«Ұлттық домбыра Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында қаулы етемін: Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын.»
Н.Ә.Назарбаев.
ҚР тұңғыш президенті, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітілген. Атаулы мереке қарсаңында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Домбыра – халық мұрасы» атты этномәдени бірлестіктердің обыстық деңгейдегі күйшілер байқауы өтті.
Шараны өткізудегі басты мақсат – Қазақ халқының ұлттық мәдени дәстүрлерін насихаттау, қолдау және дамыту, өскелең ұрпақты эстетикалық-адамгершілік тәрбиелеу және рухани байыту, дәстүрлі ұлттық күй жанрының дамуына үлес қосу, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын насихаттау, жас домбырашылардың орындаушылық шеберлігін дамыту, жетілдіру және өнер сүйер жастарды өзара рухани байыту және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Байқауға облыстың түпкір-түпкірінен киелі домбыраны жанына серік еткен жиырмадан астам күйшілер қатысты. Сайысқа түсушілерге әділ баға беріп, шын талантты анықтау үшін әділ қазылар алқасы құрылды. Қазылар құрамында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ көрме залы меңгерушісі Майкович Вера Андреевна, Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Белляева Антонина Алексеевна және Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ-ұлт аспаптар оркестірінің домбырашысы, республикалық байқаулардың жеңімпазы Басықараев Дидар болды.
Төрешілер, қатысушылардың екі кезеңінде де байқаудың бекітілген талап-тәртібіне сай орындау шеберлігі, шығарманың көркемдік деңгейі, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті және киім сәні сынды бірқатар мәселелерге баса назар аударды. Қатысушылар бірінші кезеңде халық күйлерінен бір шығарма, ал, екінші кезеңде еркін тақырыпта бір шығарма орындады.
Іс-шараның басы Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсудовнаның байқауға қатысушыларды құттықтап, сайыста сәттілік тілеу сөзімен басталды. Рано Махсудовна «Құрметті байқауға қатысушылар! Құрметті қазылар алқасы, бүгінгі ҚР тұңғыш президенті, елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жарлығына сай шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітілгені баршамызға белгілі. Біріншіден, осынау мерекемен барлықтарыңызды құттықтағым келеді. ҚХА ұсынған «Қазақтану» жобасының негізінде жүзеге асып отырған бірнеше жобалар бар. Соның бірі осы – домбыра күні атқарылатын мерекелік іс-шаралар.
Өткен жылы «Домбыра» күнінде өңірлік этномәдени бірлестік өкілдерімен перзентханаларға барып, дәл сол күні туылған нәрестелерге домбыра аспабын тарту еткен болатынбыз. Екіншіден, бүгінгі байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Төл өнерімізді дамытып, күйшілікке бет бұрған жастардың жігерлерін арттыруға бағытталған бүгінгідей шараларда үздіктер қатарынан көріне беріңдер! Аспаптарымыз әлемдік деңгейдегі брендтерге айналып, ел мерейін асыра берсін!» - деді, байқаудың ашылу сәтінде.
Күй-жарысқа түсушілер аталмыш байқауда өз өнерлерін көрсетуде аянып калмады. Күмбірлете күй төккен өнерпаздар халқымыздың асылынан артық қастерлеп үкі таққан, жалғызындай аялап қақ төріне ілген ең қымбат, ең сүйікті музыкалық аспаптарының бірі – домбырада халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін көрсететін күйлерді тамаша орындап шықты. Әділқазылардың берген бағасы бойынша бірінші орын байқаудың ең жас қатысушысы – Кенен Әзірбаев атындағы музыкалық мектептің оқушысы Абазова Фатимаға берілді, екінші орын да Кенен Әзірбаев атындағы музыкалық мектептің оқушысы Әзімбаев Нұрәділге берілсе, үшінші орынға облысымыздың Т.Рысқұлов ауданынан келіп қатысқан Талғатов Мұхаммедәли ие болды.
Бұл байқау ешкімді ренжіткен жоқ, қатысушылардың бәрі де ынталандыру сыйлықтарына ие болып, «Қоғамдық келісім» КММ атынан алғыс хаттармен, дипломмен марапатталды. Байқау жеңімпаздарын Достық үйінің және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева құттықтап, марапаттады. Қатысушыларды ынталандыру сыйлықтарымен «Радонеж» орыстар қоғамы» этномәдени бірлестігінің мүшесі, Аналар кеңесінің өкілі Беляева Антонина құттықтады.
«Домбыра – халық мұрасы» байқауы өз мәресіне жетіп, кеш соңы қатысушылардың фотосессиясымен аяқталды.
Әсем Жұмабекова
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.