Жамбыл облыстық Аналар кеңесі «ерекше» балаларға арнап қайырымдылық шарасын өткізді

17 Сәуір 2019, 00:00 2681

Қазіргі таңда республика бойынша девианттық мінез-құлықтары бар балаларға арналған оннан астам арнайы мектеп бар. Солардың бірі Тараз қаласында орналасқан.

Қайырымдылық көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы Аналар кеңесінің мүшелері «Тараз қалалық арнайы білім беру жағдайына мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп-интернаттың» тәрбиеленушілеріміен кездесті.

Аналар кеңесі мектептің оқушыларын қажетті керек-жарақтарымен  қамтамасыз етіп, балалардың оқуға деген қызығушылығын ояту және өз шығармашылық қабілеттерін таныту мақсатында түрлі тақырыптағы кітаптар, сурет салуға арналған  бояулар,  қылқалам және  альбомдар, ойыншықтарды сыйға тартты.

Кездесу барысында арнайы мектептің тәрбиеленушілері қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды. Домбырашылар тобы халық композиторы Құрманғазының «Ерке сылқым» күйін орындаса, қыздар тобы «Қазақтың жері», «Анашым – асыл әнім» атты әндерін және  өздері  шығарған өлеңдерін жұртшылық назарына ұсынды.    

Аталмыш шара «Қайырымдылық керуені» ұлттық компаниясының  «Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы аясында ұйымдастырылып өткізілді.

Бөлісу: