Жамбыл облысында интернет алаяқтық басылмай тұр

Жамбыл облысында интернет алаяқтық басылмай тұр

Жамбыл облысында интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері еселеп артып отыр. Полицияның мәліметінше, өткен жылдың алғашқы он айында 213 ғана оқиға тіркелсе, биыл дәл осы мерзімде киберқылмыстар саны 644-ке жеткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Құқық қорғаушылар онлайн алаяқтықпен байланысты 2 242 күдікті банктік шотты бұғаттағанын хабарлайды. Облыс тұрғындары интернеттегі күдікті әрекеттерді байқаса, дереу 99-66-07 нөміріне хабарласуы керек.

Қаңтарда өңірде арнайы киберқылмыспен күрес басқармасы құрылған. Басқарма жетекшісі Уәлихан Ағыбаевтың айтуынша, интернет арқылы жасалатын қылмыстар көлемі екі есеге өсіп отыр.

Ведомство дерегіне сүйенсек, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде таныстырады. Биылдың өзінде осындай арбаудың құрбаны болғандар саны – 170-ке жуықтады. Тағы 184 жағдай Instagram арқылы жұмыс ұсынған немесе өзін дүкен маманы ретінде көрсеткен алаяқтарға қатысты тіркелген. Ал 119 тұрғынның жеке деректері қолды болып, олардың атына онлайн несие рәсімделген.

Ұрланған қаражатты шешіп беруге көмектескен адам ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігі бойынша қылмысқа сыбайлас ретінде жауапқа тартылады. Жәбірленушілер шығынды өндіру туралы талап қоюға құқылы - деді Уәлихан Ағыбаев.

2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізілген. Бұл бап банктік шоттарға, төлем құралдарына заңсыз қол жеткізу немесе оларды беру, заңсыз аударым жасау сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді. Тағайындалған жаза - мүлкін тәркілеу және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Сонымен қатар, құқық бұзушылықты алғаш жасаған және өз еркімен хабарлап, тергеуге көмектескен азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Бірақ басқа қылмыстық белгі болмауы шарт.

Қазір аймақта CyberShekteuTaraz Telegram боты жұмыс істеп тұр. Онда 500-ге жуық күдікті хабарлама тіркелген. Тұрғындар бот арқылы алаяқтар пайдаланатын телефон нөмірлерін, күмәнді сілтемелерді және жалған жарнамаларды жібере алады.