Әдетте ойыңда жүрген істі кейінге шегеріп, сонан соң өзімізді жалқаулығымыз үшін айыптап жатамыз. Бірақ соңғы кезде сарапшылар жалқаулықты жау емес, керісінше, дұрыс пайдалануға болатын ресурс ретінде қарастыруды ұсынып жүр. Сондай-ақ олар ми жұмысын күштеп «іске қосу» үшін кофеин мен тәттіге тым әуес болудың қауіпті екенін алға тартады.
Зерттеулерге сүйенсек, адам миының ақпарат сыйымдылығы шамамен 2,5 миллион гигабайтқа тең. Тіпті демалып отырған кезде де ми секундына 100 мың сөзге жуық ақпаратты өңдейді.
2011 жылдың өзінде-ақ АҚШ тұрғындары 1986 жылмен салыстырғанда бес есе көп контент тұтынған. Ал содан бері тағы он жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда миымызға түсетін ақпарат көлемінің қаншалықты артқанын елестету қиын емес. Оның үстіне, әлем үнемі өзгеріп отырады, ал күнделікті өміріміз жаңа міндеттер мен шешімдерді талап етеді: жұмыста клиентке тың идея ұсыну, бизнесте дұрыс серіктес таңдау, баланы мектептегі мерекеге дайындау – бұлардың бәрі адам назарын қажет етеді.
Көп жағдайда біз кез келген іске шығармашылықпен қарағымыз келеді. Алайда кейде ой тұйықталып, ми жаңа идея ұсынудан «бас тартады». Бұл – компьютердің шамадан тыс жүктелуіне ұқсас жағдай. Ойдың анықтығы төмендейді, қажетті сөздер еске түспейді, ал жуырда ғана үйренген ақпарат бір сәтте ұмытылғандай болады.
Интеллект деңгейіне екі негізгі фактор әсер етеді:
Генетика. Жас ұлғайған сайын адамның ойлау қабілетіне тұқым қуалаушылықтың ықпалы арта түседі.
Орта. Адам өз қабілетіне сай орта қалыптастырса, интеллектіні дамытуға мүмкіндік туады.
Қант пен кофеин миды жылдам «оятуға» көмектеседі және қысқа уақытқа креативті ойлауды күшейтеді. Мысалы, жедел брейншторм кезінде бұл тәсіл тиімді болуы мүмкін. Алайда оларды үнемі қолдану зиян: кофеин мен қант тәуелділік тудырады, ал уақыт өте сол әсерді алу үшін дозаны арттыру қажет болады.
Жалқаулық – психиканың қалыпты реакциясы. Ол мағынасыз немесе ішкі қарсылық тудыратын тапсырмаларға жауап ретінде пайда болады. Мұндай сәттерде өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ. Керісінше, жалқаулықты қажетсіз сүзгіден өткізу мүмкіндігі ретінде қабылдауға болады.
Жалқаулықпен жұмыс істеудің екі жолы бар:
Неліктен белгілі бір істі жасағыңыз келмейтінін анықтау. Бәлкім ол тапсырма шынымен де маңызды емес шығар, егер шынымен солай болса, онда одан бас тартуға болады.
Жалқаулықты демалыс сигналы ретінде қабылдау. Ойдың «еркін қыдыруы» мидың пассивті режимін іске қосады, ал бұл күйде адам жаңа идеяларға бейім келеді.
Адам ағзасында шоғырлануға жауап беретін гормон – кортизол. Оның белсенділігі көбіне таңғы 8:30-10:30 аралығында жоғары болады. Сондықтан күрделі тапсырмаларды осы уақытта орындау тиімді. Дегенмен әр адамның биологиялық ырғағы әртүрлі, сол себепті өзіңізге ең қолайлы «алтын уақытты» табу маңызды.
Дұрыс ұйқы
Ұйқы – ағзаның табиғи қалпына келу механизмі. Ұйқы қанбаса, қарапайым шешім қабылдаудың өзі қиындайды. Күніне 7-9 сағат ұйықтауға тырысыңыз.
Жаңа нәрселерді байқап көріңіз
Беймәлім әрекеттер миды сергітіп, оның белсенділігін арттырады. Тіпті бірнеше минут көзді жұмып дәлізбен жүрудің өзі ойды жаңаша бағыттауға көмектеседі.
Көп міндетті қатар орындаудан бас тартыңыз
Бір уақытта бірнеше тапсырману орындауға ұмтылу өнімділікті төмендетіп, миды тез шаршатады. Сондықтан миға жүктемені көбейтпей, бір тапсырмаға ғана назар аудару әлдеқайда тиімді.
Үнемі демалып отырыңыз
Күні бойы миға қысқа үзіліс беріп тұрыңыз. Табиғатты тамашалау ең жақсы тәсіл, ал мүмкіндік болмаса, табиғат көріністерін экраннан қараудың өзі көмектеседі.
Қарым-қатынасты үзбеңіз
Әлеуметтік байланыстар есте сақтау қабілетін, көңіл күйді және танымдық белсенділікті арттырады.
Күн тәртібін құрыңыз
Тәртіпсіздік миды күйзеліске түсіреді. Ал нақты жоспар миға «бәрі бақылауда» деген сигнал береді. Өміріңіз қаншалықты күрделі болса, жоспар соғұрлым маңызды.
Майлы тағам мен жылдам көмірсуларды азайтыңыз
Мұндай тағамдар ұйқышылдық тудырады. Маңызды кездесулер мен шығармашылық жұмыстар алдында ауыр тамақтан бас тартқан жөн.
Су ішуді ұмытпаңыз
Су қан айналымын жақсартады. Ал алкогольден мүмкіндігінше аулақ болыңыз: ол қысқа уақытқа еркіндік сезімін бергенімен, когнитивтік қабілеттерді әлсіретіп, жүйке жасушаларына зиян келтіреді.