Еліміздің жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. 11 бөлім мен 96 баптан тұратын бұл құжат елдің құқықтық негізін жаңғыртып қана қоймай, экономикалық даму мен тұрақтылықтың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Сарапшылардың пікірінше, жаңа Ата Заң тек саяси реформалармен шектелмей, инвестициялық тартымдылықты арттырып, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды құжатқа айналып отыр.
Институционалдық негіз – экономикалық өсімнің басты факторы – Нұрдәулет Нариманов
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Ғаламдық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы Нұрдәулет Наримановтың айтуынша, экономиканың қарқынды дамуы ең алдымен ережелердің сапасына байланысты.
Экономикалық өсім көбінесе экономиканың қалай жұмыс істейтініне қатысты ережелердің сапасына байланысты анықталады. Бұл ережелер инвестициялар, кәсіпкерлік және жаңа жұмыс орындарын құруға қолайлы ортаны қалыптастырады. Институционалдық негіздер тұрақты әрі түсінікті болған сайын, бизнестің белгісіздігі азаяды және ұзақ мерзімді жобаларға қаражат салуға дайындығы артады, – деді ол.
Сарапшы жаңа Конституцияның экономикалық мәні институционалдық ортаның негізгі қағидаларын бекітуде екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдің капитал тарту, өндірісті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.
Жаңа құжатта қарастырылған маңызды құралдардың бірі – арнайы құқықтық режимдерді енгізу. Бұл тетік инвестициялар мен өндірісті дамытуға бейімделген аймақтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай режимдер капитал мен инфрақұрылымды шоғырландырып, жаңа өндірістерді тез іске қосуға және технологиялық кластерлерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай шешімдер құрылымдық модернизация мен өнімділіктің өсуіне ықпал етеді, – деді Нұрдәулет Нариманов.
Ол мысал ретінде Қытайдағы реформалар кезеңін атады. Арнайы экономикалық аймақтар арқылы бұл ел қысқа мерзімде өндіріс көлемін арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп, орта тапты қалыптастыра алған.
Жалпы алғанда, тұрақты әрі болжамды институционалдық орта инвестиция көлемін арттырып, өндірістік қуаттарды кеңейтеді. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына сұранысты күшейтіп, халық табысының өсуіне әсер етеді. Ал табыстың артуы білім мен дағдыға салынатын инвестицияны көбейтіп, адам капиталын нығайтады.
Конституциялық реформа – ұзақ мерзімді өсімнің негізі – сарапшылар
Экономика үйінде өткен «Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басымдықтары» атты дөңгелек үстелде де жаңа Конституцияның ел дамуына ықпалы кеңінен талқыланды. Жиынға қатысқан сарапшылар бұл құжат институционалдық жаңғыруды жеделдетіп, инвестициялық тартымдылықты арттыратынын атап өтті.
Кездесуді жүргізген Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов экономикалық саясат жаңа басқару моделіне бейімделуі тиіс екенін айтты.
Экономикалық саясат жаңа басқару моделіне бейімделіп, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Азамат Нұрсейітов.
Институт басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Нығметов сарапшылар арасындағы ашық пікір алмасудың маңызын ерекше атап өтті.
Мұндай ашық пікір алмасу жүйелі реформалар кезеңінде мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін аса маңызды, – деді ол.
Ал экономика ғылымдарының докторы Еркін Садықов экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын нақтылап берді.
Өнеркәсіпті дамыту, өңдеуші секторға инвестиция тарту, бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру және инновациялық белсенділікті күшейту – стратегиялық міндеттердің алдыңғы қатарында тұр. Сонымен қатар жаңа конституциялық заң мемлекеттік басқарудың нәтижелілігі мен экономикалық шешімдердің ашықтығына қойылатын талаптарды күшейтеді, – деді Еркін Садықов.
Экономист Сара Алпысбаева соңғы жылдардағы макроэкономикалық өзгерістерге тоқталып, ел экономикасының бірқатар көрсеткіштері өскенін жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі демографиялық және экономикалық үрдістер өңірлердің теңгерімді дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Саяси ғылымдар докторы Ғабит Матаев Конституциялық реформаның өңірлік саясатқа әсеріне ерекше назар аударды.
Жергілікті билік өкілеттігінің кеңеюі инвестициялық саясатты дербес жүргізуге, кәсіпкерлікті дамытуға және ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Арнайы құқықтық режим енгізу жедел дамитын қалалар мен индустриялық аймақтардың қалыптасуына серпін береді, – деді Ғабит Матаев.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция ел экономикасын әртараптандыруға, жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға және еңбек нарығын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл өзгерістер жұмыс орындарының көбеюіне, халық табысының артуына және жалпы экономикалық тұрақтылықтың нығаюына ықпал етпек.
Жиын қорытындысында қатысушылар Конституциялық реформаның толық жүзеге асуы Қазақстан экономикасына жаңа серпін беріп, институционалдық ортаны күшейтеді деген сенім білдірді.