Жамбыл облысында сарбаздар әскери ант қабылдады

5 Ақпан, 02:48 684

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның жас сарбаздары әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

«Жеңіс» саябағында өткен айтулы шара даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Аймақ басшысы мемлекет қауіпсіздігін қорғау әрбір ер азаматтың өміріндегі маңызды сәт екенін баса айтып, сарбаздардың сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.

Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаудан артық міндет жоқ екенін атап өтті. Армия – мемлекеттің берік қорғаны. Елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін әскер қатарына алынған әрбір азаматтың қадамдарының бірі – әскери ант қабылдау. Отан қорғаушы болу – өте абыройлы әрі жауапты іс. Сондықтан, әрбір әскери білім мен дағдыны табандылықпен меңгеру қажет. Ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Ұлттық Ұлан әскерінің басты борышы, - деген Ербол Қарашөкеев жас сарбаздардың елге қызмет етуде үлкен жетістікке жетуіне тілектестігін жеткізді.

Бұдан кейін, салтанатты жиынға қатысқан әскери бөлімдердің басшылары, ата-аналар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ресми түрде ант қабылдаған жауынгерлерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Шара соңында жас сарбаздар дайындық мерзімінде алған машық-дағдыларын, қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті.

Айта кетейік, бұл күні 5513 әскери бөліміне Алматы, Жетісу, Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан келген 292 сарбаз қосылды.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: