Жамбыл облысында бір ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды

Бүгiн, 11:18 156

​Тәуелсіздік күні қарсаңында Талас ауданы Тұрымқұл ауылында ауыз су жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

​Салатанатты шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

​Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Жалпы биыл ауданда 7 ауылдық елді мекенге ауыз су желісін тарту жоспарланған. Жыл соңына дейін 5 елді мекенге ауыз су кезең-кезеңімен беріледі. Қалған екі жоба келесі жылға өтпелі, – деді аудан әкімі.

​Тұрымқұл ауылында 230-ға жуық халық тұрады.

​Мерекеге орай таза ауыз суға қол жеткізіп, мерейіміз тасып отыр. Бұған дейін құдықтан су тартып, әбігерге түсетінбіз. Таза ауыз су – ұлт саулығының кепілі! Барша ауылдастарымды ортақ қуанышпен құттықтаймын! – деген ауыл қариясы Тұрсан Бастаубаев көпшілікке ақ батасын берді.

​Айта кетейік, биыл Жамбыл облысындағы 37 ауылдық елді мекенге (АЕМ) тіршілік нәрі тартылады. Оның ішінде 22 АЕМ-ге ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу, 15 АЕМ-ге кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Нәтижесінде жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,1 пайызға (2023 ж. - 94,9%) жетеді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: