Жалпыұлттық деңгейде ойлануға ұмтылуымыз керек

5 Желтоқсан, 18:00 443

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жолдауларында бір ұлт төңірегіне ұйысу және мемлекет үшін маңызды мәселелерді ұлттық деңгейде ойлау керегін жиі айтады. Шын мәнінде жалпыұлттық деңгейде ойлануға ұмтылу дегеніміз не? Осы мәселе жөнінде ізденіп көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізген. Кеңес барысында соңғы уақытта ел өңірлерінде белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналып бара жатқанын айтқан болатын.

Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар, – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мәселеге қатысты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тоқталып өткен еді. Оның айтуынша, жергілікті ру, отбасы деңгейіндегі адамдардың есімі беріліп кеткен көшелер өңірлерде өте көп. 

Кейбір өңірлерде көше атауларын тағайындаған кезде жергілікті жердегі белгілі бір топтардың, ықпалды бір адамдардың жетегінде кетіп жатады. Біреулер өз аталарына құрмет көрсеткілері келіп, ықпал етеді, тіпті қысым жасап, осындай шешімдеріне әсер етеді. Бір кішкентай ауылда көшенің атауын ауыстырғанда біреу өзінің атасының атына өзгерте салады. Сондықтан біз бір тәртіппен қарап жатырмыз, – дейді мемлекеттік кеңесші.

Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жалпы ұлт болып бірігу үшін ұлттық идеологияны күшейту керек деп отыр.

Бұл енді үлкен мәселе. Тек заң шығару арқылы ғана халықты бір мәселеге ұйыстыра алмаймыз. Бұл идеологиялық, психологиялық мәселе. Ең бірінші кезекте, идеология саласындағы жұмысты күшейтуіміз керек. Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда ұлттық идеология мәселесі ақсап тұр. Тәуелсіздік алғалы бұл мәселе шешімін таппады. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан идеологияны бір ретке келтіріп алмасақ, соның ішінде ұлттық идеология, қазақ деген ұлттың төңірегінде ұйысатындай тетік қалыптастыру Үкіметтің қолында, – дейді Абзал Құспан.

Қазақстанның саяси қайраткерлері ұлттық идеологияны дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бұл бағытта бірнеше маңызды бастамалар көтерді.

2023 жылдың маусым айында Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаттары ұлттық идеологияның тұжырымдамасын қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады. Олар ұлттық мемлекет ретінде ұлттық идеологияны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, алты нақты ұсыныс енгізді:

Ұлттық идеология тұжырымдамасын қабылдау: Қазақстанның ұлттық мемлекет ретіндегі болмысын айқындайтын идеологиялық негіздерді бекіту.

Алаштану пәнін енгізу: Алаш қайраткерлерінің мұрасын ұлықтап, мектептер мен жоғары оқу орындарында толыққанды «Алаштану» пәнін оқыту.

Алаш қайраткерлерін еске алу шаралары: Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің есімдерін көшелерге, мектептерге, елді мекендерге беру және ескерткіштер орнату арқылы ұлықтау.

«Алашқа тағзым» күнін белгілеу: 1937 жылдың 27 қыркүйегін Қанды репрессия құрбандарын және Алаш арыстарын еске алу күні ретінде белгілеу.

Тарихи ғимараттарды қайтару: Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тарихи ғимаратын мемлекет меншігіне қайтару.

Алаш қайраткерлерін ұлықтау шараларын бақылау: Жергілікті деңгейде Алаш қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау шараларын қайта көтеріп, бақылауға алу.

2023 жылдың сәуір айында Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы орны» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп қазіргі геосаяси жағдайда идеологиялық шепті нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жуырда қабылданған Ақпараттық доктринада «идеология» сөзінің орнына «құндылық» ұғымы қолданылғанын айтты, себебі идеология әртүрлі болуы мүмкін, ал ұлттық құндылық біреу-ақ.

Жалпыұлттық деңгейде ойлау деген не?

Бұл ұғымның астарында жеке немесе тар ауқымдағы мүдделерден жоғары тұру, ұлттың игілігі үшін әрекет ету жатыр. Ол әр адамның өз іс-әрекетінің ел тағдырына ықпалын түсінуінен басталады. Мұндай көзқарас біздің ортақ құндылықтарымызды сақтауға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік береді.

Жалпыұлттық деңгейде ойлаудың негізгі бағыттары

Ұлттық бірлік пен келісім

Қазақстан – көпұлтты ел. Ұлттар мен діндер арасындағы келісімді сақтау әрбір азаматтың басты міндетіне айналуы керек. Жекелеген топтар мен қоғам мүшелерінің бір-біріне түсіністікпен қарауы – еліміздің бейбіт өмірінің негізі. Президенттің бұл бағыттағы «Әділетті Қазақстан» қағидасы бізді алға жетелеуде.

Ортақ жауапкершілік

Жалпыұлттық деңгейде ойлау дегеніміз – ортақ жауапкершілікті мойындау. Бұл әр азаматтың мемлекеттің дамуына үлес қосуға дайын болуын білдіреді. Мысалы, экономикалық реформаларды қолдау, экология мәселелеріне немқұрайлы қарамау, білім мен ғылымды дамыту сияқты салаларда белсенділік көрсету – ұлттық деңгейде ойлайтын адамның қасиеттері.

Әділеттілік пен құқықтық мәдениет

Әділетті қоғам – мықты мемлекет құрудың іргетасы. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік теңсіздікті азайту және әр азаматтың өз құқығын білуі – ұлттық сананы қалыптастырудың негізі. Президент атап өткендей, заң мен тәртіп тек қағазда емес, өмірде де толық орындалуы тиіс.

Қоғамда ұлттық деңгейде ойлауды қалай дамытуға болады?

Білім беру жүйесі

Ұлттық ойлауды дамыту балаларды дұрыс тәрбиелеуден басталады. Білім беру жүйесіне ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, патриотизм мен адамгершілікке үйрететін жаңа бағдарламалар енгізу қажет.

Азаматтық белсенділік

Әрбір қазақстандық өз елінің мәселелеріне бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді қатысуы керек. Экологиялық жобаларға атсалысу, қайырымдылық іс-шараларға қатысу, волонтерлік қызмет – бұл ұлттық ойлаудың нақты көрінісі.

Медиа мен мәдениет

Ұлттық идеяларды насихаттайтын фильмдер, кітаптар, телебағдарламалар мен әлеуметтік желілердегі контентті арттыру қажет. Бұл халықтың санасына оң әсер етіп, ұлттық рухты көтереді.

Жалпыұлттық деңгейде ойлаудың пайдасы

Жалпыұлттық деңгейде ойлау – бұл Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын жол. Әрқайсымыз жеке мүддеден жоғары тұрып, ұлт игілігі үшін еңбек етсек, еліміз жаңа белестерді бағындырады. Президенттің бұл үндеуі – біздің дамуымыздың басты қағидасына айналуы тиіс.

Бұл тек мемлекеттің емес, әрбір қазақстандықтың ортақ мақсатына айналғанда ғана, біз шын мәнінде әділетті және өркениетті қоғам бола аламыз. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: