Жамбыл облысы көкпардан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы атанды

29 Сәуір, 12:02 986

Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдың 21-27 сәуір аралығында Қызылорда қаласының атшабарында өткен көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі додаға Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Қарулы күштері орталық армия спорт (ЦСКА) клубы және Астана, Шымкент қаласының командалары қатысты.

Жарыстың алғашқы күні командалар топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша сынға түсті. Өзара 4 топқа бөлінген командалар әрқайсысы 3 ойыннан өткізіп, топтан бірінші болып шығу үшін барын салды.

Ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты нағыз шабандоз бен астындағы аты сыналған керемет жарыс болды. Барлығы жоғары деңгей өтті. Жеңімпаз Жамбыл облысының құрамасын көкпардан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы атануымен  құттықтаймын, - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Фото: ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы

Жарыстың үшінші күнінде өз тобынан топ жарып жартылай финалға Қостанай, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары шықты. Жеребе тарту рәсімі өткізіліп өзара кездесу өткізетін екі жұп анықталды.

Көкпар ойындары арасындағы бір күндік үзілісте 25 сәуір күні көкпардан жекпе-жек аттары бойынша Қазақстан Республикасының алғашқы чемпионаты өтті. Жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмеген Шымкент қаласының тұлпары «Жебе» мен шабандоз Елдар Жарылқап 1 000 000 теңге жүлде иеленді.

Көкпардан ҚР чемпионаты жылда өтетін, ұлттық спорттың оның ішінде көкпар сүйер көрерменнің тағатсыздана күтетін жарысы. Бұл чемпионат әдеттегідей өз биігінен түспеді.  Ұлттық құраманың тізімінде бар ойыншыларды бақыладым. Бәрі бабында екен, - деді Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

26 сәуір күні алғашқы жартылай финалдық ойында қостанайлықтар мен оңтүстік Астана командасы арасындағы текетіресте 1:4 есебімен Алматылықтардың айы оңынан туып, Елдар Жиенқұлов кездесудің үздік ойыншысы атанды. Жартылай финалдың екінші кездесуі Жамбыл облысының «Әулие атасы» мен Түркістанның «Тұраны» арасында болды. Барлық көкпар сүйер көрерменнің назарында болған бұл ойын 9:2 есебімен жамбылдықтардың пайдасына аяқталды.

Фото: ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы

Финал күнін барлық ұлттық спорт жанкүйерлері тағатсыздана күтті. 27 сәуірге белгіленген ақтық кездесудің алдында Қостанай мен Түркістан облыстарының құрамалары 3 орын үшін таласты. Өте тартысты өткен ойында қостанайлық командаға сәл ғана сәттілік жетіспей, 1 ғана салым айырмасымен Түркістанның пайдасына 6:7 болып аяқталды. Ақтық сында Жамбыл облысының құрамасы мен Алматы облысының құрамасы кездесті. 40 минутқа созылған бұл кездесу 7:1 есебімен жамбылдық «Әулие атаның» пайдасына шешілді. Ойынның басты жұлдызы үш салым салған Құрманбек Тұрғанбек болды.

Бұл жарысты ұйымдастыруда жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құрайтын ақшалай сыйақылар тағайындадық. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, «үздік қорғаушы», «үздік шабуылшы», «үздік ойыншы» номинацияларын да қосып, олардың әрқайсысына 200 000 тг көлемінде ақшалай жүлде де қарастырдық.  Төрешілер құрамын күшейттік. Жалпы, бұл жарысқа 16 команда қатысып, жарыстың көркін қыздырды. Арасынан оза шауып, суырылып шыққан Жамбыл облысының құрамасын жеңісімен құттықтаймын, - деді ҚР Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев.

Осылайша бұл чемпионатты кезекті рет жеңген Жамбыл облысы Қазақстан Республикасының 14 дүркін чемпионы атанып 7 000 000 тг сыйақы алды. Күмісті місе тұтқан Алматы облысына 5 000 000 тг, қоланы мойнына ілген Түркістан облысына 3 000 000 тг, ал екінші үшінші орын Қостанай облысына 1 500 000 тг жүлде табысталды.

Фото: ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы

Равиль Ашығали
Бөлісу: