Жамбыл облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр

26 Қазан, 05:19 504

Жамбыл облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, 600 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тәтті түбірді жинау барысымен танысу үшін Байзақ ауданына ат басын бұрып, диқандардың мәселесіне құлақ түрді. Аймақ басшысы «Зулуфов», «Чаушев», «Ветеран», «Адлер» шаруа қожалықтарына барып, жұмыс қарқынын бақылауға алды. Өз сөзінде облыс әкімі мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айта келе, өзекті мәселелердің оң шешілуіне күш салынатынын жеткізді.

Байзақтық шаруа Таласбек Шертаев жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қант қызылшасын жинайтын комбайн алғанын, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жинау жұмыстарына үлкен көмегін тигізіп отырғанын алға тартты.

Байзақ ауданында 67 шаруа 3 мың гектар жерге қант қызылшасын еккен. Оның 0,7 мың гектары жиналып, 52,9 мың тонна өнім алынды. Бүгінде 50,6 мың тонна тәтті түбір қант зауыттарына жөнелтілді.

Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша биыл 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егілді. 600 мың тоннадан астам өнім алу көзделген (орташа өнімділік 570 ц/га). Қазіргі таңда 3,2 мың гектар жиналып, 229,3 мың тонна өнім алынды (орташа өнімділік 711,4 ц/га).

Облыс әкімдігі Меркі қант зауыты 450 мың тонна шикізат қабылдайтынын жеткізді. Қалған 100-150 мың тоннаға жуық өнім Ақсу қант зауытында қайта өңделетін болады. Облыс фермерлері Ақсу қант зауытына қызылшаны өткізуді бастады, бүгінгі күнге 18,1 мың тоннаға жуық өнім өткізілді.  Қант зауытына Үкімет және жергілікті билік тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде.

Қант зауытымен келісілген кестеге сәйкес қабылдау жұмыстары 10-шы қыркүйектен басталып, бүгінгі күнге 179,4 мың тонна өткізілді.

Тәуліктік қабылдау қуаттылығы қазан айының 10-нан бастап 4,5 мың тоннадан 5,9-6,0 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала - 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілуде. Шикізатты тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтелетін болады.

Меркі қант зауытына өткізілген өнімнің 6,8 мың тонна жергілікті бюджет есебінен (172 млн.теңге) субсидияланды.

Жалпы 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 млрд.теңге қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: