Жәмилә Бақбергенова Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды

6 Қазан 2023, 17:38 820

Жәмилә Бақбергенова Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақ палуаны ақтық белдесуде Айпері Медетқызына (Қырғызстан) есе жіберді. Аса тартысты өткен ақтық сынның есебі: 4-7. Бұл салмақта қола медальді Киран мен жарыс қожайыны Хуан Ван алды.

Жәмилә бүгін алғашқы айқасында Өзбекстан құрамасының атлеті Светлана Окназарованы, ширек финалда моңғолиялық Ариунджаргал Ганбатты еш қиындықсыз таза жықты. Ал жартылай финалда Үндістан бозкілем шебері Кираннан жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Есеп: 4-2.

Осы тұста Жәмилә Бақбергенова (72 кг салмақта) сары құрлық чемпионатында 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ палуаны екенін айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Ол жуырда Белградта өткен дүниежүзі додасында 72 кг дейінгі салмақта үздік үштікті түйіндеді. 27 жастағы бозкілем шебері оның алдында Белград (2022 жылы) пен Ослодағы (2021 жылы) чемпионаттан күміс медальмен оралған.

Ханчжоуда Жәмилә Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта сынға түсті. Аса ауыр салмақта алдыңғы Джакартадағы ойындарда тәжірибелі Эльмира Сыздықова қола жүлдеге қол жеткізген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: