19.08.2025
05:16
684
Жамбылда 3 мың тоннадан астам жабайы қарасора жойылды

Жамбылда 3 мың тоннадан астам жабайы қарасора жойылды

Жамбыл облысында «Қарасора-2025» республикалық ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Профилактикалық іс-шара  2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар мен «Заң және тәртіп» бағдарламасына сәйкес  биыл 1 маусымнан басталған. Алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын жою жөніндегі жылжымалы комиссия құрамында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау аясында жабайы қарасора өсетін ошақтарды анықтау және жою бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Арнайы ауыл шаруашылығы техникасын тарта отырып, облыстың құмды аймақтарына жақын 4 394,6 гектар аумақтағы жабайы қарасора орылып, кейіннен жиналған өсімдіктер өртеу арқылы жойылды,-деп атап өтті полициядан.

Жойылған қарасораның жалпы салмағы үш мың тоннадан асқан. Бұл шаралар өсімдік тектес есірткі шикізатының заңсыз айналымға түсуін болдырмауға және өңірдегі есірткі қатерін төмендетуге бағытталған.