Жаңа премьера: «Қыз жиырмаға толғанда»

11 Наурыз 2023, 18:00 7381

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында 11, 12 наурыз күні сағат 18.00-де «Қыз жиырмаға толғанда» қойылымы көрермендерге жол тартады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі шығармашылық ұжымның премьераалды дайындық барасымен танысып қайтты.

Қойылым жанры – мелодрама. Пьеса авторы – Сұлтанәлі Балғабаев.

Қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин бұрынғы пьесаға жаңаша дем бердік дейді.

«Бұл пьеса 80 жылдары жазылған. Біз оны қазіргі заманға жақындата түстік. Бұрынғы пьесаны еске түсіру үшін қайтадан жаңғырттық. Қойылым жеңіл мелодрама жанрында, махаббат туралы, адамдардың идеалы жайында. Оның қалай шыққанын алдағы уақытта көрермен өзі бағалай жатар», - деді ол.

Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты туындысы Жібек есімді кейіпкердің жиырма жасқа толған туған күн кешінде орын алған оқиғалар негізін қамтиды. Премьерада махаббат сезімі басты назарға алынбақ. Қала мен ауылдағы сезім туралы бір-біріне қарама-қайшы ойлары, өзара түсініспеушіліктер негізгі қақтығысты тудырмақ. Үлкен буын мен жастардың махаббатқа деген көзқарасы, отбасылық тұтастық терең зерделенетін болады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер Әбілмансұр Серіков қойылымға 1 ай бойы дайындалғандарын айтты. Қысқа уақыт ішінде кейіпкерімнің образын толығымен жаттап алу оңай болған жоқ дейді.

«Кейіпкерім Ғайыпберген есімді студент жігіт. Ол қалада өскен. Өмірге махаббатқа деген көзқарасы өзгеше. Бұл кейіпкермен ұқсастығымыз шыншылдығымызда деп ойлаймын», - деді.

Ал «Серпер» сыйлығының лауреаты, актер Олжас Жақыпбек болса, қойылым бір кезеңге ғана негізделмеген дейді.

«Бүгін мен кейіпкерім Есімсейітті сомдайтын боламын. Біздің бұл қойылымымыз белгілі бір эпохаға бағынбайды, 80 жылдан бастап әр кезеңді қамтиды. Қойылымды 6 әртіс сомдап шығады», - деді ол.

Спекталь алдында әртістер қызу дайындық жүргізді. Біреуі бет-әлпетін дұрыстатса, екіншісі сахналық образына дайындалды.

Қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова, Бегімнұр Қалила, Ақжол Мамыр, Олжас Жақыпбек сынды өнерпаз әртістер өнерін көрсетеді.

Ендеше, барша театрсүйер қауымды, елорда тұрғындары мен қонақтарын 11, 12 наурыз күні сағат 18.00-де «Қыз жиырмаға толғанда» қойылымының премьерасын тамашалауға шақырамыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: