алдымен, студент үшін жаңа қаланы тану аса маңызды. Қай көше қайда апарады, қандай автобус немесе метро қай бағытта жүреді – осының бәрін үйреніп алған дұрыс. Қоғамдық көліктің жүру кестесін білген студент ешқашан сабаққа кешікпейді. Ал қаланың орталық жерлерін аралап шығу, картаны пайдалану, мәдени нысандармен танысу – студенттің күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, өзіне деген сенімділігін арттырады. Мысалы, алғаш келген студент жатақхана мен университет арасындағы жолды ғана емес, жақын дүкен, дәріхана, кітапхана, саябақ сынды маңызды орындарды да біліп алғаны жөн. Қаланы таныған сайын қорқыныш азайып, үлкен қала да біртіндеп жақын тарта бастайды.
Жаңа ортаға бейімделудің тағы бір тиімді жолы – адамдармен танысу. Досы бар адам ешқашан жалғыз болмайды. Сондықтан студент университеттегі клубтарға, үйірмелерге, спорт секцияларына қатысып, әртүрлі іс-шараларға белсенді араласуы керек. Бірлескен тапсырмалар мен жобалар достық қарым-қатынасты нығайтып, жаңа ортаға бейімделуді жеңілдетеді. Достар тек көңіл көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге қала өміріндегі түрлі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Тіпті, қарапайым кеңес беріп немесе жанында бірге жүргеннің өзі жас студентке үлкен демеу болады.
Университеттегі өмір қарбалас болғандықтан, уақытты дұрыс жоспарлау аса маңызды. Көп студент жаңа қалаға келгенде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Сондықтан күн тәртібін дұрыс құру маңызды. Сабаққа дайындалуға, спортпен шұғылдануға, демалыс пен жеке хоббиге уақыт бөлу, тіпті тамақтану мен ұйқының өз кестесін реттеу студентті тәртіпке үйретеді. Мұндай дағды оқу үлгеріміне де оң әсерін тигізеді, сонымен қатар күйзелістен сақтайды. Уақыты жүйелі студент қиналып қалмайды.
Үлкен қалаға келген жастардың тағы бір басты міндеті – қауіпсіздік ережелерін сақтау. Қалада адамдар көп болғандықтан, сақтық шараларын ұмытпау қажет. Қараңғы уақытта жалғыз жүрмеу, бағалы заттарды көзге көрсетпеу, бейтаныс адамдарға сеніп қалмау – бұл қарапайым ғана, бірақ өте маңызды қағидалар. Әсіресе алғаш келген студент үшін бұл сақтық шаралары өз-өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Ал қауіпсіз ортада ғана студент өз ойын жинақтап, оқуына, дамуына көңіл бөле алады.
Әрине, бейімделу тек сыртқы жағдайларға байланысты емес, ішкі психологиялық күйге де тікелей байланысты. Жаңа қалада жалғыздық, сағыныш, туған үйді аңсау секілді сезімдер пайда болуы мүмкін. Мұндайда студент өз эмоциясын жасырмай, оны жеңудің жолын іздегені дұрыс. Университет жанындағы психологқа жүгіну, достарымен сырын, мұңын бөлісу, түрлі студенттік топтарда белсенді болу – мұның бәрі эмоционалды қолдау береді. Сондай-ақ, спортпен айналысу, сүйікті іспен шұғылдану, кітап оқу, серуендеу де психологиялық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Өз көңіл-күйін бақылай білген студент ешқашан күйзеліске берілмейді.
Бейімделу процесінде жаңа мәдениет пен тәжірибеге ашық болу да үлкен рөл атқарады. Үлкен қалада әртүрлі мәдени шаралар, көрмелер, концерттер, фестивальдер жиі ұйымдастырылады. Студент осындай мүмкіндіктерді пайдаланса, өз көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жаңа адамдармен танысып, қызықты тәжірибе жинайды. Жаңа тағамдарды көру, жаңа хобби табу, спорттың басқа түрлерін сынап көру – өмірді әлдеқайда қызықты етеді. Осындай ашықтық студентті жан-жақты дамытады әрі ортаға бейімделуді жылдамдатады.
Қорыта айтқанда, үлкен қалаға келген студент үшін ең бастысы – қорықпау және өзін сенімді ұстау. Қаланы танып-білу, жаңа достар табу, уақытты дұрыс ұйымдастыру, қауіпсіздікті қадағалау, психологиялық тұрғыда дайын болу және жаңа тәжірибелерге ашықтық – осының бәрі бейімделу процесін жеңілдетеді. Әрбір студент жаңа ортада өзінше бір сынақтан өтеді, бірақ соны еңсергенде ғана шыңдалады. Студенттік өмір сол сынақтармен, қызықты оқиғалармен, жаңа тәжірибелермен ерекше. Ал дұрыс бағыт ұстанған адам үлкен қалада тек үйреніп қана қоймай, табысты болуға да мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұған дейін студенттер оқып жүріп қалай көп ақша таба алатыны жайлы жазған едік.