Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде 6 түрлі жерден қару-жарақ арсеналын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеу бойынша үздіксіз жұмыс жүргізеді. Мәселен, жедел ақпаратты іске асыру барысында кезекші тәулік ішінде облыс орталығының бірнеше көшелерінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қаптары табылды.
ҚР ІІМ мәліметінше, қаптардан ПД қоймасынан ұрланған ПСМ маркалы жауынгерлік тапанша, ТОЗ-Б және ИЖ-18 бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, екі ұңғылы аңшылық мылтық, түрлі калибрлі 148 патрон және арнайы құралдар тәркіленді.
Сондай-ақ бірқатар ауданда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері елді мекендерден тыс жерлерде қару-жарақ арсеналдарын анықтады. Табылған қарулардың арасында қос ұңғылы мылтық, ИЖ-17 және ИЖ-27 бір ұңғылы аңшылық мылтықтардың кесінділері, пневматикалық және травматикалық тапаншалар, спорттық револьвер-тапанша, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 94 патрон болды, - делінген мәліметте.
Осы деректерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3 және 4-бөлімдерінің бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.