Жамбыл облысында 111 дәрігердің орыны бос тұр. Дегенмен, маман тапшылығы мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде, деп хабарлайды EL.KZ Хабар-24 арнасына сілтеме жасап.
Сәулелік диагностика маманы, радиолог, акушер-гинеколог пен реаниматологтар жетіспейді. Дәрігер болу үшін жас маман интернатура мен 2-3 жылдық резидентураны бітіруі қажет. Бірақ жоғары оқу орнын бітіргендердің басым бөлігі ары қарай оқу ақысын төлей алмай қиналады.
Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы 63 маманды жергілікті бюджет есебінен оқытып жатыр. Оның 30-ы биыл резидентураға түскен.
42 маман бізде жергілікті бюджет есебінен бірінші курстан бастап жалпы медицинаны оқып жатыр. Олар бітіргеннен кейін 5 жылдық міндеттемемен облысымызға келіп, именно осы ауылды елді мекендерге келіп жұмыс істейді. Резидентураға жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлінген. Бүгінгі күнге мысалы, 2019 жылы түскен мамандардың қазір 16-сы келіп отыр. Аудандардың барлығына орналасып, қазір жұмыстарына кірісті - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Ахметбеков.