Жамбылдық полицейлер тәртіп сақшысы болуды армандайтын 5 жасар баланың үйіне барды

1 Наурыз, 23:05 1028

Жамбыл облысы Сарысу ауданының полицейлері тәртіп сақшысы болуды армандайтын 5 жасар баланың үйіне барды. Өз кезегінде науқас бүлдіршіннің анасы полиция қызметкерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аудан орталығы Жаңатас қаласында тұратын 5 жасар Жансерік болашақта өз өмірін полиция қызметімен байланыстырып, қылмыспен күресуді армандайды. Бұл туралы ол өзінің еміне ақша жинауға көмектескен қоғам белсенділеріне айтқан. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.

Аталған бейнежазбаны көрген аудандық полиция бөлімінің басшылығы баланы қуантуды жөн санапты. Ауданның бас полицей Болат Айтжанов, оның бірінші орынбасары Қанат Нарбеков кішкентай балақайдың үйіне арнайы барды. Шенді қызметкерлер бүлдіршінге ойыншықтар, тәттілер, полицияның жезл таяғы және өз фуражкасын сыйға тартты.

Балаларға қуаныш сыйлау керемет сезім ғой. Жансерік - өте ақылды бала, біз оны қолдауға әрқашан дайынбыз, - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Айтжанов.

Жансерік полицейдің қалпағын киіп, қолына жезл ұстады. Содан соң өзін жол полициясы қызметкері ретінде таныстырып, қонақтармен бірге жол қозғалысы ережелерін жаттады.

Бүлдіршінді қуантқан полицейлер балаға зор денсаулық, оқуда табыс тіледі. Балақайдың анасына ұлының полиция қатарында қызмет етуге деген ұмтылысын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде 5 жасар баланың анасы қолдау көрсетіп, баласының арманын орындағаны үшін  полиция басшылығына алғыс айтты.

-Менің ұлым үшін бұл қуанышты жайт күтпеген тосын сый болды. Операция алдында оған көптеген жағымды эмоциялар сыйлап, көңілін көтеріп кетті. Сонымен қатар бұл жақсы оқуға үлкен мотивация болды, - деді Жансеріктің анасы.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйлық орнына сау бүйрек сұраған 13 жасар қыздың арманы орындалған болатын. Яғни, Президент Ана мен бала орталығына барып, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтаған еді. Сол сәтте 13 жасар науқас қыз Қасым-Жомарт Тоқаевпен тілдесіп, дертінен сауығып кетуі үшін сау бүйрек сұрады. Бүгінде оқушы қыздың арманы орындалып, оған донор табылды. Операция сәтті жасалынды. 

Ал 2022 жылы қарашасында Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Талапұлы өзіне хат жазып, арманын айтқан 12 жасар ерекше баланың тілегін орындады. Яғни, өңірдің бас полицейі оқушы балаға самокат сыйға тартты.  

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: