Жамбыл облысы Катарға ет және ет өнімдерін экспорттайды

30 Қазан, 04:12 355

Жамбыл облысының Дохаға делегациясының сапары барысында мұндай келісімге қол жеткізілді. Сапар экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, жұмыс бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Катардағы елшілігінде «Меркен ет комбинаты» ЖШС мен «Al Dayat For Trading» компаниясы арасында 200 тонна ет пен ет өнімдерін экспорттау туралы келісімге қол қойылды.

Біз өңіріміздің жоғары сапалы өнімдері Катар нарығында үлкен сұранысқа ие болады деп сенімдіміз, - деді Жамбыл облыс әкімінің орынбасары Абулхайыр Тамабек.

Сонымен қатар жамбылдық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің «Сарыбас» ЖШС, «Сауле» кондитер фабрикасы, «Тараз халва» ЖШС, «KazirAgro» ЖШС, «БСК» ЖШС және «Акмол» ЖШС өнімдеріне компаниялар тарапынан үлкен қызығушылық танытылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: