19.03.2026
13:02
1460

Жаңа Конституция: мемлекет білім, медицина және еңбек құқықтарына кепілдік береді

Жаңа Конституция жобасы Қазақстандағы әлеуметтік саясатты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бұл құжатта мемлекет азаматтардың негізгі құқықтарын тек жариялап қана қоймай, оларды нақты қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін бекітеді. Білім алу, сапалы медициналық көмекке қол жеткізу және әділ еңбек ету – енді тек декларативті нормалар емес, конституциялық міндетке айналып отыр.

Бұл өзгерістер қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам ретінде бағалануда. Сарапшылар мұны мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің бастамасы деп санайды.

Білім: адами капитал – басты басымдық

Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация мәселелері ел дамуының өзегіне айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл – Қазақстанның даму моделінің өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев білім беру жүйесінің зайырлы сипатын Конституция деңгейінде бекітудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ар-ождан бостандығы мен зайырлылық қағидаты арасындағы тепе-теңдікті сақтап, дінді саясаттандырудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Ал Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмади адами капиталдың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім мен ғылымды Конституция деңгейінде басымдық ретінде бекіту – Қазақстанның білім экономикасына көшуіне жол ашады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл бағыттың маңызына тоқталып, технологиялық даму жаңа мүмкіндіктермен қатар теңсіздіктер туғызатынын жеткізді. Сондықтан білім, ғылым және инновацияны ұлттық басымдық ретінде бекіту – уақыт талабы.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова жаңа Конституцияның басты ерекшелігі дәл осы бағыттарға басымдық берілуінде екенін айтты. Оның пікірінше, бұл алдағы уақытта мемлекеттік шешімдер ғылыми негізге сүйеніп қабылданатынын білдіреді.

Медицина: қолжетімді көмек пен сапа

Денсаулық сақтау саласында да маңызды өзгерістер қарастырылған. Премьер-министр Олжас Бектенов медициналық көмекті қаржыландыру көздерін кеңейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция бюджеттен тыс қаражат тартуға мүмкіндік беріп, жүйенің тұрақтылығы мен икемділігін арттырады.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізгі құралға айналады. Сақтандыру пакеті жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қол жеткізудің басты тетігі болмақ.

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева бұл өзгерістердің азаматтардың құқықтарын шектемейтінін, керісінше күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің көлемі сақталады, ал қаржыландыру көздерінің кеңеюі қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Еңбек: икемділік пен қорғаныстың теңгерімі

Еңбек қатынастары саласындағы өзгерістер де заманауи экономиканың талаптарына сай жүргізілуде. Жаңа Конституцияда еңбек құқықтары әлеуметтік құқық ретінде нақты бекітіліп, мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.

Демалыс құқығының сақталуы – осының айқын дәлелі. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы бұрынғыдай өз күшінде қалады, ал оның нақты шарттары Еңбек кодексімен реттеледі. Бұл құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар еңбек нарығында жаңа форматтар пайда болуда. Қашықтан жұмыс істеу, фриланс, платформалық еңбек – бұлардың барлығы қазіргі экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты еңбек заңнамасын жаңғырту қажеттілігі туындап отыр.

Жоспарланып отырған өзгерістер еңбек қатынастарын икемді әрі әділ етуге бағытталған. Бұл жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы теңгерімді сақтауға, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік әділеттілікке бағытталған жаңа модель

Жалпы алғанда, жаңа Конституциядағы әлеуметтік блок – мемлекет пен азамат арасындағы қатынастардың жаңа моделін қалыптастырады. Бұл модельде мемлекет тек бақылаушы емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға белсенді қатысушы ретінде көрінеді.

Білімге басымдық беру – адами капиталды күшейтеді, медицинадағы реформалар – халықтың денсаулығын жақсартады, ал еңбек саласындағы өзгерістер – экономикалық белсенділікті арттырады.

Нәтижесінде, бұл бастамалар Қазақстанның тұрақты дамуына, әлеуметтік теңдіктің нығаюына және әр азаматтың өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік береді. Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, елдің болашақ дамуының стратегиялық бағдары.