Жамбылдық полицейлер қызметтік ит туралы детектив фильм түсірді

21 Маусым, 21:43 636

Жамбыл облысының Полиция департаменті шынайы оқиғаларға негізделген "Леди" атты ит туралы детектив жанрындағы фильм түсірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция департаментінің Кинологиялық қызметі орталығында "Леди" лақап атымен төрт жасар бельгиялық овчарка тұқымдас иті бар. Ол кіші инспектор-кинолог Нұрбол Төребекке бекітілген. 

Ведомство ақпаратына сүйенсек, шабуылдаушы ит, яғни қауіпті қылмыскерлерді ұстауға маманданған. Сонымен қатар жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды табуға арнайы үйретілген. 

Оның көмегімен 80-нен астам қылмыс (тонау, қарақшылық шабуылдар, кісі өлтіру) ашылып, қауіпті қылмыскерлер құрықталған.

Күмәнді заттарды табу бойынша шақырту түскен кезде бірінші кезекте инспектор кинолог итпен және саперлермен бірге сол жерге барады. Мәселен, 29 мамырда полицияға көшеге қалдырып кеткен иесіз сөмкелерді табу туралы 2 шақырту түсті. Біздің "Леди" детектив ит екі жерге де барды. Жарылғыш құрылғыларды таппаған ит полицейге белгі беріп, содан кейін сөмкелер ашылды, - деді Жамбыл облысының  ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Юрий Наливкин. 

"Леди" 2021 жылы Байзақ ауданындағы орын алған жарылыс кезінде де жарылғыш заттарды іздеуге қатысқан. Қызмет еткен жылдары ол өзін талай мәрте кәсіби, сенімді серік ретінде көрсеткен.

Айта кетерлігі, Жамбыл облысындағы полицейлер елімізде алғашқылардың бірі  болып қызметтік иттерге қарым-қатынас әдістерін арнайы үйретіп, балаларға «дәрігер» ретінде пайдалана бастаған.

Полицейлер заманауи технологиялардың үздіксіз дамуына қарамастан, заңсыз заттарды іздеудегі, қылмыскерлерді ұстаудағы және қылмыстарды ашудағы қызметтік иттердің рөлі күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: