Әр адам өмірінде «істеу керек, бірақ мүлде зауқым жоқ» деген күйді бастан өткерген болар. Әдетте мұны жай ғана жалқаулық деп қабылдаймыз. Алайда ол қайдан пайда болады, не үшін туындайды және онымен міндетті түрде күресу керек пе? Осы мақалада жалқаулық ұғымын психологиялық тұрғыда саралап, оның себептері мен салдарын, сондай-ақ одан арылудың тиімді жолдарын қарастырып көрейік.
Жалқаулық – бұл күш-жігерді қажет ететін әрекеттерді орындауға деген ынтаның төмендеуі немесе мүлде болмауы. Алайда жалқаулық әрдайым толық әрекетсіздікпен өлшенбейді. Кейде ол маңызды істі саналы түрде кейінге ысыру, ал көңілге қонымды, жеңіл әрекеттермен айналысу арқылы көрініс табады.
Оқи отырыңыз:
Жалқаулық уақытша немесе созылмалы, физикалық немесе зияткерлік, эмоциялық немесе шығармашылық сипатта болуы мүмкін.
Психология ғылымында жалқаулықты жай ғана мінез кемшілігі деп қарастырмайды. Керісінше, ол – күрделі психологиялық механизм, көбіне белгілі бір мәселенің белгісі. Мамандар оны ішкі дискомфорт, қорқыныш немесе шамадан тыс шаршау салдарынан пайда болатын психиканың қорғаныш реакциясы деп түсіндіреді.
Жалқаулықтың пайда болуына әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар:
Сәтсіздіктен қорқу. Адам тапсырманы орындай алмай қаламын деп қауіптеніп, әрекетсіздікті қауіпсіз жол ретінде таңдайды.
Мотивацияның жоқтығы. Мағынасыз, қажетсіз болып көрінген іс ми үшін энергияны босқа жұмсау ретінде қабылданады.
Перфекционизм. «Мінсіз істей алмасам, мүлде істемегенім дұрыс» деген ой әрекетке кедергі жасайды.
Эмоциялық күйзеліс пен күйіп кету синдромы. Ұзақ уақыттық стресс пен шамадан тыс жүктеме организмді әлсіретіп, апатия мен жалқаулыққа әкеледі.
Депрессия. Үнемі шаршау, өмірге қызығушылықтың жоғалуы тіпті қарапайым істерді орындауды қиындатады.
Академик И. Павлов жалқаулықты ағзаның энергияны үнемдеу қажеттілігімен байланыстырған. Оның пікірінше, тежелу процесі (жалқаулық пен апатияның сыртқы көрінісі) жүйке жасушаларын шамадан тыс жүктемеден қорғау үшін іске қосылады.
Психологияда жалқаулыққа мынадай анықтама да беріледі: «мотивациясы жоқ әрекетке организмнің табиғи қарсылығы». Яғни «істеу керек» пен «істегім келмейді» арасындағы ішкі қақтығыс пайда болады.
Ішкі қақтығыс қайдан шығады?
Эрик Берннің транзакциялық талдау теориясына сәйкес, адамның ішкі әлемі шартты түрде үш рөлге бөлінеді: бала, ата-ана және ересек.
«Істеу керек» – ішкі ата-ананың үні,
«Қалаймын» немесе «қаламаймын» – ішкі баланың қалауы.
Егер бала кезінде адамның тілегі жиі басылып, тек талап пен міндет алға қойылса, есейгенде бұл «ішкі қарсылыққа» ұласады. Бұл жасырын қарсылық белгілі бір жағдайда жалқаулық ретінде көрініс табады.
Осылайша, жалқаулық – ерік-жігердің әлсіздігі ғана емес, адамның ішкі күйін, тәрбиесін, ойлау жүйесін қамтитын көпқырлы құбылыс.
Көп жағдайда жалқаулық пен прокрастинация бір мағынада қолданылады. Алайда психологияда бұл – екі бөлек ұғым.
Жалқаулық – әрекет етуге деген ниеттің жоқтығы;
Прокрастинация – істі кейінге қалдыру, бірақ сонымен бірге ішкі мазасыздық пен кінә сезімін бастан кешіру.
Яғни жалқау адам көп жағдайда өзін жайлы сезінеді, ал прокрастинацияға ұшыраған адам іштей қиналады.
Салыстырмалы түрде:
Жалқаулықта – тыныштық пен бейқамдық басым;
Прокрастинацияда – күйзеліс, уайым, өзін-өзі кінәлау бар;
Жалқау адам ештеңе істемейді;
Прокрастинатор басқа істермен айналысып, маңызды тапсырмадан қашады.
Егер кейінге қалдыру ішкі арпалыспен қатар жүрсе – бұл прокрастинация. Ал егер ниет те, қақтығыс та болмаса – бұл жалқаулық. Әр жағдайға қолданылатын тәсіл де әртүрлі.
Жалқаулықты тек жағымсыз құбылыс деп қарастыру дұрыс емес. Ол кей жағдайда пайдалы сигнал болуы мүмкін:
Артықшылықтары:
Алайда жалқаулық жиі әрі ұзаққа созылса, ол проблемаға айналады:
Кемшіліктері:
Сондықтан жалқаулық – екіжақты құбылыс. Ол демалыс пен өзін қорғау құралы да, дамуға кедергі де бола алады.
Егер жалқаулық демалуға көмектеспей, керісінше жұмысқа, оқуға, қарым-қатынасқа кедергі келтірсе – әрекет ету қажет. Демалыс күшті қалпына келтірмей, мәселе көбейе берсе, себепті тереңнен іздеу керек.
Жалқаулықты қалай жеңуге болады?
Жалқаулықпен күрес – өзіңді зорлау емес, себебін түсіну.
Себебін анықтаңыз.
Шаршадыңыз ба? Демалыңыз. Ұйқы, үзіліс, орта ауыстыру көмектеседі.
Жалығып жүрсіз бе? Істі ойынға айналдырыңыз, шағын мақсаттар қойыңыз.
Қорқасыз ба? Үлкен істі шағын қадамдарға бөліп, бірінші қадамнан бастаңыз.
Жалқаулық – сіздің ішкі күйіңіз туралы белгі. Оны елемеу емес, дұрыс түсініп, соған сай әрекет ету – ең тиімді жол.
Бұған дейін мамандар жалқаулықпен күресу қажет пе деген сауалға жауап берген еді. Сонымен қатар ұйықтар алдында кітап оқудың пайдасы жайлы да жазғанбыз.